ҚОС МЕРЕКЕ ҚУАНЫШЫ
Аудандық мәдениет үйінде жауапкершілік жүгін арқалаған екі кәсіп иелерінің төл мерекелері аталып өтті. Мерекелік іс-шараның шымылдығы екі сала иелерінің күнделікті атқарған жұмыстары көрсетілген бейнероликпен ашылды. Сонымен бірге аудан әкімі Нұрбол Ержановтың құттықтауы және марапаттау рәсімімен жалғасын тапты.
Мемлекеттік қызметшілер және полиция күні атаулы датасының бір күнде өтуі де орынды деп айтуға болады. Себебі олардың халық алдындағы міндеті ұқсас келеді. Еліне, халқына адал қызмет ете білу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Екі сала мамандары да уақытпен санаспай, тәртіпке бағынып мүлтіксіз халыққа қызмет етіп келеді. Еңселі еліміздің өркендеуі жолында және азаматтардың құқықтарын қорғайтын, тыныштығын қамтамасыз ететін сала қызметкерлері еңбегінің қандай екендігі айтпаса да түсінікті.
Салтанатты шара барысында ҚР Ішкі істер министрінің жеке құрам бойынша 2024 жылғы 2 мамыр күнгі №250 бұйрығымен Алға ауданы полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Алиев Ерлан Сәкенұлы «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен, ҚР Ішкі істер министрінің жеке құрам бойынша 2024 жылғы 18 маусым күнгі №356 бұйрығымен Алға ауданы полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Алғабай Жеңісбек Нұрланұлы «Ішкі істер министрлігінің үздігі» медалімен наградталды.
Сонымен қатар аз ғана уақыттың ішіндегі еңбегі еленіп, облыс әкімі Асхат Шахаровтың атынан «Алғыс хатпен» Бесқоспа ауылдық округінің әкімі Жандарбек Бақытжанұлы мен Сарықобда ауылдық округінің әкімі Бектұрғанов Ермек Полатұлы марапатталды. Аудан әкімі Нұрбол Ержановтың, аудандық полиция бөлімінің бастығы, подполковник Нұрбол Ибраевтың, ҚР Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша басқармасының атынан «Алғыс хаттармен» бірқатар мемлекеттік қызметшілер мен полиция қызметкерлері марапатталды.
Мерекелік іс-шара барысында саналы ғұмырын мемлекеттік қызмет саласына, оның ішінде Алға аудандық ішкі саясат бөліміне басшылық еткен көпке үлгі боларлық азамат Бекжан Аппазұлы Аппазовты зейнет жасына толуымен құттықтап, құрмет көрсетілді. Ерекше жанды дауысымен көрермендердің назарын аударған Ақай ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Мұңалбай Тоқмұрат жырдан шашу шашты. Одан бөлек ауданымыздың өнер сүйер мемлекеттік қызметшілері сала мамандарының кәсіби мерекелеріне әсем әндерін арнап, салтанатты шараның сәнін келтіре түсті.
Марал Сандыбай