Құрылтай атауы қазақ қоғамы үшін тарихи тұрғыдан маңызды ұғым. Бұрын мұндай жиындарда елдің тағдырына қатысты маңызды мәселелер талқыланған.

Бүгінде осы атаудың жаңа саяси институтқа берілуі тарих пен қазіргі заман арасындағы байланысты көрсетеді.

Бірақ мәселе тек атауда емес. Ең маңыздысы – жаңа органның қалай жұмыс істейтіні.

Бір палаталы жүйеге көшу заң шығару процесін біршама жеңілдетуге мүмкіндік береді. Бұған дейін заң жобалары екі палатада кезекпен қаралса, енді негізгі заң шығару жұмысы бір өкілді орган шеңберінде жүзеге асырылады.

Бұл шешім қабылдау процесін жеделдетуге және оны азаматтарға түсініктірек етуге бағытталған.

Сонымен бірге Құрылтайдың тиімділігі оның қоғаммен байланысында. Өкілді орган халықтың нақты мәселелерін естіп, оларды заң шығару деңгейінде қарастыра алуы маңызды.

Меніңше, қазіргі реформалардың басты мәні де осында: мемлекеттік институттарды жаңартып қана қоймай, олардың азаматтармен байланысын күшейту.

Құрылтайдың жаңа форматтағы жұмысы осы міндетті қаншалықты орындайтынын уақыт көрсетеді.

Бекжан Аппазов,
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы