Қызметке адалдық пен отбасылық бірлікті ұштастырған өнегелі әулет

 Отбасы – қоғамның алтын діңгегі, адам өміріндегі ең қастерлі ұғымдардың бірі. Береке мен бірлік, сыйластық пен түсіністік орныққан шаңырақта ғана нағыз бақыттың негізі қаланады. Елдің тыныштығы мен тұрақтылығы да осындай тату отбасылардан бастау алады.

Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қызмет ететін полиция қызметкерлері үшін отбасының орны ерекше. Себебі қызметтегі жауапкершілік пен сын сағаттарда оларды демеп, күш-қуат беретін – жанұялық қолдау, үйдегі жылулық. Осындай өмірлік қағиданы берік ұстанып, қызмет пен отбасылық құндылықты қатар алып жүрген әулеттер – елге үлгі, қоғамға тірек.

Осы тағылымды тақырып аясында өткізілген «Бақытты отбасы – бақытты ел» атты кездесу бір әулеттің ғана емес, тұтас қоғам үшін маңызды құндылықтардың мәнін ашып, отбасы мен қызметтің үйлесім тапқан жарқын үлгісін көрсетуді мақсат етеді.

Ағымдағы жылдың 25 қарашасы мен 10 желтоқсаны аралығында Алға ауданы аумағында «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенді іс-әрекет» атты республикалық акция аясында мазмұнды әрі тағылымды іс-шаралар өткізілуде. Аталған акцияның басты мақсаты – полиция қызметкерлерінің оң имиджін нығайту, отбасының қоғамдағы рөлін айқындау, отбасылық құндылықтарды кеңінен насихаттау.

Осы бағытта Ақтөбе облысы Полиция департаментінің нұсқауына сәйкес, Алға ауданы полиция бөлімінде жеке құрам қызметкерлерінің қатысуымен, ішкі істер органдарының ардагерлері мен қызметкерлерінің отбасыларымен тақырыптық кездесулер ұйымдастырылды. Соның бірі – Алға ауданы полиция бөлімінің ардагерлері саналатын Сармузиндер әулетімен өткен «Бақытты отбасы – бақытты ел» атты тағылымды кездесу.

Бұл кездесуге Алға ауданы полиция бөлімінің ҚҚБ ОТ33ҚКТ инспекторлары қатысып, отбасылық құндылықтар, өзара сыйластық пен қызметке адалдық жайында мазмұнды әңгіме өрбітті. Сармузиндер әулеті – полиция қызметін өмірлік мұрат еткен, еңбек пен адалдықты басты қағида еткен өнегелі жанұя.

Сармузин Есен Ғазизұлы ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 1990 жылы Алға ауданы полиция бөлімінде мемлекеттік автоинспектор қызметінен бастаған. Ал Сармузина Дина Еділқызы 1992 жылы осы бөлімде жетекші маман болып қызметке қабылданған. 1993 жылы шаңырақ көтерген бұл жұп полиция қызметкері мәртебесін әрдайым биік ұстап, қызмет пен отбасын қатар алып жүре білді. Олар үшін ішкі істер саласындағы 25 жылдан астам еңбек жолы абырой мен жауапкершілікке толы болды.

Есен Ғазизұлы 2013 жылы Алға ауданы полиция бөлімінің жол-патрульдік қызметі инспекторы, полиция старшинасы шенімен зейнеткерлікке шықса, Дина Еділқызы 2024 жылы көші-қон қызметі тобының инспекторы, полиция капитаны шенімен құрметті демалысқа шықты. Бұл – адал қызметтің, маңдай термен келген еңбектің айқын көрінісі.

Бүгінде Сармузиндер 32 жыл тату-тәтті, берекелі ғұмыр кешіп, бір ұл, үш қыз тәрбиелеп өсіріп, бес немеренің қызығына бөленіп отырған үлгілі отбасы. Олар отбасылық дәстүрді сақтап, бірлік пен сыйластықты басты құндылық санайды. Осындай жанұялар – қоғамның берік тірегі, ел болашағының кепілі.

«Бақытты отбасы – бақытты ел» деген ұғымның мәнін ісімен дәлелдеп жүрген Сармузиндер әулеті – жас ұрпаққа, полиция қызметкерлеріне ғана емес, барша қоғамға өнеге боларлық отбасы. Осындай тағылымды кездесулер отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, зорлық-зомбылықтың алдын алуға және ел ішіндегі бірлік пен тұрақтылықты нығайтуға өз үлесін қоса бермек.

Алға ауданы ПБ ҚҚБ ОТЗЗҚК тобы