Рамазан айы құтты болсын!

Ораза қабыл болсын!

  Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын.

Құрметті мұсылман жамағат! Баршамыз күткен Рамазан айы да келіп қалды. Рамазан — Құран Кәрім айы. Рамазан — мейірім, рахым, кешірім айы. Рамазан — тақуалық пен тәрбие айы. Рамазан — айлардың сұлтаны, күнәлардың кешірілетін айы. Өйткені бұл айда Алла Тағаланың күллі адамзатқа жіберген сонғы кітабі қасиетті Құран Кәрімнің аяттары уахи етілген.

Алла тағала осы айда әрбір мұсылманға ораза ұстауды парыз еткен. Ол туралы қасиетті Құранда: «Рамазан адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам бірден ораза ұстайтын болсын. Егер біреулер ауру болып, әйтпесе жолсапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесін. Алла сендерге жеңілдік болуын қалайды, ауырлық түсіргісі келмейді.» (Бақара сүресі, 185-аят)ramadan112

Оразаның пайдасы көп. Адамдар бір уақытта ауыз бекітіп, бір уақытта ауыз ашып тұтас бір қауымға айналады. Жомарт жанды жайсан бауырларымыз қолынан келгенше жоқ-жітіктердің жағдайын жеңілдетуге тырысады. Бұл айда жәннат есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылады. Шайтандар кісенделеді.

«Ораза» сөзінің тілдік мағынасы: тартыну, тыйылу, ал шариғи мағынасы; құлшылық ниетімен таң атқаннан күн батқанға дейін ішіп-жеуден, жыныс қатынасынан тыйылу. Хадис: «Сіздердің біріңіз ораза ұстаса жаман сөз айтпасын, дауласпасын. Оны біреу балағаттаса немесе дауласса ол; «мен оразамын» — деп айтсын.

Шариғат үкімі мен ғылыми зерттеу жұмысының қорытындысына сәйкес, мұсылмандар асыға күтетін рамазан айы биыл елімізде 19-ші ақпан күні басталады.

Енді Алла қаласа 18-ақпанда кешкісін тарауық намазы мешітте оқылады. 19-ақпанда таң сәресінде ниет етіп ауыз бекітеміз. Наурыз айының 16-нан 17-не қараған түн – Қасиетті қадір түні. 20 наурыз – Ораза айт күні.

Алла тағала қасиетті Құран Кәрімде «Әлде кім тазарса, ол құтылады. Ол раббыңның атын еске алып намаз оқыды». Тәпсірші ғалымдардың айтуы бойынша «тазарса» деген сөз пітір садақаны берген адамды білдіреді. «Ол Раббының атын еске алып» деген айт намазында тәкбір айтуды білдіреді  Алла тағала пітір садақаны бізге жоғары мақсаттарға жетуіміз үшін міндеттеген. Сонымен қатар пітір садақа адамның ораза кезіндегі жіберген қателері мен кемшіліктерін толтыру үшін беріледі. Ораза  тұнғыш рет мұсылмандарға парыз болған Расуллаһ (с.ғ.с.) пітір садақаны үмбетіне уәжіп етіп оны беруді бұйырды. Сондықтан Әбу Ханифа (р.а) мәзһабында пітір садақаны беру уәжіп болып саналады. Пітір садақаны рамазан айының басынан  айт намазына дейін  беруге болады. ҚМДБ Төралқа мәжілісінің шешімімен биыл бір адам атынан берілетін пітір садақа мөлшері 735 теңге деп бекітілді.

Аллаһ тағала оразаларымызды қабыл етсін. Жасаған амалдарыңыз, берген садақаларыңыз, оқыған дұғаларыңыз қабыл болып, барлық игі істеріңізге бір Аллаһ жар болсын. Әмин!

 

Абдувахид Абдукаримұлы,

«Хазрет Мұхаммедқазы Меңдіқұлұлы»

атындағы Алға аудандық мешіт имамы