Реформалардың мәні – 3: ХХІ ғасырдағы ұлттың жаңа сапасы

Біз бұған дейінгі мақаламызда ХХІ ғасыр адамзат үшін шын мәнінде енді ғана, яғни ширек ғасыр өткеннен кейін басталғанын айтқан едік. Оның басты белгісі өткен жүзжылдықтың екінші жартысында қалыптасқан іргелі геосаяси негіздер тепе-теңдігінің бұзылуы болды. Сол кезде біз Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жаңа дәуірдің сын-қатеріне төтеп беру үшін жасаған жүйелі екі қадамын талдаған едік. Оның біріншісі – саяси реформалар арқылы мемлекеттің ішкі тұрақтылығын нығайту, екіншісі – экономикалық жүйені құбылмалы әлемге бейімдеуді көздейтін экономикалық реформалар. Ал Жаңа Қазақстанның үшінші тағаны қандай болмақ?

ТАРИХТАН ТАРТЫЛҒАН КӨПІР

«Мен кіммін? Қайдан келдім?
Мені өгейсінбейтін ел бар ма?»
«Сұлтан Бейбарыс» фильмі (1989)

Әдетте, біз адамзат немесе ұлт тари­хын өткеннің қойнауында қалған дү­ние се­кілді қабылдаймыз. Сондықтан оның қазіргі өмі­рімізге тікелей қатысы жоқ­тай көрі­не­тіні бар. Әрине, тарих­тың ықпа­лын ешкім жоқ­қа шығара алмайды. Де­сек те, біз өткен­ге өткел салып өту мүм­кін емес деп есептей­тіні­міз жасырын емес. Бірақ кейде тарихтың тіл­сіз куәсі – тас­қа, қабырғаға, сынған тос­та­ғанға қо­лы­мыз тисе, кенеттен кеше мен бүгінді жал­ғайтын көпір пайда бол­ған­дай, дәуір­ді дәуірге ұластырған жүйке та­мыр­­дың бүлкілдеп соққанын сеземіз.
Мемлекет басшысының тапсыр­ма­сы­мен 2023 жылғы жазда Мысыр мен Си­рия­ның сұлтаны, крест жорықтарына жә­не моң­ғолдарға тойтарыс берген мәм­лүк, ұлы бабамыз Бейбарыстың 800 жыл­­­дығына орай Каирге бардық. Басты мақ­сатымыз – Қазақстан мен Мысырдың бір­лескен жо­басы, ХІІІ ғасырда Бейбарыс салдырған ме­­­шіттің ашылу салтанатына қатысу еді. Ны­санды қалпына келтіру жұ­мыстары бі­раз жылға жалғасқаны белгілі. Нәтижесінде, бұл тарихи жәдігер өзінің рухани бол­мы­сын жоғалтпай, қазіргі заманның сән-сал­танатына сай келетін заманауи кешенге ай­­налды. Бізге, әсіресе, ондағы архи­тек­туралық шешім ұна­ды. Себебі заманауи технологиялар мен көне негіздің астасуы өт­кеннен бо­ла­­шаққа салынған көпір іс­петті көрін­ге­ні рас.
Сол кезде ерекше бір күйді бастан кеш­тім: бір сәтке туған жер мен тұрған жер­дің арасындағы бес мың шақырым­ның бар-жо­ғын сезбей қалдым. Өйткені талантты қо­лөнершілер қалпына кел­тір­ген сонау ХІІІ ғасырда бедерленген та­ныс ою-өр­нектер, екі түсті кірпіштен қа­ланған қа­бырғалар – бәрі жүрегімізге жа­қын дүние­лер еді. Бәлкім, біздің даңқ­ты жерлесіміз өзінің бала кезінде Ұлы Дала төсінде қо­лына алған жусанның иісін сезініп, осылай бол­са да Отанына орал­ғандай күй кешкісі кел­ген болар?!
Осындай сәттерде өзіңді бүгінгінің ға­на емес, одан анағұрлым үлкен жара­ты­лыс­тың бір бөлшегі сияқты сезінетін күй бо­лады. Өзіңнен бұрынғылар мен кейін­гі­лердің ой-армандарын, рухын, қай­ғы-мұңы мен үмітін ұрпақтан-ұрпақ­қа жалғап, бойына сіңірген біртұтас, үз­дік­сіз, тірі са­на­ның бөлігі екеніңді ұғы­на түсесің.
Осы тұрғыдан алғанда, Ұлы Дала – та­ри­хи-географиялық кеңістік қана емес,
ол – ұжымдық санадағы рухани өл­шем. Оған дем беріп отырған көнерген қияндағы бейсаналы импульстер емес, мыңжылдық жолдағы мәдениеттермен, сынақтармен және жеңістермен бетпе-бет келгенде туған эмоционалды тәжі­ри­бе. Міне, біздің бірегейлігіміздің та­мы­рын осы тұстан іздеу керек. Көптеген ға­сыр бойы бұл жанды кеңістіктің ар­насы тарамдалып, әлемге жаңа қан та­рат­са, тартылуға шақ қалған кездері де болды. Жеңістердің атасы атан­ған әл-Мә­лік аз-Захир Рукн ад-Дин Бей­ба­рыс қай­та оралуды армандаған осы кеңіс­тік­тің бүлкілдеп соғып тұрған геог­ра­фиялық және рухани жүрегі, «әлемнің кін­дігінде» орналасқан мекен, ол – Қазақ­стан. Бұрын солай болған, қазір де солай.
Себебі әлемнің қай түпкірінде жүр­сек те, тағдыр қаншама тамаша жерлерге же­телеп апарса да, мұрынды жарып, кеу­дені кер­ген дала жусанының иісіне же­тетін еш­нәрсе жоқ.

ТАРИХ ТАСҚЫНЫНДА ЖОҒАЛМАУ

Осылайша, қалыптасқан парадиг­ма­лардың бұзылуы ХХІ ғасырдың өзіндік ерекшелігіне айналды. Яғни, жаһан­дық қауіп-қатердің өрши түсуі, ха­лық­ара­лық ортақ өмір сүру қағидаттарының де­фор­мациялануы және ұлтшыл-попу­лизм­нің кең таралуы уақытша дағдарыстың өз­герістері ғана емес, бүгінгі күннің шын­дығын айқындайтын белгілер. Қазақстан осы біртұтас әлемнің ажырамас бөлшегі ре­тінде бұл үдерістерден қалыс қала ал­май­ды.
Ал тарихтың осынау асау толқынына жұ­тылып кетпеу үшін мемлекетке мыз­ғы­мас ішкі өзек қажет. Бұл дегеніңіз, эко­но­мика да, саяси жүйе де емес. Себебі олар бел­гілі бір аумаққа және ондағы адамдар­дың менталитетіне тәуелді емес әмбебап ұғымдар десек, қателесе қоймаймыз. Ал ішкі өзек болса, бірегей, берік, ұлтты ұйыс­тыра­тын дүниелерге табан тірейтіні анық.
Яғни, бөлшектеуге келмейтін бірегейлік қа­на жалпыға ортақ дағдарыс дүрбелеңінде ұлт­тың ыдырауына жол бермейтін мо­ле­кулярлық байланыс бола алады. Бұл – бар­лық азаматтың өзіне ғана тән мәдени-бол­мыстық құндылық матрицасына жата­ты­нын сезінуі.
Аталған тезисті жақсырақ түсіну үшін біз ұлтты адаммен салыстырып көрейік. Адам тұлғасы Өзім және Өзге деген түсінік ар­қы­лы өзін өзгеден бөлектейді. Біз және Олар. Ұлттың өзін-өзі тануы осындай оп­позициялық ұстанымнан басталып, оның қор­шаған геосаяси ортадан жойылып кет­пеуінің кепілі болады.
Қуатты ұлттық бірегейлік шығу тегіне, әлеу­меттік жағдайына, діни немесе саяси көз­қарастарына қарамайды. Біз айтқан ішкі өзек дегеніміз – осы. Сол ғана Қазақ­станды біртұтас өміршең ағзаға біріктіре отырып, негізгі күштер мен сыртқы сын-қатерлерге төтеп бере алады. Егер саяси жүйе – оның тірегі, экономика – өмірлік нәрі болса, бірегейлік – ұлттың жаны, мәні, еркі мен рухы.
Бұл салыстыру – романтикалық абст­рак­ция емес. Себебі Самюэль Хантингтон­ның пікірінше, оның сипаттамалары көзге көрінбейтіндей, қолға ілінбейтіндей сан түрлі мазмұнда болса да, ұлттық бірегей­лік­тен ұлттық мүдде туындайды. Сондық­тан ұлттың мүддесін тұтас айқындау біздің кім екенімізді және басқалардан қалай ерекшеленетінімізді түсінуімізге тікелей байланысты. Ал мұны түсініп алмай, мем­ле­кет пен қоғамның одан әрі дамуын бол­жау мүмкін емес.
Осыдан келіп, мынадай сұрақ туын­дай­ды. Жалпы, Қазақстан дегеніміз не? Ол эт­ностық тұтастық па, әлде ортақ азамат­тық біріктірген өз қазанында қайнаған этномәдени суббірегейлік пе? Ұлттық коктейльдің ингредиенттерін біріктіретін не? Мәдениет, туыстық, саяси құндылықтар, ортақ тарих немесе болашаққа деген көз­қарас па? Егер біріктіруші мәдениет болса, ол біртұтас па, әлде көпмәдениетті ме? Этностық, діни, әлеуметтік және саяси біре­гейліктен биік тұратын баршаға ортақ супер-бірегейлік бізге тән бе?
Осы сұрақтарды қоюдың өзі ықтимал жауап­тың көп болатынын меңзейді. Қым­батты оқырман да солай ойлайтыны анық. Бірақ біз бұдан қысылмауымыз керек. Өйткені ХХІ ғасыр – басқаларды айтпа­ғанда, ұлттық бірегейліктің өзі әлемдік дағдарысқа тап болған дәуір.
Бұл дағдарыс барлық жерде байқалады және жаһандық сипатқа ие. Одан бай-қуат­ты Батыс Еуропа да, АҚШ та тыс қала алған жоқ. Бұған дәлел америкалық балқыту қаза­нының классикалық моделі бірнеше фактордың күшті қысымымен негізгі англо-протестанттық бірегейлік әлсіреген тұста сыр беруі айқын дәлел бола алады. Бұл қандай факторлар? Олар: Латын Аме­рикасы мен Азиядан жаппай көшу, мәдени әралуандықтың кеңінен таралуы, нәсіл, этнос және жыныстық белгілер ұғым­да­рына негізделген топтық бірегейліктің ор­нығуы, диаспоралардың, космополитизм мен элитаның трансұлттық өзіндік біре­гейлігінің күшеюі.
Осылайша, дәстүрлі америкалық біре­гей­лік кейінгі сегіз-тоғыз жылда айтар­лық­тай дағдарысқа тап болды. Таразының бір ба­сында «Black Lives Matter» ұранымен жап­пай наразылықтарға ұласқан нәсілдік дағдарыс тұр. Ал оның екінші басына АҚШ-тың ішкі және сыртқы парадиг­масының түбегейлі өзгерісі орналасқан. Осының нәтижесінде «Make America Great Again» деген ұранды ту еткен Дональд Трамп АҚШ-тың 47-ші Президенті болып сайланғаны мәлім. Кейінгі жылдары №1 әлемдік держава Американы ұлы ел еткен ұлттық біре­гейліктің тамырына оралу үшін жасаған BLM-нен MAGA-ға дейінгі бұл күрт бетбұрыс осы материалдық емес категория­ның әлем тағдырындағы шешуші мәнін көр­сетеді.
Осыдан келіп шығатын қорытынды: әрбір мемлекет үшін алдымен – ұлттық бірегейлік, содан кейін ғана – экономика мен саясат. ХХІ ғасырдағы кез келген елдің мемлекеттік басымдықтар үштігінің орнын осылай айқындауға болады. Меніңше, бұл артық айтқандық емес.
Сондықтан 2022 жылғы бетбұрыс кезеңінен бастап, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстан құру туралы бастама көтеріп, өзінің реформалық күн тәртібіне ұлттық бірлік мәселесін қос­ты. Сондай-ақ Президентіміз: «Біз «Түрлі көз­қарас, біртұтас ұлт» қағидатын берік ұстануымыз керек» деп, оған еліміздің бар­лық азаматы үшін ортақ бірегейлік құн­дылығы тұрғысынан назар аударды. Мем­ле­кет басшысы осылайша ұлттың жаңа са­па­сын және барша азаматқа ортақ құнды­лық­тарды қалыптастыру жолында бәрімізді ұлттық бірегейлікті нығайтуға шақырып отыр.

ҚАТАР ЖОЛДАР ТОҒЫСПАЙДЫ

Осы ретте скептиктерді сөйлетсеңіз, олар былай дер еді: біріншіден, біз мұның бә­рін өткен отыз жылда бірнеше рет естідік; екіншіден, мемлекеттің бұрынғы басшылары Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап ұлт­тық бірлік пен ортақ бірегейлік мәсе­ле­лерімен айналысып келді.
Шындығында, өткен отыз жылдан астам уақыт ішінде қазақстандық бірегейлік пен ұлт санасын жаңғырту қажеттілігі туралы мәлімдемелер билік дискурсы үшін ортақ мәселеге айналды. Олай болса, сіз бұрынғы кезеңдегі ұлт құру саясаты мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазіргі рефор­малары арасында түбегейлі айырмашылық бар ма деп сұрайтыныңыз анық.
Спойлер: айырмашылық бар және ол ай­тар­лықтай үлкен десек, артық емес.
Бұл пікірімізді дәлелдеу үшін бәрін ба­сы­нан сараптауымыз керек. Ең алдымен, біз өзі жас ұлтпыз ба? Жауап: иә және жоқ. Өйт­кені Тәуелсіздік алған сәтті жаңа ұлттың пай­да болуының бастауы деп санауға да болар еді. Бірақ, сонымен бірге, мұны кем де­ген­де 13 ғасыр бұрын немесе одан ертерек, біз­дің жерімізде, мәдениетіміз бен генімізде өз ізін қалдырған сақтардың, ғұндардың жә­не ежелгі түркілердің көшпелі өркениет­терінен басталған тұтас әрі ұзақ тарихи тіз­бек­тің табиғи жалғасы деп қарастырған жөн. Тікелей біздің ұлтымыздың Қазақстан ау­мағында қалыптасуы бүгін немесе тіпті 30 жыл бұрын да басталған жоқ. Ол бір-бірімен астасып жатқан екі үдеріспен байланысты: бірін­шісі – қазақ этносының Жошы Ұлысын­дағы халықтардың конгломератында пайда бо­лып, бөлінуі, кейін 300 жылдан астам уа­қыт бойы өз мемлекеттілігі шеңберінде дамуы, екіншісі – Қазақ Кеңестік Социа­лис­тік Республикасы құрамындағы көпэтносты бірегей халықтың қалыптасуы.
1991 жылдан бастап бұл үдерістердің екеуі де құқық тұрғысында мирасқор мем­ле­кет Қазақстан Республикасында егемен ұлттың құрылысы ретінде жалғасын тапты. Мұн­да екі жолды ажыратып көрсету керек. Өйткені төменнен – мемлекеттік егемендік пен нарықтық экономика жағдайындағы қо­ғам­дық «өзін-өзі құрудың» стихиялық, та­би­ғи процесі жүрді. Ал жоғарыдан – кө­пэт­носты кеңестік дәуірден кейінгі халық­ты жаңа типтегі азаматтық бірлікке интег­ра­циялау жөніндегі мемлекеттік ішкі саясат жүзеге асырылды.
Әрине, бұл екі жол да бүгінде этносқа, нә­­сілге немесе әлеуметтік мәртебеге қара­мас­тан, бізге танымал сипат берген дәс­түр­лердің, әдеттердің, мәміленің, өмірлік тәжі­рибенің, мақсаттардың, құндылықтар мен мұраттардың бастапқы синтезі болған ортақ нәтижеге әкелді. Бұл ортақ нәтиже – шетелде жүріп те, бір-бірімізді жазбай танитын адам­ның сипаты.
Алайда «жоғарыдан» басталған жол ана­ғұрлым қиын болып шықты және ол бас­талған жерінен алыстаған сайын алғашқы импульс энергиясын жоғалта берді. Біз қазір ішкі, сыртқы, экономикалық, әлеуметтік және тағы басқа бағыттардан тұратын жал­пы мемлекеттік саясат туралы емес, мақ­сат­ты мемлекеттік ұлт құру жобасы туралы ай­тып отырмыз.
Расымен, бұл бағыттағы алғашқы бас­тама­лар, соның ішінде Конституцияда бекі­тіл­ген қадамдар, жақсы әрі нәтижелі болды. Бірақ кейіннен нақты әрекеттер декларативті дүниелерге ұласып, тақырыптық дискурстың тұң­ғиығына батып кетті. 2015 жылы Пре­зи­дент Жарлығымен қабылданған Қазақ­стан­ның бірегейлігі мен бірлігін нығайту және дамыту тұжырымдамасын бүгінде ешкім есіне түсіре қоймас. Бірақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы көпшіліктің санасынан көше қой­маған шығар. Дегенмен мазмұн жағынан белгілі бір инновациялық сипатқа ие бол­ғанымен, ол да бюрократиялық құжаттама мен есептердің арасында жоғалып кетті.
Сондай-ақ Қазақстанның 2050 жылға дейін­гі даму стратегиясы жазылғаны белгілі. Онда дамыған 30 елдің қатарына кіру жос­парынан бөлек, халқымыздың тарихи са­насының өзегі ретінде бүкілқазақстандық бірегейлік алға шығарылды. Сонымен бір қа­та­рда дамып келе жатқан қазақстандық азаматтық қоғамдастықтың біріктіруші негізі ретінде қазақ халқының рөліне мән берілді.
Бұл екі тезис бір-бірімен байланысты секіл­ді көрінсе де, нәтижесінде бізде қос бірегейлік фактісінің бар екенін көрсетті. Оның бірі – дамып жатқан азаматтық біре­гейлік, ал екіншісі – полиэтностық электрон­дар үшін тартылыс ядросы болатын қазақ этносының бірегейлігі. Ал мұның бәрінің бір арнаға тоғысуы тек 2050 жылға қарай толық аяқталады деп күтілген еді.
Осылайша, Қазақстан халқының өзіндік бірегейлігінің екі деңгейі тіркеледі: бірінші-сі – ортақ саяси құндылықтарға негізделген біртұтас азаматтықтан туындайтын баршаға ортақ бірегейлік, екіншісі – қазақ этносының бірегейлігі. Сәйкесінше, екі бірегейлікті, Қа­зақстан азаматы мен қазақ этносының біре­гейлігін қатар дамытуға ұзақмерзімді бағыт берілді. Оған сәйкес ұлтты жасанды түрде құрастырылмаған, адамдар қолдайтын шынайы құндылықтар негізінде баршаға ортақ бірегейлік аясына ұйыстыру міндетін шешу кем дегенде 2050 жылға дейін ше­герілді.
Міне, «ескі» және «жаңа» Қазақстан ара­сын­дағы ұлттық бірегейлікті қалыптастыру мәселесі осы жерден екіге ажырайды.

«ТОҚАЕВ МОДЕЛІ»

Сонымен, ұлттық бірегейлік мәселесін­дегі ескі және жаңа көзқарастардың айыр­ма­шылығы неде? Бұрын ұлт құру процесі, негі­зінен, стихиялы болды және оған «жо­ғары­дан» ықпал ету әрекеттері декларативті тетік­терді қабылдаумен шектелді. Сондай-ақ бұл жұмыстың барлығы мемлекеттің ақ­параттық тапсырысымен орындалатын БАҚ-тағы тақырыптық дискурспен тәмамда­латын. Ал «Тоқаев моделі» болса, мемлекет пен қоғамның ұлтты біріктіріп қана қоймай, оған ХХІ ғасырда жаңа сапа бере алатын ортақ құндылықтарды іріктеу және әзірлеу жөніндегі проактивті қызметін ұсынады.
Дәл осылай екі бірегейліктің орнына елді бө­ліп-жармайтын жаңа тәсіл алға шыға бас­тады. Осынау «Тоқаев моделі» Тәуелсіздік алға­лы бері бір жүйеге түскен және көпшілік қа­былдаған ортақ мәдени, саяси, экономи­ка­лық, тұрмыстық, дәстүрлі, өмірлік құнды­лық­тар кешенін негізге алады. Бұл үлгі елі­міздің азаматтарын жікке бөлмейді, кері­сін­ше біріктіреді. Мұның бәрі, түптеп келгенде, жаңа жалпыұлттық бірегейліктің іргетасы болып қаланады. Бұл – уақыт талабына сай ны­ғайту мен жетілдіру арқылы жұмыс істеу­ге болатын және соған қажет берік қоспа. Ескеретін жайт: оның барлық құраушы бөл­шектері механикалық қоспа емес, қорытпа, яғни, түрлі құрамдас бөліктердің жаңа біре­гей мәнге сапалы трансформация­лануы­ның нәтижесі.
Бұл қорытпаның бірегейлігі сол – ол әр­түрлі мәдени құндылыққа негізделген эле­менттердің бітеқайнасып кетуімен ғана ай­қындалмайды. Сондай-ақ Қазақстан хал­қы­ның жалпыұлттық бірегейлігінің негізгі сипаты – «қазақы» мәдени кодтың басым болуымен де дараланып тұрады. Бұл, шама­мен, «ағылшындық», британдық бірегейлік­тің болмысын айқындайтын жағдайға ұқ­сайды. Бұл ретте қазақы бірегейлік те басқа дәстүрлердің мәдени элементтерін өзіне қабылдайтынын назарда ұстаған жөн.
Дәл осы қазақы мәдени код элементтері ортақ азаматтықпен және өзге де ортақ құн­дылықтармен бір қатарда тұрады, алуантүрлі сипаттағы бірлікті қамтамасыз ететін маңыз­ға ие. Сонымен бірге бұл ұлтқа, көзбен көріп, қолмен ұстау мүмкін емес, өзгелерге ұқса­майтын ерекшелік сыйлайды. Соның арқа­сында біз шетелдіктер арасынан «қазақ­тарды» этностық тегіне қарамастан, жазбай тани аламыз.
Бұл модельдің мәнін Мемлекет басшысы 2023 жылы былайша тұжырымдап берді: «Бү­гінде азаматтарымыздың барлығы өзде­рін үлкен әрі біртұтас қазақ отбасының, шын мәнінде, қазақ елінің мүшесі сезінеді. /…/ Осы ретте біз мақтаныш ететін этномә­дени әралуандығымыз ешқайда жоғалып кет­пейді. Керісінше, біртұтас азаматтық не­гіз есебінен нығая түседі. Елімізде түрлі мә­дениет дәстүрлері жалпыұлттық біре­гейліктің берік іргетасы болып қаланатын өзімізге тән айрықша өмір сүру салты қа­лыптасты».
Ұлт құрылысының аморфтық, бет-әл­петсіз, субъектісіз жалпыазаматтық моде­лі­нен қазақ мәдени генотипінің айқын субъек­тивтілігіне ауысуы – «Тоқаев моделінің» басты маңызды ерекшелігі. Бұл жекелеген бірегейліктердің «біртұтас қазақ отбасының» аясында бір мәдени-ақыл-ой матрицасына ұласуынан көрінеді. Мұның бәрі – ешқандай қы­сымсыз немесе мәжбүрлі ассимиля­ция­лаусыз, тұрғылықты жердің, мәдени орта­ның және сандық фактордың ықпалы­мен болып жатқан табиғи процесс.
Осы пікірімізге Мемлекет басшысының: «Даңқты отандастарымызды, спортшы­лары­мызды, мәдениет қайраткерлерімізді, ғалым­дарымыз бен студенттерімізді, кәсіп­кер­лері­мізді шыққан тегіне қарамастан, шетелде үне­мі қазақтар деп атайды. Бұл – табиғи құ­былыс. Солай болуға тиіс», – деген ұстаны­мы дәлел.
Объективті үдерістерді негізге алу – «Тоқаев моделінің» тағы бір ерекшелігі. Бұл – түп-тамырдан алшақтатып, негізсіз шығын­дар­ға ғана әкелетін күрделі конструкция­лар­ды, доктриналар мен бағдарламалар жа­сауға тырысудан түбегейлі бас тарту деген сөз.
Алайда осы қарапайымдылық жағдайды жүгенсіз жіберу дегенді білдірмейді. Кері­сінше, бұл – оқиғалардың қалыпты ағынына жәрдемдесу, бағытты түзеп, жолда кездескен кедергілерді еңсеріп, кедергілер туғызбай, қоғам көшіне ілесіп отыру. Айкидо қағидаты да осыған саяды. Яғни, ол – табиғи процес­тердің энергиясын ақырын, бірақ анық, тұншықтырмай әрі тежемей мақсатқа бағыттау. Сонымен қатар ол – қарсы қоймай ортақ мүдделерді іздеу, ассимиляцияламай интеграциялау.
«Тоқаев моделінің» тағы бір маңызды құрамдас бөлігі – прагматизм және нәтижені көздеу. Соның негізінде дискурс шындығын іс-әрекет шындығы алмастырды. Тиімділігі күмәнді, ұзаққа созылатын, бірінен-бірі туындайтын бағдарламалардың орнын нақ­ты істер басты. Осыған қарап, Жаңа Қазақ­стан дегеніміз амалдың сөзден басым түсуі деп айта аламыз. Бұл 15 жылға жуық уақыт тұралап қалған ауқымды ЛРТ жобасының Мемлекет басшысы араласқаннан кейін 2025 жылдың күзінде тест-драйвтан өтуге дайын болуынан да көрінсе керек.
Ұлт құру ісіндегі бұл прагматизм барлық ба­ғыттан байқалады. Әсіресе, поп-мәде­ниетті, фильмдерді, сәнді, тамақты, спортты, әлеуметтік желілердегі контентті қалыптас­тырушы әсерді туындататын негізгі бағыт­тарды саналы түрде қолдау мен насихаттау­дан да көрінеді. Қалыптастырушы әсер деп отыр­ғаным – ұлттық трендтердің, көп жағ­дайда, жастар арасында қалыптасуы­на барын­ша кең және терең әсер ететіндей тарал­­ған көңіл күй толқыны. Мұнда да «қа­за­­қылықты» сәнге айналдырған креативті ин­дустрия «Тоқаев моделінің» негізгі басым­ды­ғы екенін атап өткен жөн.
Бұған нақты мысалдар аз емес. Себебі кейін­гі жылдары Димаш Құдайберген, Ирина Кайратовна, Қазыбек Құрайыш, Мирас пен басқа да жаңа толқын Q-pop орын­даушылары арқылы қазақ поп-музы­касы әлемге таныл­ды. Қазақ киноин­дуст­риясы қарқын алып, соңғы екі-үш жылда фешн-және гастро-индустриядағы этно­бағыттар алға шықты. Әлеуметтік желілерде ұлттық тақырыпқа ар­налған авторлық роликтердің саны да, са­пасы да артты. Мұ­ның бәрі – біздің пікірі­міздің дұрыс екенін рас­тайтын дәлелдер.
Жалпы, Мемлекет басшысы креативті индустрияны ұлттық жаңғырудың маңызды тетігінің бірі ретінде қарастыруы тегін емес. Себебі дәл осы салада soft power, яғни жұм­сақ күшті пайдаланудың берері мол. Бұл істе ешкімді мәжбүрлеу, күшпен көндіру немесе медиа гипнозды қолданудың қажеті жоқ. Қайта тартымды трендтер қалыптастыру арқылы жеке қызығушылыққа және эмоция­ға әсер ететін тетіктерді жандандыру айрық­ша мәнге ие.
Түптеп келгенде, болашақтағы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолын айқындау және содан келіп туындайтын ұлттық ренессанс «Тоқаев моделінің» негізгі қағидаты саналады. Мемлекет басшысы атап өткендей: «Жас ұрпақ тарих тағылымын және елдің жарқын болашаққа ұмтылысын бір арнаға тоғыстырып жатыр. Осылайша, олар ұлттың рухын жаңғыртуда. Осы серпілістің қарқынын сақтай отырып, оны күшейте түсу – мемлекеттің міндеті. Бұл міндетті абыроймен атқарсақ, қазақтың ре­нессанс дәуірі, яғни түбегейлі өзгерістер заманы келеді».
ХХІ ғасырда ұлтты қайта жаңғырту 2050 жылдарға көздеген бұлыңғыр меже емес,
ол – орта мерзімде нақты қол жеткізуге бола­тын айқын мақсат. Бұл жолда ұлт өзін бір отбасы ретінде сезінуге тиіс. Бұл отба­сы­ны ортақ құндылықтар және еліміздің ұзақ­мер­зімді даму перспективаларына деген ор­тақ көзқарас байланыстыруы шарт. Ал мұ­ны тек ұлттық диалог арқылы ғана жүзеге асыруға болады. Халық үніне құлақ асатын мем­лекеттің жаңа институты – «тарих тағы­лымы мен жарқын болашақты» тоғыс­тыра­тын Ұлттық құрылтай дәл осы мақсатпен құрылды.