Стратегиялық бағыттың сабақтастығы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауының тарихи маңызы ерекше. Өйткені бұл – еліміздің жаңа конституциялық жағдайындағы Қазақстан халқына арналған алғашқы Жолдау.

Осы кезеңде аталған Жолдау биылғы елдің одан әрі даму бағытын айқындаған аса маңызды әрі шын мәнінде тағдыршешті сая­си уақиғалар тізбегін түйіндеді деуге болады.

Мемлекет басшысы өз Жол­дауында ел дамуының жаңа кезе­ңіне арналған бағдарламалық пайымын, стратегиялық басым­дықтары мен ұзақмерзімді бағ­дарларын ұсынды. Оның ел аза­маттары тарапынан зор қызығу­шылықпен қабылданғанын көріп отырмыз. Бұл да кездейсоқ емес. Халық шынымен де осы маңызды саяси оқиғаны асыға күтетін, оның мән-маңызын түсінетін әрі өз өміріндегі үміт-тілектерін онымен байланыстыратын болды. Ал бұл – қоғамдық сананың қаншалықты өзгергенінің басты көрсеткіші әрі Президент жүзеге асырып жатқан ауқымды реформалардың тікелей нәтижесі.

Сонымен қатар халықтың Жол­дауға деген қызығушылығы заңды құбылыс. Өйткені Мемле­кет басшысының әр үндеуінің артында азаматтарға, олардың әл-ауқаты мен бола­шағына деген қамқорлық тұр. Бүгінде адамдар бұл қамқорлықты нақты шешімдерден көріп қана қоймай, мемлекеттік саясаттың өзегінде адам тұрғанын да сезінеді. Бұл – аса маңызды мәселе.

Оның үстіне, аталған қағидат еліміздің жаңа Конституциясында да бекітілді. Басқаша айтқанда, бұл енді жай ғана маңызды саяси бағдар емес, еліміздің алдағы даму үдерісі негізделетін іргелі қағидатқа айналды.

Сонымен бірге Жолдауға деген қызығушылық Қазақстан шекарасынан да әлдеқайда асып түседі. Бүгінде елімізде болып жатқан өзгерістер оның ішкі дамуына ғана емес, экономикалық келешегіне, Орталық Азиядағы рөліне және халықаралық аренадағы ұстанымына да ықпал етіп жатыр. Сондықтан Мемлекет басшысының Жолдауларын шетел­дік сарапшылар мен аналитиктер де мұқият зерделей бастады. Олар Жолдау­лар­дан Қазақстанның қай бағыт­ты таңдап отырғанын, ұзақмер­зім­ді мақсаттарын, сондай-ақ ең бас­тысы, еліміздің әлемдік қоғам­дас­тықта қандай орын алуды көз­дей­тінін түсінуге мүмкіндік көреді.

Ал биылғы Жолдаудың логи­касын және онда белгіленген бағдарлардың маңызын тереңірек түсіну үшін өткен жылдарға көз жүгірткен жөн. Жолдауларды уақыт ағымындағы сабақтастық тұрғысынан қарастыратын бол­сақ, еліміздің алдында тұрған жалпы­ұлттық мақсаттардың бірізділігін айқын байқауға болады.

2022 жылы басты назар саяси жаңғыру мен конституциялық реформаға аударылса, 2023 жылы жаңа экономикалық бағытқа көшу мәселесі күн тәртібіне шықты. Ал 2024 жылы заңдылық пен тәр­тіпті нығайту, экономикалық өсімді қамтамасыз ету және азамат­тардың әл-ауқатын арттыру мәсе­лелері басымдыққа ие болды. Өткен жылы еліміз технологиялық дамудың жаңа кезеңіне қадам басып, цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні дамытуға басымдық берді.

Алғаш қарағанда, бұл тақы­рыптар бір-бірінен өзгеше көрі­нуі мүмкін. Алайда өткен жыл­дарға көз жүгіртіп, тұтас қарас­тыратын болсақ, әрбір Жолдау­дың алдыңғысының заңды жалғасы екенін, ал онда қойылған міндет­тердің елді жүйелі түрде жаң­ғыр­тудың біртұтас көрінісін қалып­тастыратынын аңғарамыз. Ең маңыздысы – осы сабақтастықтың нақты нәтижелер арқылы расталып отырғаны.

Жолдауларда белгіленген мін­деттер біртіндеп практикалық шешімдерге ұласып, жаңа заң­дар мен кодекстерден, мемле­кеттік бағдарламалардан, инфра­құ­рылымдық және инвестициялық жобалардан көрініс тауып жатыр.

Экономика саласындағы нәти­желер де ауыз толтырып айтарлық. Кейінгі жеті жылда елде жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) шамамен 53 пайызға өсіп, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 15 мың доллардан асты. Мемлекет басшысы Жолдауда атап өткендей, Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, биыл еліміздің ІЖӨ көлемі 400 мил­лиард дол­лар­ға жуықтап, жан басына шақ­қандағы ІЖӨ 19 мың доллардан аспақ.

Бұл көрсеткіштерді бұған дейін жарияланған болжамдармен салыстырсақ, олардың мәні тіпті айқындала түседі. 2024 жылғы қаңтарда Президент «Egemen Qazaqstan» газетіне берген дәстүрлі сұхбатында 2028 жылға қарай жан басына шаққандағы ІЖӨ 16,8 мың долларға жетеді деген болжамды келтірген болатын. Яғни бұған дейін 2028 жылға қарай қол жеткізу жоспарланған көрсеткішке енді 2026 жылдың өзінде-ақ жету болжанып отыр. Бұл еліміздің белгіленген экономикалық межелерге жүйелі түрде жақындап қана қоймай, болжамды бағалаулар бойынша, бұрын межеленген мерзімдерден де озып келе жатқанын көрсетеді.

Алайда Мемлекет басшысы бірнеше рет атап өткендей, экономикалық өсім өздігінен түпкі мақсат болып саналмайды. Ең бастысы – оның нәтижелері азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етуі керек. Бұл бағытта да айтарлықтай нәтижелер бар. Кейінгі жеті жылда әлеуметтік салаға 88 трил­лион теңге бағытталды. Бұл – білім беру, денсаулық сақтау және азаматтарды әлеуметтік қолдау салаларына салынған қаражат. Осы кезеңде елімізде 1300-ден астам жаңа мектеп, 1483 балабақша және 1259 медициналық мекеме ашылды. 118 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 36 мың шақырымнан астам автомобиль жолы салынып, жөндеуден өтті. Бұл сандар атқарылған жұмыстың ауқымын ғана емес, адамдардың күнделікті өміріндегі нақты өзгерістерді де көрсетеді.

Биылғы Жолдау да бұрын белгі­ленген стратегиялық бағыттың сабақтастығын сақтайды. Алайда оның мәні кезекті бағдарламалық құжаттың аясынан әлдеқайда кең. Негізінде, бұл – жаңа тарихи кезеңнің саяси формуласы. Жолдаудың негізгі өзегінде бас­ты қағидат айқын көрініс табады – мемлекет ондаған жылдарға бағдарланып, 50-100 жыл алға көз жүгірте отырып ойлауға тиіс. Президент ұстанымының айрықша көрегендігі де осында – бүгінгі міндеттердің аясымен шек­телмей, одан әріге көз жүгірту, бір сәттік нәтижелер мен қысқамер­зімді саяси ұпайларды емес, Қазақ­станның ондаған жылдан кейін қандай елге айналатынын ойлау.

Сондықтан Жолдауда ұзақмерзімді перспективаға бағыт­тал­ған жобаларға басымдық берілген. Соның айқын мысалы – Мемлекет басшысының 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жария­лау жөніндегі бастамасы. Әң­гіме жолдарды жаңғырту, заманауи ауруханалар мен пери­наталдық орталықтар, мектептер, әуежайлар, спорт және мәдениет нысандары мен тұрғын үй құрылысын жүргізу туралы болып отыр. Сонымен қатар бұл жобалар мультипликативті әсер береді. Олар жаңа жұмыс орындарын ашып, бизнестің жандануына ықпал етеді, сабақтас салалардың дамуына серпін беріп, ірі қалалармен қатар өңірлердің де өсіп-өркендеуіне негіз болатын өсу орталықтарына айналады. Бұл жай ғана инфрақұрылымдық жобалар емес, еліміздің болаша­ғына және келер ұрпақтың мүмкі­н­діктеріне салынған инвестиция.

Осы тұрғыдан алғанда, елі­міз­дің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту мәселесін де қарас­тырған жөн. Әлемдік тәжі­рибе бұл сала­дағы шешімдер мем­лекеттің эко­­номикалық келешегін ұзақ жыл­­дарға айқындай алатынын көр­сетеді.

Еуразияның негізгі көлік ба­ғыттары тоғысқан тұста орна­ласқан Қазақстан  үшін бұл саланың маңызы айрықша. Көлік дәліздері мен логистикалық орталықтарды дамыту сауда байланыстарын кеңейтуге, инвестициялар тар­туға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ғана емес, еліміз­дің әлемдік экономикадағы позициясын нығайтуға да мүмкіндік береді. Мұндай шешімдерден Мемлекет басшысының ел бола­шағы алдындағы тарихи жауап­кершілікті терең сезінетінін айқын аңғаруға болады.

Ең басты мақсат – келер ұр­паққа қуатты, өркендеген, энер­гетикалық тұрғыдан тәуелсіз, рухы мықты халқы бар мемлекет қалдыру. Осы мақсаттың мәнін еліміздің жастары да түсініп, қолдайтыны ерекше қуантады. Олар Президент қабылдап жатқан шешімдерден өз болашағына деген қамқорлықты, өз күшіне деген сенімді және туған елінде өзін-өзі жүзеге асыруға берілген мүмкіндікті көреді. Сондықтан да әлеуметтанулық зерттеулердің деректеріне сәйкес, жастардың Мемлекет басшысына деген сенім деңгейі тұрақты түрде 90,1 пайызды құрайды.

Ел болашағына деген қам­қорлық оның бүгінгі дамуына үлес қосып жүрген адам­дарға көңіл бөлумен де тығыз байланысты. Жолдауда мұғалімдер мен медицина қызметкерлерін қолдауға ерекше орын берілді. Өйт­кені олардың еңбегі азамат­тардың өмір сүру сапасы мен қо­ғам­ның әл-ауқатына тікелей әсер етеді.

Нақты шаралармен қатар, Президент Қазақстан дамуы­ның басым бағыттарына қатыс­ты ұзақмерзімді пайым қалып­тастыру міндетін де қойды. Әңгіме еліміздің алдағы кезеңге арналған даму бағдарларын айқындауға және бүгінгі қабылданып жат­қан шешімдерді келесі онжыл­дық­тардың мақсаттарымен сабақ­тастыруға мүмкіндік беретін құжат туралы болып отыр.

Алға қойылған міндеттердің тарихи ауқымы еліміздің бо­лашағы үшін ортақ жауап­кер­шілікті де талап ететінін тү­сінуіміз қажет. Мемлекет басшы­сы атап өткендей, ұлт бірлігі – еліміздің стратегиялық мақсат-мұраттарының табысты жүзеге асуының кепілі. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституция аясында қалыптасқан және Әділетті, Қуатты, Таза, Прогрессивті әрі Өркендеген мемлекет құру жолында Президентке қосымша тірек болуға арналған институт – Халық Кеңесінің рөлі арта түседі.

Сондықтан Халық Кеңесінің мүшелері де өз тарапынан азаматтар мен өңірлердің бастамаларын біріктіруге, сындарлы ұсыныстарды қолдауға және бүкіл ел үшін маңызды мәселелердің шешілуіне ықпал етуге бар күш-жігерін жұмсайды.

Ерлан ҚОШАНОВ,

Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы