Судың да сұрауы бар: облыстағы су қоймаларының жайы қандай?

Су ресурстарын тиімді пайдалану мен қорғау — мемлекеттік саясаттың маңызды бағытының бірі. Себебі су қауіпсіздігі —тек экологиялық емес, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі кепілі. Сондықтан суды ұқыпты пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу және су шаруашылығы нысандарын жаңғырту —өзекті мәселе.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы халыққа Жолдауында: «Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады. Министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады», — деген еді. Сонымен бірге Президент еліміздің су шаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа жасалатынын, «Қазсушар», «Нұра топтық су құбыры» және басқа да негізгі компанияларда өзгеріс болатынын айтқан-ды.

Су тапшылығы — әлемдік деңгейдегі мәселе. Биыл жыл басында БҰҰ 100 жылда екінші рет су тапшылығы дағдарысы бойынша шұғыл саммит өткізді. Деректерге сүйенсек, 2050 жылға қарай әлем халқының 6,5 миллиарды, яғни 65,5 пайызы су тапшылығына тап болатыны болжанып отыр.

Қ.Тоқаев Жолдауда 2040 жылға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін екендігін айтқан-ды. Бұған халық санының артуы, климаттың өзгеруі, суды тұтыну көрсеткішінің артуы секілді көптеген фактор әсер ететіні айқын. Сондықтан су үнемдеу технологияларын енгізу, су қоймаларын жаңғырту және халықаралық су ынтымақтастығын дамыту —еліміз үшін стратегиялық маңызды бағыттың бірі.

Өңіріміздегі су қоймаларының жай-күйі, су қоры, т.б. мәселелер төңірегінде «Қазсушар» РМК Ақтөбе филиалының директоры Ринат Шауеновпен сұхбаттасқан едік:

— Мемлекет басшысы су қауіпсіздігін ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бағыты ретінде атап өтті. Осы тұрғыдан алғанда, Ақтөбе облысындағы су ресурстарының қазіргі ахуалын жалпы қанағаттанарлық деп бағалауға болады. Өңірде көктемгі тасқын суын тиімді реттеу, су қоймаларын жаңғырту және жаңа гидротехникалық нысандар салу бағытында нақты жұмыс жүргізіліп келеді.

Қазіргі таңда «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Ақтөбе филиалының теңгерімінде үш су қоймасы— Ақтөбе, Қарғалы және Сазды, Ойыл ауданындағы«Тамдыкөл» және «Қиыл-Тассай» лиманды суару жүйелері, Ырғыз ауданындағы Торғай өзенінде орналасқан «Қожа» және «Қыл» жер бөгеттері, сондай-ақ Ойыл, Темір, Қобда және Хромтау аудандарындағы 16 лиманды суару жүйесібар.

Бүгінде Ақтөбе, Қарғалы және Сазды су қоймаларының жай-күйі тұрақты бақылауда, бұл қоймалардың қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету үшін реконструкциялау жобалары іске асырылып жатыр.

Биыл облыстағы су қоймаларында су көлемі өткен жылмен салыстырғанда 35-40 пайыз аз жиналды. Көктемгі су тасқыны нәтижесінде негізгі су қоймаларына қажетті көлемде су жиналып, өңірдің су қоры қалыптасты. Қазіргі таңда Ақтөбе, Қарғалы және Сазды су қоймаларындағы су деңгейі тұрақты бақылауда және ауыл шаруашылығы мен өндіріс қажеттіліктерін өтеуге жеткілікті. Сонымен қатар биыл мамыр,маусым айларында жауын-шашынның көп жаууы салдарынан су қоймаларына 6 млн текше метр су жиналды.

Қазіргі уақытта облыста су тапшылығы қаупі жоқ. Дегенмен климаттың өзгеруі, жауын-шашын көлемінің құбылмалылығы және су ресурстарын тиімді пайдалану қажеттілігі су қауіпсіздігі мәселесін үнемі назарда ұстауды талап етеді.

— Ақтөбе филиалының қарамағындағы үш су қоймасының бүгінгі техникалық жағдайы қандай?

Ақтөбе, Қарғалы және Сазды су қоймаларының техникалық жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланады. Сонымен қатар үш су қоймасы да төтенше жағдай кезінде жедел хабар беретін жергілікті дабыл жүйесімен жабдықталған.

Соңғы жылдары бұл нысандарда ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Жеке-жеке тоқталып өтейін:

Елек өзеніндегі Ақтөбе су қоймасының жобалық толық сыйымдылығы — 245 миллион текше метр. Қазіргі нақты су көлемі —100миллион текше метр. Қазіргі уақытта су қоймасынан секундына 3 текше метр көлемінде су жіберілуде. Бұл су өнеркәсіптік сумен жабдықтауға, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, шаруа қожалықтарының және бау-бақша ұжымдарының егістіктерін тұрақты суаруға пайдаланылады.

Су қоймасының техникалық жағдайы қанағаттанарлық. Ақтөбе су қоймасы пайдалануға берілгеннен кейін 36 жылдан соң алғаш рет, 2024 жылы толық реконструкциядан өтті. Жаңғырту нәтижесінде гидротехникалық құрылыстың сенімділігі едәуір артты. Атап айтқанда, бөгет еңістеріне бетон төселіп, тасқын су ағызу құрылғысының бетон тіректері жөнделді, кіреберіс жолға асфальт төселді және жарықтандыру желісі жаңартылды.

Сазды өзеніндегі Сазды су қоймасының жобалық толық сыйымдылығы — 7,5 миллион текше метр, ал қазіргі нақты су көлемі — 3 миллион текше метр.

Қазіргі уақытта су қоймасынан бау-бақша ұжымдарын сумен қамтамасыз ету және «Keruen City» сауда, ойын-сауық орталығы маңындағы Сазды өзенінің су деңгейін сақтау мақсатында су жіберілуде.2024-2026 жылдары су қоймасында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, шахталық су ағызу құрылғысы бетонмен қапталды, мұздан қорғайтын қорғаныс қабырғасы орнатылып, ұзындығы 1,4 шақырым болатын пайдалану жолына асфальт төселді және бөгетке электр жарығы желісі жүргізілді. Қазіргі таңда су қойманың бөгетінің беткейлерінде бетондау жұмысы жүргізіліп жатыр.

— Биыл Қарғалы су қоймасын қайта жаңғырту жүргізелетіні белгілі. Бұл жобаның ерекшелігі неде? Жоба аясында салынатын шағын су электр станциясының қуаты қандай болады және оның өңір үшін маңызы қандай?

— Қазіргі таңда Қарғалы су қоймасын күрделі жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттама толық әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізіліп жатыр. Қарғалы су қоймасы — сыйымдылығы шамамен 300 миллион текше метр болатын өңірдегі ең ірі су қоймасының бірі. Ол 1975 жылы пайдалануға берілгеннен бері алғаш рет ауқымды қайта жаңғырту жұмысы жүргізілмек. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін жоба іске асырыла бастайды. Жөндеу жұмысы биыл басталып, келесі жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Негізгі жұмыстарға төменгі су ағызу құрылғысы мен тасқын су ағызу нысанын реконструкциялау, бөгет еңістерін бетонмен бекіту, қуаты 350-1000 кВт болатын шағын су электр станциясынсалу, ұзындығы 18 шақырым магистральды каналдың табаны мен еңістерін бетондау, 3,5 шақырым пайдалану жолын асфальттау және 4,5 шақырым газ құбырын тарту кіреді.

Қарғалы су қоймасын қайта жаңғырту жобасының ерекшелігі —шағын су электр станциясын (СЭС) салу қарастырылған. Бұл еліміздің батыс өңірінде жүзеге асырылатын алғашқы жоба болмақ. Жоспар бойынша станцияның қуаты 3,5 мегаваттқа дейін жетеді. Қазіргі таңда бұл жоба жобалық-сметалық құжаттама құрамына енгізілген. Жоба электр станциясынан өткен су ағынының қуатын пайдалана отырып, электр энергиясын өндіреді, ал өндірілген артық электр қуаты өңірдің бірыңғай энергетикалық жүйесіне беріледі. Барлық жоспар ойдағыдай жүзеге асса, құрылыс келесі жылы басталады.

Бүгінгі таңда көтергіш механизмдер мен қақпа тізбектері жаңартылды, бөгет аумағы абаттандырылып, бейнебақылау жүйесі орнатылып, жарықтандырылды.

Нысанды қайта жаңғыртудың алдын ала белгіленген құны —  5,20 миллиард теңге.  Жобаның тапсырыс берушісі —Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитеті. Жобалаушы ұйым —«ASK Project» ЖШС (Ақтөбе қаласы). Қазіргі уақытта әзірленген жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптаманың қарауында.

— Облыс аумағындағы су қоймаларының санын арттыру, қорын көбейту, су тапшылығы қаупін азайту бағытында қандай жұмыс жүргізіліп жатыр?

— 2026 жылға арналған кешенді жоспар аясында Ақтөбе облысында төрт жаңа су қоймасын салу көзделген. Олар Жаман-Қарғалы өзенінде «Өлке»су қоймасы (9 миллион текше метр),және Қобда ауданындағы Қобда өзенінде «Әлия»(20 миллион текше метр), «Жарық» (45 миллион текше метр) су қоймалары және Хромтау ауданындағы Ор өзенінде «Жамбыл» (60 миллион текше метр) су қоймасы. Қазіргі уақытта аталған нысандар бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Жаман-Қарғалы өзенінде «Өлке» су қоймасы, Хромтау ауданындағы Ор өзенінде «Жамбыл» су қоймалары мемлекеттік сараптамаға тапсырылды.

Жаңа су қоймалары көктемгі тасқын суын жинауға, су қорын көбейтуге және оны құрғақшылық кезеңде тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар суармалы егіншіліктің көлемін арттырып, ауыл шаруашылығын тұрақты сумен қамтамасыз етуге, су тапшылығы қаупін азайтуға және елді мекендерді су басу қаупінен қорғауға ықпал етеді.

Су қоймаларын сенімді әрі қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында соңғы 20 жылда алғаш рет үш су қоймасында көпфакторлы зерттеп-тексеру жұмысы жүргізіліп, олардың қауіпсіздік декларациясы әзірленді.

Қазіргі уақытта Ойыл ауданындағы «Тамдыкөл» және «Қиыл-Тассай» лиманды суару жүйелерінде ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл жүйелердің жалпы суару аумағы — 25 мың гектар.

Жөндеу барысында жер бөгеттеріндегі жалпы ұзындығы 7100 метр болатын 50 шайылған учаске қалпына келтірілді. Сонымен қатар шлюз-реттегіштердің жазық қақпаларындағы 6 бұрандалы көтергіш тетік ауыстырылды.

Қалпына келтіруге келмейтін гидротехникалық құрылыстардың орнына төрт жаңа гидротехникалық нысан салынды. Сондай-ақ «Тамдыкөл» лиманды суару жүйесіндегі №4, №7, №9, №10, №11 және №15 жер бөгеттері қайта қалпына келтірілді.

Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің 241-бюджеттік бағдарламасы — «Қазсушар» РМК жарғылық капиталын ұлғайту» аясында Ақтөбе облысында 10 646 гектар тұрақты суармалы және 24 790 гектар лиманды суармалы жерді қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы үш жыл ішінде барлық негізгі гидротехникалық нысанды кезең-кезеңімен жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл – еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды инвестициялық жоба. Оны жүзеге асыруға  Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі мен облыс әкімдігі қолдау көрсетіп отыр.

—  Соңғы жылдары климаттың өзгеруі, қуаңшылық пен көктемгі тасқындар жиілеп кетті. Мұндай өзгерістер облыстағы су шаруашылығына қалай әсер етіп отыр?

— Климаттың өзгеруі су шаруашылығына едәуір әсер етуде. Қуаңшылық салдарынан өзен-көлдердегі су көлемі азайып барады, ал ауыл шаруашылығының суға сұранысы артып келеді. Ал көктемгі тасқындар гидротехникалық құрылыстарға қосымша жүктеме түсіріп, су қоймаларының жұмысын тиімді басқаруды талап етеді.

Осыған байланысты, жоғарыда айтқанымдай, өңірде су қоймаларын жаңғырту, жаңаларын салу, су үнемдеу технологияларын енгізу және тасқын суларын жинап, кейін шаруашылық қажеттілігіне пайдалану бағытындағы жұмыс күшейтілуде.

Өңірде су үнемдеу технологияларын енгізу де қарқынды жүргізіліп келеді. Шаруашылықтарда тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелері орнатылып, суармалы жерлердің көлемі ұлғайтылып жатыр. Қазақстан Республикасы Су кодексінің 18-бабының 10-тармағына сәйкес, су үнемдеу технологияларын енгізу мақсатында суармалы жерлердің сыртқы инфрақұрылымы мен суару құбырларына реконструкция жүргізілді. Жұмыс барысында «BALLEY» және «BAUER» маркалы заманауи кең ауқымды жаңбырлатып суару машиналары, пластик құбырлардан тұратын жабық суару желісі пайдаланылды. Суды жеткізу үшін автоматтандырылған басқару жүйесімен (АБЖ) жабдықталған, «KELET» АҚ шығарған жоғары өнімді контейнерлік үлгідегі электрлі сорғы станциялары қолданылып отыр. Қайта жаңғырту аяқталғаннан кейін суармалы алқаптардың көлемі артып, су шығыны азаяды. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі өсіп, суды тиімді пайдалану қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар шаруалардың табысы артып, өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуеті күшейеді.

Суды тиімді пайдалану бағытында бірқатар өнеркәсіп кәсіпорнымен, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен, тоған шаруашылықтарымен, бау-бақша ұжымдарымен жетпістен астам шарт жасалды. Шарт жасасу жұмысы одан әрі жалғасады.

Суармалы суды ашық және әділ бөлуді қамтамасыз ету үшін жаңа биллингтік жүйе сәтті енгізілді. Онда өтінім беру, су тұтынушылар мен «Қазсушар» РМК арасында су беру қызметтері үшін шарт жасасу және есеп айырысу процестері цифрландырылған. Жоба Мемлекет басшысы белгілеген міндеттерді орындау үшін іске асырылды. Ақпараттық жүйеде су ресурстары бойынша барлық мәлімет орталықтандырылып жинақталатын болады. Бұл процестерді автоматтандыруды қамтамасыз етеді және нақты цифрлар негізінде басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді . Жыл басынан осы жүйе бойынша филиалда түсіндіру және ұйымдастыру жұмысы жүргізіліп келеді.

Су ресурстарын заңсыз пайдалануға жол бермеу мақсатында «Қазсушар» РМК Ақтөбе филиалы апта сайын су шаруашылығы нысандарын вегетациялық кезеңге құрылған комиссия мүшелерімен бірге бақылап отырады.

Комиссия мүшелері және Жайық-Каспий бассейндік инспекция мамандарымен бірге су шаруашылығы нысандарын аралап шықты, тексеру барысында суды өз бетінше немесе заңсыз алу фактілері анықталған жоқ.  Сонымен қатарвегетациялық кезең аяқталғанғадейін комиссия мүшелері бау-бақша ұжымдарымен, шаруа қожалықтарымен, басқа да су пайдаланушылармен тығызжұмысжасайтынболады.

Жалпы, елімізде су пайдалану мәдениетін қалыптастыру қажет. Қазақ айтқандай, «судың да сұрауы бар». Су сарқылмайтын ресурс емес, сондықтан оны үнемдеу әрбір азаматтың ортақ міндеті болуға тиіс.

Сұхбаттасқан Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.