Тәртіпті бала — ел ертеңі

№21 «Кәусар бұлақ» бөбекжай-бақшасында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Біз тәртіпті баламыз!» атты спорттық-сауықтыру бағдарламасы өтті.

Іс-шараның мақсаты — балапандардың бойына тәртіптілік, жауапкершілік, өзара сыйластық пен заңға құрмет сияқты адамгершілік құндылықтарды ерте жастан сіңіру.

Жиынның ашылуында бөбекжай-бақша әдіскері Ақсұлу Абилова тәртіптің бала тәрбиесіндегі орнына тоқталды.

— Тәртіп — тәрбиенің бастауы. Баланың үлкенге сәлем беруі, ойыншығын жинауы, достарына қамқор болуы сияқты қарапайым әрекеттері оның болашақ азаматтық болмысын қалыптастырады. Заң мен тәртіпке құрмет те осындай қарапайым дағдылардан басталады, — деді ол.

Бағдарлама барысында балдырғандар спорттық эстафеталар мен қимылды ойындарға қатысып, ұйымшылдық, ептілік және тәртіп сақтаудың маңызын көрсетті. Әр кезең балалардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, ортақ ережені сақтауға, жауапкершілікке және өзара қолдауға баулуға бағытталды.

Тәрбиеші Жанар Жұбанышқызының айтуынша, балабақшада тәртіп пен заң қағидалары күнделікті тәрбие жұмысымен ұштасады. Балалар ойын арқылы үлкенді құрметтеуді, достықты бағалауды, әділдік пен жауапкершілік қасиеттерін бойына сіңіреді.

Мектепке дейінгі кезеңде берілген тәлім — болашақ тұлғаның берік іргетасы. Сондықтан тәртіпке баулу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және отансүйгіштікке тәрбиелеу — мектепке дейінгі ұйымдардың маңызды міндеттерінің бірі.

Г.КЕТЕБАЕВА.