Таңдау тағылымы — елдік мәні бар күн
Алға ауданында өткен сайлау — ел өміріндегі маңызды науқанның ғана емес, азаматтық жауапкершілік пен ұрпақ сабақтастығының айқын көрінісі болды. Аудандағы 34 сайлау учаскесінде 26 313 дауыс беруші тіркелсе, олардың қатарында 18 жасқа толып, алғаш рет дауыс берген жастардан бастап, 93 жастағы қарияға дейін әр буын өкілі өз таңдауын жасады. Таңғы сағат 7:00-де дауыс беруге келген алғашқы сайлаушылардан бастап, сәбиімен бірге учаскеге аттанған жас ана мен өнегелі отбасыларға дейінгі көріністер — елдік іске деген сергек көзқарастың белгісі. Осы бір күннің өнегелі сәттері мен елге еңбегі сіңген азаматтардың тағылымды өмір жолы мақаламыздың өзегіне айналады.
Алға ауданы бойынша 34 сайлау учаскесі жұмыс істеп, жалпы 26 313 дауыс беруші тіркелген. Олардың қатарында ел азаматтығының маңызды қадамын енді аттаған, 18 жасқа толып, алғаш рет дауыс берген жастар да бар.
Атап айтқанда, №163 сайлау учаскесінде Таңбай Мерует пен Афанасьева Алина, №157 учаскесінде Арманов Артур мен Мұхитова Жансая, №162 сайлау учаскесінде Голубничая Карина алғаш рет азаматтық таңдауын жасады. Жас сайлаушылардың бұл күні ерекше толқыныспен келіп, өз таңдауын жасауы ел болашағына бейжай қарамайтын жаңа буынның қалыптасып келе жатқанын аңғартады.
Сайлау күні Бестамақ ауылдық округінің №174 сайлау учаскесінде де таңғы сағат 7:00-ден бастап ел белсенділігі байқалды. Ауыл тұрғындары арасынан Наушина Азипа Алпысбаевна алғашқы болып дауыс берсе, алғаш рет дауыс берген жас сайлаушы Имангалиева Махаббат Майрамбайқызы да өзінің азаматтық парызын орындады. 93 жастағы Зоя Степановна Чеботарева да өз таңдауын жасап, кейінгі буынға өнеге көрсетті. Бір ғасырға жуық ғұмыр кешкен ардақты қарияның сайлауға келуі азаматтық белсенділіктің жасқа қарамайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
№159 учаскесінде өнегелі отбасылық дәстүр де көрініс тапты. Үмітжановтар отбасы шөбересін ерте келіп, сайлауға қатысу арқылы ұрпақ сабақтастығының тағылымды үлгісін көрсетті. Осылайша ардагер ұстаз баланың бойына елге деген құрмет пен азаматтық жауапкершілікті сіңіретін тағылымды дәстүрдің көрінісі көрсетті. Алға қаласының тұрғыны Менбаев Зияш осы сайлау учаскесіне таңғы сағат 7:00-де келіп, ең алғашқы болып дауыс берді. Ал еңбек ардагері, Алға ауданының құрметті азаматы Сағынғали Кариев №160 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасап, маңызды саяси науқанға белсене қатысты.
Жастардың ғана емес, әр буын өкілдерінің сайлауға қатысуы — елдік іске деген ортақ жауапкершіліктің белгісі. Мәселен, Алға қаласының тұрғыны, декреттік демалыстағы ана Бегналиева Орынгүл небәрі 40 күндік сәбиімен бірге №160 сайлау учаскесіне келіп, азаматтық таңдауын жасады. Сондай-ақ №167 сайлау учаскесінде жас отбасы Сәкен және Әсемгүл Оспановтар дауыс беріп, еліміздің болашағына бейжай қарамайтынын көрсетті.
Сайлау учаскелеріндегі осындай көріністерден ел өмірінің маңызды сәтіне әр азаматтың өзіндік үлес қосуға ұмтылысын байқауға болады. Бірі алғаш рет дауыс берген жас, бірі өмірлік тәжірибесі мол ардагер, енді бірі сәбиін жетектеген жас ана. Барлығының мақсаты бір — өз таңдауын жасап, азаматтық ұстанымын білдіру.
Ел болашағы бүгінгі таңдаудан басталады демекші Алға ауданындағы сайлау күні әр буынның бір арнаға тоғысқан азаматтық белсенділігімен, отбасылық тағылымымен және елдік жауапкершілік рухымен есте қалды.
Туған күнін елдік таңдаумен қарсы алған ақсақал
Қаликов Қазтуған Мұқанович үшін биылғы туған күні ерекше мәнге ие болды. 23 тамызда 85 жасқа толған ардақты ақсақал туған күнінде ел өміріндегі маңызды саяси науқаннан қалыс қалмай, №174 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. Өмірінің талай белесін артқа тастаған азаматтың бұл қадамы — кейінгі ұрпаққа көрсеткен өнегесі.
Қазтуған Мұқанович 1941 жылдың 23 тамызында Ақтөбе облысы, Алға ауданы, Крупский ауылдық округінде дүниеге келген. Әкесі Мұқанов Халық Ұлы Отан соғысының ардагері болған. Ел қорғаған ердің есімі туған жердегі «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» монументінде алтын әріптермен тасқа қашалып, бүгінгі ұрпаққа аманат болып тұр. Осындай ел тарихымен біте қайнасқан отбасында тәрбиеленген Қазтуған ақсақал да ғұмыр бойы еңбек пен елдік құндылықтарды ту етіп келеді.
Білім жолын Ақтөбе қаласындағы №6 қазақ мектебінен бастаған ол мектепті ойдағыдай аяқтаған соң Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанады. Өзбекстанның Самарқанд қаласындағы «Штурмдық десант» әскери бөлімінде үш жыл әскери қызмет атқарып, жас азамат ретінде ел алдындағы борышын абыроймен өтеді.
1965 жылы әскерден оралған соң шаңырақ көтеріп, еңбек жолын бастайды. Қазтуған Мұқановичтің еңбек кітапшасындағы ең ұзақ кезең «Бестамақ» құс фабрикасымен байланысты. Осында жүргізуші болып қызметке орналасып, мекемеде 40 жыл бойы табанды еңбек етті. Бір мекемеге осынша жыл адал қызмет ету — бүгінгі буынға үлгі боларлық еңбекқорлық пен тұрақтылықтың белгісі.
Еңбекпен өткен жылдар, отбасының қызығы мен бейнеті, елмен бірге көрген талай кезең Қазтуған ақсақалдың өмір жолын мазмұнды ете түсті. Бүгінде ол — ардақты зейнеткер, өнегелі әулеттің ақсақалы. Жұбайы екеуі 3 қыз, 2 ұл тәрбиелеп өсірген. Қазір балаларының қызығын көріп, 11 немере мен 3 шөберенің сүйікті атасы болып отыр.
Бір ғасырға жуық тарихтың куәсі болған ақсақалдың туған күнін елдік таңдаумен сабақтастыруының өзіндік символдық мәні бар. Өмір жолы еңбекпен өрілген, әулетімен елге үлгі болған азаматтың әр таңдауы — кейінгі ұрпаққа тағылым. Бүгінде немере-шөбересінің ортасында отырған Қазтуған ақсақалдың ғибратты ғұмыры — елге қызмет етудің, отбасын берік ұстаудың және азаматтық парызды абыроймен атқарудың жарқын үлгісі.
Мадина ТАЖИБЕКОВА