Домбыра күні
Таным мен тағылым тоғысқан кеш
«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» – қазақ рухының символына айналған осы бір өлең жолдары Қарақобда ауылындағы Ұлттық домбыра күніне арналған «Күй күмбірі» атты әдеби-сазды кештің өзегіне айналды.
Шілденің алғашқы аптасында Қарақобда ауылының орталық саябағы домбыра сазына бөленіп, рухани мерекенің куәсі болды. Бұл игі шараны ауылдық мәдениет қызметкерлері ұйымдастырды. Кештің мақсаты – ұлттық аспапқа құрмет көрсету ғана емес, жастарды күй құдіретіне баулу, қазақтың саз өнеріне тереңірек үңілуге жол ашу еді.
Шараның құрметті қонағы, зейнет жасындағы тарих пәнінің ардагер ұстазы Рыскелді Макатова домбыра жайлы тебірене сөз қозғап, өткен мен бүгін арасындағы музыкалық сабақтастыққа тоқталды.
- – Домбыра – ежелден қазақпен сырлас, мұңдас. Әр дәуірдің қуанышы мен қасіретін әуез тілінде жеткізген, шабыттандырып, тебірентіп, рухтандырып отырған сенімді серік. Күй – жүректен шыққан шындық, – деді ұстаз жүрекжарды лебізін білдіре отырып.
Кеш барысында ауылдың өнерге бейім жастары мен күйсүйер қауым танымдық сұрақтарға жауап беріп, күй тартудан, терме айтудан сайысқа түсті. Қарапайым кеш емес, бұл – өнер мен білімнің, дәстүр мен руханияттың тоғысқан тамаша сәті болды.
Шара аясында ұйымдастырылған «Нағыз қазақ – домбыра» атты кітап көрмесі – кештің мазмұнын тереңдете түсті. Төрт бөлімнен құралған көрме келушілерге домбыра мен күй өнері туралы мол мәлімет ұсынды:
1-бөлім – домбыра үйренуге арналған әдістемелік және танымдық еңбектер: Ж.Нәжімеденовтің «Домбыра ойнау оңай ма?», М.Әбуғазының «Қазақтың домбыра өнері», Карима Сахарбаеваның «Домбыра – күй, дәстүр – даму» сынды еңбектерін қамтыды.
2-бөлімде – халықтың рухани көшбасшылары: Құрманғазы, Сүгір, Кенен Әзірбаев секілді күй мен жыр тұлғаларының шығармалары қойылды.
3-бөлім – күйде де, айтыста да, жыр мен термеде де озық шыққан қазақ әйелдері: Дина Нұрпейісова, Ақын Сара Тастанбекқызы туралы әдебиеттермен толықты.
4-бөлімде – ән өнеріндегі домбыраның орны айқындалды. Қазақ әнінің алтын қорын құрайтын туындылар ұсынылды.
Ұлттық тағамдар қойылып, мерекелік көңіл күй де ұмытылмады. Домбыра сазы, күй күмбірі мен ақ тілек астасқан осы бір кеш – Қарақобда ауылындағы руханият мерекесіне айналды.
Домбыра – тек ұлттық аспап емес, ол – ұрпақтың бойына сіңген рух, жүрегіне ұялаған үн. Бүгінгі шара – соның бір дәлелі.
Айгерім Сәрсенбайқызы,
Қарақобда ауылдық кітапханасының кітапханашысы