Тоқаев: Мемлекет қазынасына ауыз салу — елге жасалған ең ауыр қастандық

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет қазынасына ауыз салу, Конституцияның талаптарын аяққа таптау — елге жасалған ең ауыр қастандық. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің ІІІ форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Тоқаев: Мемлекет қазынасына ауыз салу — елге жасалған ең ауыр қастандық
Фото: Ақорда

— Көп ұзамай халқымыз ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығын атап өтеді. Бұл — мемлекетіміздің тарихи өсіп-өркендеу жолындағы аса маңызды белес. Осы кезеңде біз талай қилы жолдан аман-есен өттік. Берекелі бірлігіміздің арқасында көптеген сынақты абыроймен еңсердік. Мемлекеттілігімізді нығайттық, халықаралық абырой-беделімізді күшейттік. Біз Қазақстанды бәсекеге қабілетті, озық ел ретінде дамыту үшін әлі де белсенді әрі табанды жұмыс істей береміз. Әрине, осы кезге дейін бәріміз жұрт болып жұмылып, біраз шаруа атқардық. Өскелең ұрпақ алдындағы жауапкершілікті терең сезіне отырып, ауқымды реформаларды жүзеге асырдық, — деді Мемлекет басшысы.

Президент наурыз айында өткен жалпыұлттық референдумда мемлекетіміздің төл құжаты — Конституциямыз қабылданғанын атап өтті.

— Бұны ұлтымыздың тағдырына тікелей әсер ететін тарихи шешім болды десек, артық болмас. Конституцияда егемендік пен тәуелсіздікті қорғау, жалпыұлттық бірлігімізді күшейту мемлекеттілігіміздің негізгі қағидаттары болып бекітілді. Адам капиталын, білім-ғылымды, инновацияны дамыту конституциялық мәртебеге ие болған міндетке айналды. Біз ұлт Конституциясында «Заң мен тәртіп» қағидатын халқымыздың аса маңызды құндылығы деп айқындадық, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы «Заң мен тәртіп» Әділетті Қазақстанды құру жолындағы басты ұстанымы екенін баса айтты.

— Түптеп келгенде, ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер дәл осы қағидатқа негізделеді. Өйткені заң үстемдік етпесе, қоғамда тәртіп болмаса, ешқандай реформаның нәтиже бермесі айдан анық. Мемлекет қазынасына ауыз салу, Конституцияның талаптарын аяққа таптау — елге жасалған ең ауыр қастандық. Сондықтан біз қоғамдық дерттің бәріне, соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы батыл күрес жүргіземіз, — деді Президент.