Тұмаудан сақтанайық!

 Қыстың ызғары мен көктемнің құбылмалы күндері келгенде көпшілігімізді мазалайтын сырқаттың бірі – тұмау. Әдетте бұл дертті «жай ғана суық тию» деп қабылдайтындар бар. Алайда тұмаудың қауіптілігі оның асқынуларында екенін естен шығармаған абзал. Жүрек-қан тамырлары, тыныс алу жүйесі сыр беріп, еңбекке қабілеттілікті күрт төмендететін бұл аурудың алдын алу – әрбіріміздің қолымызда.

Тұмау – ауа-тамшылы жолмен, кейде күнделікті қарым-қатынас арқылы тез тарайтын вирустық инфекция. Оның жасырын кезеңі бірнеше сағаттан 7 күнге дейін созылады. Кенеттен басталып, дене қызуының 39-40 градусқа дейін көтерілуімен, маңдай тұсының, қабақ үсті аймағының ауырсынуымен, әлсіздікпен, буындардың сырқырауымен басталып, сүйек-бұлшық еттерінің ауырсынуы байқалады.

Эпидемиологиялық маусым әдетте желтоқсан айынан басталып, сәуірге дейін созылады. Бұл – әрбір отбасына, әрбір еңбек ұжымына алаңдайтын кезең. Өйткені тұмаудың қауіпті асқынулары адам өміріне де қауіп төндіруі мүмкін.

Тұмау  еңбекке қабілеттілікті едәуір төмендетіп,  асқынуларымен өте қауіпті.  Бүгінде тұмаудан сақтанудың ең тиімді жолы – вакцинация. Ғылыми тұрғыдан дәлелденген бұл әдіс қоғамның жаппай індетке қарсы иммундық қалқанын қалыптастырады. Әрине, екпе алған адам мүлдем ауырмайды деу қиын, бірақ ауру жеңіл өтіп, асқынудан қорғайды.

Сонымен қатар, әрбіріміздің күнделікті өмірде жасай алатын қарапайым сақтық шараларымыз бар:

  • Ауырған жағдайда өзін-өзі емдеумен айналыспай, дәрігерді шақырту;
  • Қоғамдық орындарда бетперде тағу;
  • Жеке бас гигиенасын сақтау, қолды жиі жуу;
  • Үйді және жұмыс орнын жиі желдетіп отыру;
  • Иммунитетті күшейту үшін дәруменге бай тағамдарды тұтыну. Мәселен, «С» дәрумені бар өнімдерін ас мәзіріне көп қосу (лимон, бал, таңқурай және т.б.);
  • Жүйелі түрде дене шынықтырумен айналысу, таза ауада серуендеу. Таза ауада жиі серуендеу, саябақтарда жүру, тыныс – алуды реттеу, өкпенің вентиляциясын жоғарылатады, қан айналым жүйесін жақсартады.

Тұмаудың алдын алу – өзімізді ғана емес, жақындарымызды да қорғау. Қарапайым сақтық ережелері мен вакцинацияны қатар ұстансақ, қауіпті вирустың қаупін азайта аламыз.

 Н.Утегенов,

Алға аудандық санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау басқармасының басшысы