Тұсаукесер – татулықтың көрінісі

Ақтөбе қаласындағы №20 орта мектеп ғимаратында орналасқан №49 сайлау учаскесінде тұрғындардың белсенділігін арттыру және қоғамдық бірлікті нығайту мақсатында тұсаукесер рәсімі өтті. Білім ордасының аумағындағы «Құтқарушылар» аллеясында Василий Люлиннің отбасындағы кішкентай Максимнің тұсауы кесілді.
Қазақ халқының ежелден келе жатқан бұл дәстүрі сәбидің алғашқы қадамына ақ жол тілеп, оның болашағына ізгі ниет білдіруді мақсат етеді. Кішкентай Максимнің тұсауын облыстық мәслихат депутаты Сергей Вишняк кесті.
– Бүгін — біз үшін ерекше қуанышты күн. Кішкентай Максимнің тұсауы кесіліп, алғашқы қадамына ақ жол тілеп отырмыз. Мұндай игі дәстүр адамдарды жақындастырып, қоғамдық бірлікті нығайта түседі деп ойлаймын. Қазақ халқының салт-дәстүрін құрметтеп, оны бірге дәріптеу – еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің өзара сыйластығы мен татулығының жарқын көрінісі, – деді Максимнің анасы Танзиля Люлина.
Тұсаукесер рәсімінен кейін жиналғандар кішкентай Максимнің алғашқы қадамына ақ тілегін білдіріп, бүлдіршінге жарқын болашақ тіледі. Сондай-ақ балақайдың отбасы өз таңдауын жасап, дауыс берді.
Кәмшат ҚОПАЕВА.







