Туған жердің текті ұлы

Туған жердің төсінде із қалдыру – кез келген азаматқа бұйыра бермейтін мәртебе. Адамның ел алдындағы еңбегі жылдар өте бағаланып, оның өнегелі жолы кейінгі буынға үлгі болғанда ғана ғұмыр жолының мәні айқындала түседі. Ал жетпіс жылдық белес – өткенге көз жүгіртіп, атқарылған істі саралап, елдің ықыласын сезінетін мерейлі шақ. Осындай айтулы кезеңде Алға ауданының Құрметті азаматы, жерлесіміз Нұрхан Сабыржанұлы Ағниязовтың 70 жылдық мерейтойына орай «Туған жердің текті ұлы» атты тағылымды кездесу кеші өтті.

Алға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен коворкинг орталығында өткен шараға аудан басшылығының өкілдері, мәдениет саласының қызметкерлері, кітапханашылар, зиялы қауым өкілдері, кейіпкердің туған-туыстары мен дос-жараны қатысты.

Кеш шымылдығы кейіпкердің өмір жолы мен азаматтық болмысын арқау еткен өлең жолдарымен ашылды. Жылы әуенмен астасқан жыр шумақтары көпшілікке мерейтой иесінің туған жермен тамырлас ғұмырын еске салғандай әсер қалдырды. Артынша көпшілік қошеметімен кеш кейіпкері ортаға шақырылып, оған ыстық ықылас пен ақжолтай тілектер білдірілді.

Нұрхан Сабыржанұлының өмір жолы – туған жерге қызмет етудің, ел сенімін арқалап, әр салада жауапкершілікпен еңбек етудің жарқын үлгісі. Кездесу барысында оның өмірбаяны таныстырылып, қызметтік жолындағы маңызды кезеңдер мен ел есінде қалған сәттері кеңінен әңгімеленді.

Мерейтой иесін аудан әкімінің міндетін атқарушы, аудан әкімінің орынбасары Болатбек Таңжарбайұлы Қангужин құттықтап, азаматтың ауданның әлеуметтік-мәдени дамуына қосқан үлесіне тоқталды. Салтанатты сәтте Нұрхан Ағниязовқа «Алға ауданының дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі табысталып, иығына шапан жабылды.

Бұл – мерейтой иесіне көрсетілген құрметтің ғана емес, туған жердің абыройын асқақтатып, ел игілігіне еңбек еткен азаматқа деген халықтың ризашылығының белгісі.

Кеш барысында Нұрхан Сабыржанұлының өмірі мен қызметіне қатысты қызықты сұрақтар қойылып, естеліктер айтылды. Кейіпкер өз еңбек жолы, мемлекеттік қызметтегі кезеңдері, әріптестері мен бірге қызмет атқарған азаматтар жайлы сыр шертіп, өткен күндердің өнегелі сәттерін еске алды.

Адамның өмір жолы – өзі жүріп өткен жылдардың ғана емес, артында қалдырған ізінің шежіресі. Осы тұрғыдан алғанда, кеште айтылған естеліктер мен бейнетілектер мерейтой иесінің азаматтық болмысын әр қырынан таныта түсті. Елдің әр түкпірінен жолданған құттықтауларда Нұрхан Сабыржанұлының адамдық қасиеті, кәсіби білімі, елмен етене араласқан болмысы мен азаматтық ұстанымы айрықша аталды.

Кездесу барысында Нұрхан Сабыржанұлымен ұзақ жылдар бойы қызметтес болған, аудандық аурухананы басқарған Таженов Сағынғали Айтжанұлы да мерейтой иесін құттықтап, ақжарма тілегін білдірді.

Кештің мазмұнды бөлігі кейіпкердің туған-туыстарына берілген сөзбен жалғасты. Туған апасы Бәдиға Ағниязова ағасына жүрекжарды лебізін білдірсе, қарындасы, аудандық «Жұлдыз-Звезда» газетінің редакторы Мадина Тажибекова редакция ұжымының атынан арнайы құттықтау хат пен естелік сыйлық табыстады.

Мерейтой иесінің мәдениет пен өнер саласындағы қызметі де назардан тыс қалмады. Өнер адамдарының ортасында жүріп, руханиятқа өзіндік үлесін қосқан азаматтың бұл қыры кеш барысында жылы естеліктермен сабақтасты. Әуезді ән мен баянның сазы кездесуге ерекше көрік беріп, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Нұрхан Сабыржанұлының шәкірті, аудан әкімдігі бөлімінің меңгерушісі Айнұр Аққажиқызы да ұстазына деген ыстық ықыласын білдіріп, оның бойындағы адамдық пен кәсіби қасиеттердің өзіне үлгі болғанын жеткізді.

Кеш барысында Нұрхан Сабыржанұлының өмірі мен қызметіне қатысты қызықты сұрақтар қойылып, естеліктер айтылды. Мерейтой иесінің азаматтық болмысы мен еңбек жолын жақсы білетін жандар – Бақыт Қарағұлқызы, Алтынай Митанқызы, Ақжарқын Ахмедуллаевна сөз сөйлеп, мерейтой иесіне жүрекжарды тілектерін жеткізді. Олар Нұрхан Сабыржанұлының елге сіңірген еңбегіне, адамдық қасиетіне, әріптестері мен шәкірттеріне көрсеткен қамқорлығына тоқталып, оның өмір жолының кейінгі буынға берер тағылымы мол екенін атап өтті.

Кештің өн бойында бір ой айқын сезілді «елге сіңірген еңбек ешқашан елеусіз қалмайды». Жылдар жылжып, қызметтік кезеңдер артта қалғанымен, халыққа жасаған жақсылықтың ізі өшпейді.

Кеш соңында Нұрхан Сабыржанұлы ұлы Мейірханмен көпшілікке ризашылығын білдіріп, туған жерге деген сағынышын, ел-жұртқа деген ақжарма тілегін жеткізді. Ал кеш жүргізушісі, ардагер журналист Шара Елеусізқызы тағылымды жүздесуді қорытындылап, мерейтой иесінің ел алдындағы еңбегіне лайықты бағасын берді.

Жетпіс жыл – бір адамның ғана ғұмыр белесі емес, тұтас бір дәуірдің куәсі. Нұрхан Ағниязовтың өмір жолы – туған жерге адал қызмет етудің, елмен етене болудың, азаматтық ұстанымнан айнымай еңбек етудің өнегесі.

Туған жердің текті ұлын ұлықтаған бұл кеш бір мерейтойдың шеңберінен шығып, адамды ардақтау, еңбекті бағалау, үлкенді құрметтеу секілді ұлттық құндылықтарды дәріптеген тағылымды жүздесуге айналды.

Мадина ТАЖИБЕКОВА