Биыл 17 сәуірде Алға өңірінің қадірлі азаматы, денсаулық сақтау саласының ардагері, елге еңбегі сіңген азамат — Сағынғали Айтжанұлы Таженов 75 жасқа толып отыр.

Сағынғали Айтжанұлы — 1950 жылы Ақтөбе облысы Алға қаласында дүниеге келген. 1967 жылы В.И.Пацаев атындағы №2 Алға орта мектебін тәмамдап, 1968 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының «Емдеу ісі» мамандығына оқуға түседі. Алты жылдық білім жолын табысты аяқтап, 1974 жылы Алға аудандық денсаулық сақтау саласында хирургия мамандығы бойынша интернатура өтіп, еңбек жолын бастайды. Бұл салада табан аудармай 39 жыл, соның 24 жылын басшылық қызметке арнаған.

Қызмет барысында халық денсаулығын жақсартуға, медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған көптеген бастамаларға мұрындық болды. Еңбегі елеусіз қалмай, бірқатар мемлекеттік марапаттармен марапатталды. Сағынғали Айтжанұлы — Алға ауданының «Құрметті азаматы». Зейнетке шыққан соң да қоғамдық өмірден шет қалмады. Әсіресе, жас ұрпақтың бойына отаншылдық пен еңбекқорлықты сіңіру жолында аянбай еңбек етіп келеді. «Рухани жаңғыру», «Туған жерге тағзым» бағдарламалары аясында өзінің кіндік қаны тамған Подхоз елді мекенін көркейтуге атсалысып, ауылға газ, жарық, таза ауыз су жеткізу ісіне ұйытқы болды. Бұл — туған жерге деген нағыз жанашырлықтың айғағы.

Сағынғали Айтжанұлының өмір жолы — тынымсыз еңбек пен табандылықтың жарқын үлгісі. Бүгінде ол — абыройлы ақсақал, ұрпағына үлгі, елге сыйлы тұлға, сүйікті жарының тірегі, балалары мен немерелерінің мақтанышы.

Туған күнінде ел ағасына зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасы амандығын тілейміз. Сағынғали Айтжанұлы адал еңбектің, туған жерге деген сүйіспеншіліктің, адамгершілік пен парасаттылықтың айқын бейнесі болып, ел жадында мәңгі қалары сөзсіз.

    Алға аудандық “Жұлдыз-Звезда”           газетінің ұжымы