Үшқұдықтың сабыны – сұраныста
Тұрмыста түрлі жаңалыққа қарамастан қай кезде де тұтынушысы табылатын тауар – кір сабын. Себебі аталған өнімнің үй шаруасында көп қолданылатынында, әрі бағасының төмендігінде болса керек. Ал сабын өндіру ісіне келсек, көзін тапқанға бұл – тиімді бизнес. Өйткені шикізат нарықта қолжетімді. Үшқұдық ауылының тұрғыны Сәндібек Оспанов шағын кәсібін қолға алып, кір сабын өндірумен айналысып келеді.
Бүгінде ауданда кәсіпкерлер саны күн санап артып келеді. Соның ішінде сабын өнеркәсібі қатары көбеюде. Кір сабын өндірісінің даму көрсеткіші жоғары десек қателеспеспіз. Көп ойланып бір тоқтамға келген Сәндібек ағамыз қайтарымсыз грант арқылы қаражат алып, шағын цехын дамытып отыр.
- 2023 жылы қыркүйек айында қайтарымсыз грантқа құжат қабылдап жатқанын естіп, көп ойланбай сабын жасау туралы шешім қабылдадық. Сөйтіп, Сәндібек ағаң екеуіміз қажетті ақпараттарды іздеп, зерттеп кәсібімізді бастадық. Кір сабын жасау технологиясын үйренгеннен соң, қажетті құрал-жабдықтарды алып, тәуекелге бел буып, іске кірісіп кеттік. Кәсібімізді 1 млн 380 мың теңгемен бастадық. Бір қуанарлығы, ауылдағылар отандық өнімге барынша қолдау білдірді. Бүгінде аптасына 300-ге жуық кір сабын шығарамыз. Келесі жолы иіс сабын шығару жоспарымызда бар, – дейді Жайнагүл Оспанова.
Сабын жасаудың әдіс-тәсілдері туралы ақпарат интернетте қолжетімді. Алайда кәсіпкерлер шаруашылық сабынын жасаудың ерекше технологиясы бар екенін, бүгінде соны негізге ала отырып сапалы өнім шығарып отырғанын айтады. Соның нәтижесі болар, аз уақыттың ішінде тұрақты тұтынушылары да пайда болған. Ең бастысы, отандық нарықта шикізат қоры жеткілікті. Кәсіпкерлер бұл тұрғыда сенімді серіктес тауып, тұрақты байланыс жасап отырғанын айтады.
Тұрмыстық химия саласындағы көптеген жаңалықтарға қарамастан, кір сабын сұранысқа ие, әрқашан тұтынушы табылады. Осы өнімді балабақшалар, мектеп, медициналық мекемелер сатып алады.
- Сабынның бағасы қолжетімді. Құны 250 теңгеден басталады. Ал сабынның сапасына келер болсақ, салмағы 300 грамм. Қаттылығы жоғары, жақсы көпіреді. Қатты дейтініміз, сабын қаншалықты қатты болса, сапасының соншалықты жоғары екенін аңғаруға болады. Сабын бағасы грамына қарай арта береді. Сабын қайнату ісі – ежелден келе жатқан кәсіп болғандықтан жылдам бейімделіп кеттік, — деді кәсіп иесі.
Мәншүк САПАРОВА