Ұлттық құндылықты ұлықтаған – «Ақжелең»

 Желдің уілін де, жапырақтың сыбдырын да, құстардың сайрағанын, тауы мен тасы қымбат кең даланың жасыл шөпке шомылып, марқайып жатқанын, табиғаттың барлық жаратылыстарын әртүрлі аспаппен үні мен сазын шығара білген қазақ қандай дана, өнерлі халық десеңші. Бүгін Алға аспаны күйге бөленді, ғажап күйге. 

 Алға қаласының 65 жылдық мерейтойына «Ақжелең» этно-фольклорлық ансамблі, жетекшісі, осы туған жерінің көкорай шалғынын басып, құмын кешкен, қазақтан мұра болып қалған қандай өнер болса да бойына сіңіріп өскен азамат Ынтағали Әлібек өз ұжымымен өнер көрсетті.

      «Ақжелең» этно-фольклорлық ансамблі 10 жыл бұрын құрылған. Ансамблдің қазіргі мақсаты ұлттық көне аспаптарды насихаттау. Қазақтың сыбызғы, сазсырнай, дабыл,       ұра, жетіген, мүйіз, құссайрауық, уілдек сынды аспаптарды халыққа көрсету, көркем үнін жеткізу, — деді Әлібек Серікұлы.

Қысқа уақытқа қайырылған сұхбаттан кейін қазақтың көне аспаптарымен толғаған күй, саз өнері басталды. Аспаптар — сөйледі, сөйлеген жоқ — әсем үнге елітті, еліткен жоқ — қазақтың қым-қиғаш тағдырын баяндады, ұрандаған батыр астындағы сәйгүліктің қыннан суырылып шапқан дүбірі естілді, ерке қыздың қаумалаған халықты тәнті еткен күйіне қанат бітті, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған дәуірдегі алаңсыз сайраған құстардың үні жанымыздан пыр-пырлап ұшты. Өткен тарихқа құрмет пен болашаққа деген үміт дауысы шарықтап сала берді. Қазақтың айтылмаған тарихын аспаптардың үні жеткізгендей болды. Біз сонау ғасырдағы көшпелі халықтың тағдырына сүңгідік, сүйсіндік те.

Қала халқының ықыласын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бәрекелді, шап деген қариялардың дауысы күмбірлеген күйді, сыңғырлаған сазды естігісі келе беретіндей. Рух — сол бір ұлттық құндылықтармен тұтасқан сәулелі өнерді сағынғандай, халықтың қошеметі көңілдерінен асып түскендей болды.

«Ақжелең» ансамбілінің жетекшісі Ынтағали Әлібек халыққа ұлттық аспаптарды таныстырып, әрқайсысының үнін естіртіп, әсем әуенге салып орындап берді. Сыбызғы, сазсырнай, жетіген аспаптары қазір баршамызға таныс. Бірақ ұра, дабыл, мүйіз сынды көне аспаптар ерекше жасалған қалпымен көзге түсті. Ұра — үрмелі аспап, жаугершілік заманда белгі беру үшін қолданылған әскери құрал. Аспаптың үні өте жуан, дыбысы 4 шақырымға дейін жеткен. Оның дыбысын шығару үшін адамдар үлкен көлемде шоғырланып аспапты үретін болған. Дабыл — ұрмалы аспап, пішіні дөңгелек, байырғы заманда өгіздің терісінен жасаған. Бұл аспап та жаугершілік кезде, тойларда қолданылған. Қазіргі таңда осы аспаптың түрін Астана қаласында Азамат Бақия есімді шебер жасайды.

Мүйіз — бұл қазақ халқының өте көне, аңшылық пен әскери жорықтарда қолданылған үрмелі музыкалық аспабы. Атауы айтып тұрғандай аспап ірі қара малдың немесе жабайы аңдардың мүйізінен жасалады.

Көне ғасырдың ғажабын көзбен көріп, құлағымыздың құрышы қанған біздердің төбеміз көкке бір-ақ елі жетпегендей, үлкен де, кіші де мәз болысып, таңдай қағып таңданыстық. Ақ қанатты киіз үйдің салтанаты ғана жетпей қалғаны болмаса, мерекелік концерттен тыс, әріректе ұлттық ойындар ойнатылып жатты. «Мен шығам!»-дескен батыр жүректі балалар қол күресіп, арқан тартысып, тіпті ләңгі теуіп те жарысып жатты.

«Ақжелең» ансамблі орындаған «Ата толғауы», «Балбырауын», «Ақжелең», «Қара жорға», «Ақбаян» шығармасынан соң, қазақтың төкпелі жыры, суырыпсалма өнері — айтысты тамашаладық. Республикалық айтыс додаларының жеңімпазы Айболат Көшкінбай мен Айбат Бекжан  жиналған жұртшылықты айтыс өнерімен сусындатты. «Ер Едіге» жыр мектебінің шәкірттері Алтынай, Жарқынай Жетесовалар жалынды жыр-өлеңімен халықтың рухын асқақтатты. Эстрада мен халықтық жыр-терме өнерінің қатарын тең ұстаған, дарынды әнші Ақбота Қоянбайқызы да әуелеген әсем үнімен көпшіліктің ықыласына бөленсе, «Кербез» триосы ырғаққа үйлескен ән-биімен тәнті етті. Бүгін бір қаймағы бұзылмаған қазақ ауылына, сымбаты жарасқан жезтаңдай әнші, ақын, күйші, сал-серілері бас қосқан аяулы кеште отырғандай болдық.

«Ақжелең» этно-фольклорлық ансамблі — ұлттық өнер мен ұлттық көне аспаптарға жаңа дем сыйлады, құндылықтарды өміршең етті, ғасырлар үнін жалғады, қазақы танымның қасиетін ұқтырды. Ансамбльдің орындауындағы әрбір күйлер мен әуендерде бабалардың ғұмырын, тарихын арқалаған қылқобыздың мұңы, сырнайдың сазы, домбыраның көңіл толқынын серпіген екпінді дүбірі, қазақ халқының бай мұрасы жатыр.

Нұржауған ЖАҚСЫМБЕТ