Алматыда елдегі маңыз­ды саяси науқан қар­саңын­да Құрылтай сай­ла­уына қатысатын жеті саяси партияның өкіл­дері ұлттық теледебат алаңында бас қосты. «Қазақстан» республикалық телерадиокорпациясының ұйымдастыруымен өткен сая­си додада олар сайлауалды бағ­дар­ламаларын таныстырып, ел­дің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы­на қатысты ұстанымдарын ортаға салды. Пікірсайыс Qazaqstan ұлттық телеарна­сы­ның тікелей эфирінде көрсетілді.
Ұлттық теледебат: ел дамуына бағытталған жеті көзқарас

Теледебат «Қазақстанның болашағы – адам капиталы» тақырыбына арналды. Пікірсайыс бес кезең бойынша ұйымдастырылды. Алғашқы бөлімде саяси партиялар өкілдері сайлауалды бағдарламаларын таныстырса, келесі кезеңде олар барлығына ортақ екі са­­уал­ға жауап берді. Бұдан кейін қатысу­шылар бір-біріне сұрақ қойып, өз ұс­танымдарын алға тартты. Төртінші ке­зеңде әлеуметтік желілер арқылы келіп түскен сауалдарға жауап берді. Пікірсайыс соңын әр партияның өкіл­дері қорытынды сөздерімен түйіндеді.

Жеребе қорытындысы бойынша пікірсайысты алғаш болып «Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Серік Егізбаев бастады. Ол өз сөзінде партияның Құрылтай сайлауына нақты әрі жан-жақты әзірленген бағдарламамен келгенін атап өтті. Оның сөзінше, еліміздің орнықты дамуы мен қуатты мем­ле­кет қалыптастырудың негізі – ауыл­­дар мен өңірлердің өркендеуі. Сон­­дықтан ауылды дамыту – басты басымдықтардың бірі. Күшті мемлекет мықты өңірлерден, ең алдымен ауылдан басталады.

Екінші болып сөз алған «Байтақ» партиясының атынан саяси кеңес мү­шесі Нұргүл Қадырбаева партияның негізгі ұстанымын жеткізді. Ол өз сөзінде экология мәселесіне басымдық беріп, Арал өңірінің бүгінгі ахуалына ерекше тоқталды. Сонымен бірге ол адам капиталын дамыту, рухани құн­дылықтарды нығайту және өскелең ұрпақ тәрбиесіне баса мән беру қажет­тігін негізге алды.

Ал «Әділет» партиясы басқарушылар тобы мен саяси кеңесінің мүшесі Ренат Бектұров адам капиталының сапасын арттыру елдің тұрақты дамуының не­гізгі факторы екенін айтты. Оның сө­зінше, білімді қоғам ғана қуатты мем­лекет қалыптастыра алады. Осы­ған байланысты партия алдағы бес жылда мектептерде 300 мың, ал бала­бақшаларда 79 мың жаңа орын ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Сон­дай-ақ Ренат Бектұров  шетелде білім алып келген қазақстандық жастарға қолдау көрсетіп, олар үшін түрлі жеңіл­діктер қарастыру қажеттігін айтып өтті.

Жалпыұлттық социал-демократия­лық партиясының атынан сөз сөйлеген партия төрағасының орынбасары Тазабек Дәкенайұлы партияның басты басымдықтары ретінде жемқорлықпен күресу, бюджет қаржысының ашық­тығы мен әлеуметтік әділеттілікті қам­­тамасыз ету екенін айтты. Оның ай­туынша, ауылда да интеллегенция бар. Олар – мұғалім секілді мамандар. Сондықтан мамандарды қамқорлыққа алу маңызды.

Келесі болып мінберден сөз алған «Ақ жол» демократиялық партиясының саяси кеңес мүшесі Олжас Нұралдинов партияның негізгі ұстанымдары мен сай­лауалды бағдарламасын таныс­тырды. О.Нұралдиновтың айтуынша, Қазақстанның ең басты байлығы – табиғи ресурстар емес, адам капиталы. Сондықтан ұлттық мүддені қорғауға басымдық беру қажет. Шетелдік жер қойнауын пайдаланушылармен жасалған келісімшарттарды қайта қарап, шағын және орта бизнесті қолдауды, отандық өндірісті, цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуды, сондай-ақ білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жетілдіруді ұсынды.

Одан бөлек, Respublica партиясының атынан сөз сөйлеген партияның тең төрағасы Екатерина Смолякова ел­дегі кадр даярлау жүйесі мен еңбек нарығындағы маман тапшылығы мәселесін көтерді. Себебі мамандар тапшылығы – өзекті тақырып. Әсіресе мұндай тапшылық ауылды өңірлерде сезіледі. Оның сөзінше, елімізде 500 мыңнан аса мұғалім, 300 мыңнан аса дәрігер болса да, осы салаларда, әсіресе арнайы педагогикада мамандар тапшы. Мәселе жоғары сапалы мамандардың тапшылығында жатыр. Сонымен қатар ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандарды оқыту мәселесін де көтерді. Түйінінде нарықтың сұранысын 5 жыл емес, әр жыл сайын саралап отыру керегін баяндады.

Сондай-ақ ұлттық теледебатқа қатысушылар арасындағы ең жас үміткер, Қазақстан Халық партиясының өкілі Ислам Сұңқар жастардың әлеуетін қолдау елдің ұзақмерзімді дамуының маңызды факторы екенін атап өтті. Айтуынша, жастарға үлкен мүмкіндік беру – Қазақстанның жарқын болаша­ғына жол ашу.

Жеті саяси партия өз сайлауалды бағдарламаларын таныстырған пікір­сайыс қорытындысы бойынша өткен онлайн дауыс беруде «Әділет» партиясы 67,1% дауыс жинап, көш бастады. «Ақ жол» партиясы 9,9 пайыз дауыс иеленсе, Қазақстан Халық партиясы 8,2 пайыз дауыс жинады. «Ауыл» партиясы – 5,4 %, Respublica партиясы – 4,3 %, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – 2,2 %, «Байтақ» партиясы 2,1% пайыз дауыс иемденді. Ал ешқай­сысы ұнамады деген нұсқаны 0,8 % дауыс беруші таңдаған.