«Заң керуені»: тұрғындарға құқықтық кеңес берілді


Ақтөбе қаласындағы «Геолог» мәдениет үйінде «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Заң керуені» акциясы өтті. Іс-шараны Ақтөбе қаласының прокуратурасы ұйымдастырды.
Акцияның негізгі мақсаты- тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, азаматтарға тегін заң көмегін көрсету және көкейде жүрген мәселелеріне жедел әрі білікті жауап беру. Сонымен қатар шара барысында қоғамда заң талаптарын сақтау мен құқықтық мәдениетті қалыптастыруға басымдық берілді.
Ақтөбе қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры Гүлнара Сарина атап өткендей, акция аясында тұрғындарға құқық қорғау және мемлекеттік органдардың, заңгерлер мен адвокаттардың мамандары кеңес берді. Іс-шара туралы алдын ала әлеуметтік желілерде, мектептерде және түрлі чаттарда хабарландыру таратылып, тұрғындар шақырылған.
– «Заң керуені» акциясын биыл екінші рет өткізіп отырмыз. Алғашқысы наурыз айында «Keruen City» сауда ойын-сауық орталығында ұйымдастырылып, қала тұрғындарына құқықтық кеңес берілді. Бұл жолы шара «Геолог» мәдениет үйінде өтіп отыр. Негізінен осы Қарғалы тұрғындары келіп, өздерін толғандырған мәселелер бойынша мамандарға жүгінді, – деді Гүлнара Сарина.
Акция барысында жұмыс бірнеше бағытта ұйымдастырылды. Құқық қорғау органдарының өкілдері қылмыстық және әкімшілік заңнамаға қатысты сұрақтарға жауап берсе, мемлекеттік органдардың мамандары әлеуметтік, жер және тұрғын үй заңнамасын түсіндірді. Ал заңгерлер, нотариустар мен сот орындаушылары азаматтарға өз салалары бойынша кеңес берді.
Мамандардың айтуынша, тұрғындар көбіне жер заңнамасы, зейнетақы мәселелері, пробация, сотталған азаматтардың құқықтары, еңбек қатынастары және басқа да әлеуметтік-құқықтық мәселелер бойынша кеңес алуға келеді.
Акцияға келген зейнеткер Тасқан Аяпов та бірнеше мәселені көтерді. Ол тұрғындардың қауіпсіздігі, аулалардағы тазалық, қоқыстың уақытылы шығарылуы және кәмелетке толмағандардың мопедпен жүруіне қатысты алаңдаушылығын жеткізді.
Азаматтың сұрақтарына облыстық полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бөлім бастығы Ақгүл Қасанғалиева жауап берді. Оның айтуынша, тұрғындар аумақтағы тәртіп пен қауіпсіздікке қатысты мәселелерді учаскелік полиция инспекторларына хабарлай алады. Қажет болған жағдайда профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
– Кейбір жағдайлар тұрғындардың қауіпсіздігіне алаңдаушылық туғызады. Әсіресе балалардың мопедпен жүруіне байланысты ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды. Мұндай мәселелер бойынша учаскелік инспекторларға хабарласып, тиісті шара қабылдауға болады, – деді Ақгүл Қасанғалиева.
Тасқан Аяпов көршісінің кескен ағашына қатысты да мәселе көтерді. Оның сөзінше, тұрғындардың бірі ауласындағы кесілген ағаштарды жеке үйдің шаруашылық алаңына шығарған. Көршілері қанша ескерткенімен, үйінді әлі сол күйінше тұр. Осы жағдайдың заңдылығына қатысты кеңес сұраған азаматқа мамандар мұндай мәселелерді заң талаптарына сәйкес тексеру үшін тиісті тәртіппен өтініш берудің қажеттігін түсіндірді.
– Егер мәселе заңсыз ағаш кесуге қатысты болса, оған заңда белгіленген жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан жағдайды нақтылау үшін тиісті органға арыз немесе өтінішпен жүгіну қажет. Сіздің өтінішіңіз тіркеліп, сол бойынша тексеру жүргізіледі, – деп түсіндірді Ақгүл Қасанғалиева.
Сонымен қатар полиция өкілі аумақтағы тазалық пен қоршаған ортаны қорғауға байланысты мәселелердің де назардан тыс қалмайтынын айтты. Полиция департаментінде табиғатты қорғау бағытында қызмет атқаратын арнайы қызметкерлер бар. Олар қоқыстың жиналуы, заңсыз ағаш кесу және басқа да экологиялық мәселелер бойынша тиісті шаралар қабылдайды.
Шара барысында Тасқан Аяповтың байланыс деректері жазылып алынып, көтерген мәселесін зерделеу үшін тиісті мамандарды жіберу жоспарланды.
Жалпы, «Заң керуені» акциясы тұрғындарға құқықтық мәселелерін мамандарға тікелей жеткізіп, заң аясында шешу жолдарын білуге мүмкіндік берді. Мұндай кездесулер азаматтардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, халық пен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.
Арайлым НҰРБАЕВА.





