Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі

Ауданымызда жасөспірімдер арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, заңды құрметтеу және құқықтық мәдениетті қалыптастыру, буллинг пен зорлық-зомбылықтың, ғаламтордағы және киберкеңістіктегі қауіптердің алдын алу, оқушылардың қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру мақсатында Алға аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен кездесу өтті.

Маңызды шараға Алға ауданы әкімінің орынбасары Сансызбай Мұқанов, Алға ауданы полиция бөлімі бастығы, полиция подполковнигі Нұрбол Ибраев, полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Асылан Шотанов, Алға аудандық білім бөлімінің басшысы Дабылбек Құдайбергенов қатысып, сүбелі пікірлерін ортаға салды. Бұл кездесудің ерекшелігі қатысушылар тек келген қонақтарды тыңдап қана қоймай, өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, талқылауда болды. Жан-жақтан қауіп-қатер төнген қоғамда өмір сүре білудің өзі де қазіргі кезде оңай емесі баршамызға мәлім. Себебі, күнделікті өмірде болып жатқан жайсыз жағдайлар, алдап-арбау, зорлау, күш көрсету, қорқыту секілді факторлардан өзіңді аман алып жүрудің өзі қиындап кетті. Әсіресе, жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығы мен  қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.

Кездесу барысында жасөспірімдерге заң талаптарын түсіндіру, ғаламтордағы алаяқтық, буллинг, бопсалау, жалған ақпарат пен қауіпті онлайн-байланыстар, отбасындағы және білім беру ортасындағы психологиялық ахуал және т.б. көптеген өзекті мәселелер туралы ашық айтылып, алдын алу бойынша бағыт-бағдар берілді.

Заңды білу арқылы әрбір адам өз құқығын дер кезінде керек жерде қорғай алады. Сол себепті де заңды біліп, үйреніп, қоғамда өзіңді сенімді, әрі қауіпсіз сезіну өте маңызды. Жасөспірімдер түрлі құқықбұзушылықтарға тап болып жатады. Оған олардың отбасындағы жағдай, достарының, араласатын ортасының ықпалы, бос уақытты дұрыс пайдалана алмаудың әсерінен, сонымен қатар әлеуметтік желідегі теріс контенттердің салдары әсер етуі әбден мүмкін. Сондықтан, әрбір ата-ана өз балаларының болашағына бей-жай қарамай, әр басқан қадамын, кімдермен араласатынын, әлеуметтік желіден кімдермен араласып не қрайтынын қатаң бақылауға алуы тиіс. Бала тәрбиесінде сәл жіберілген қателік ертеңгі күні орны толмас үлкен қайғыға немесе келеңсіз оқиғаның орын алуына себеп болуы мүмкін.

Қауіпсіздік – қорқыныштан емес, білімнен, жауапкершіліктен және өзара құрметтен басталады. Заң мен тәртіп болған қоғамда ғана адамның жеке құқығы қорғалып, келешекке деген үлкен сенімі қалыптасады.

 Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ