Заңды қадірлеу – әр адамның жарқын өміріне жол ашатын маңызды шарт — Тоқаев

АСТАНА. KAZINFORM – Адам және оның өмірі — еліміздің Ата заңына арқау болған басты құндылық. Бұл туралы елордадағы «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлі» атты халықаралық форумда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

р
Фото: Ақорда

— Соңғы жылдары мемлекетіміз аса ауқымды құқықтық және қоғамдық жаңғыру жолына түсті. Елімізде жаңа саяси мәдениет қалыптаса бастады. Біз өркениетті ел ретінде Заң мен тәртіп қағидатын ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналдыруымыз керек. Барша азаматтарға, әсіресе, жастарға заңды құрметтеу, заңға бағыну қажет екенін қарапайым тілмен жан-жақты түсіндірген жөн. Заңды қадірлеу, тәртіпті қолдау, бұл — әр адамның жарқын өміріне жол ашатын маңызды шарт. Жалпыұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституциямызда осы негізгі қағидат туралы анық жазылды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Қазақстанның Бас құжаты — барша азаматқа тең мүмкіндік беретін әділетті қоғамның мызғымас тұғыры.

— Адам және оның өмірі — еліміздің Ата заңына арқау болған басты құндылық. Конституцияда азаматтардың құқықтары мен бастандықтарын сақтау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мемлекеттің басты міндеттері ретінде айқындалды, — деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін хабарланғандай, форум барысында Президент мемлекет пен қоғам тұтастығын нығайту алдыңғы қатарлы міндеттің бірі екенін атап өтті.