Жайдары жаз қандай!
Алға аудандық Ізтай Мәмбетов атындағы балалар кітапханасының ұйымдастыруымен балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, бос уақытын тиімді ұйымдастыру және кітапхананы балалар үшін білім мен шығармашылықтың сүйікті мекеніне айналдыру мақсатында «Жаздың жарқын сәттері – кітаппен!» атты мерекелік балалар іс-шарасы өтті.
Жаз мезгілін ұнатпайтын адам кемде кем шығар, бәлкім. Себебі, жаз айлары адам баласына ерекше көтеріңкі көңіл-күй, есте қаларлық сәттер мен естеліктер сыйлайды. Әсіресе, жаз мезгілін балалар асыға күтеді. Жаздың жайма шуақ ұмытылмас күндерін жақсы көңіл-күймен өткізу әр бала үшін үлкен бақыт. Жазғы демалыс кезінде күндерді тек ойын-сауықпен өткізбей, бір мезгіл кітап оқып білім толықтырған абзалырақ.
Кітапхана қызметкерлері қаламыздың жас жеткіншектерінің басын қосып, жаздың соңғы күндерін қызықты әрі пайдалы өткізуге бар ынта-ықыластарымен кірісті. 85 баланың басын қосқан бұл көңілді шарада балалар кітап әлеміне саяхат жасап, көңілді ойындар ойнап, жұмбақтар шешіп, сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар балалар өз өнерлерін ортаға салып, шат-шадыман күйге бөленді. Шараға мектеп оқушыларымен қатар балабақша тәрбиеленушілері де белсене қатысты.
Балалардың тәтті күлкісіне толған іс-шараға арнайы Алға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Артығалин Самғат Жанболатұлы қатысып, барлық балаларға тәттілер сыйлауы шараның көркін аша түсті. Себебі, баланың риясыз күлкісінен, қуанғанынан артық ештеңе жоқ. Балалар үшін мұндай қамқорлық пен жылы ықылас – үлкен қуаныш. Іс-шараға қатысқан әр бала тәтті сыйлықпен қатар, жүрегіне жылы әсер мен әдемі естелік алып қайтты.
Кітап – баланың қиялын дамытады, ойын ұштайды, білімін арттырады. Кітап оқуға уақыт тапқан бала, өз келешегінің кемел болуына үлес қосқаны деп есептеуге әбден болады. Өйткені, «Артық білім кітапта» демекші, кітапты көп оқыған баланың ой-өрісі дамып, сөздік қоры молаяды. Өзін кез келген ортада еркін сезінуіне септігі тиеді. Ал кітаппен өткен әрбір күн – балалық шақтың жарқын естелігі болып қалары сөзсіз.
Жаңа оқу жылына артық білім жинап, жазғы демалыстарынан алған керемет әсерлерімен нық қадам басқан балалар мен бүлдіршіндер аталмыш шарадан өте жақсы әсер алды. Жаздың жарқын сәттерінде жыл сайын кітаппен дос болуға шақырамыз!
Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ