ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ
1-7 маусым аралығында Петропавл қаласында үстел теннисінен 2015 жылы туған және одан жас спортшылар арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында ұлдар арасындағы 20 команда және қыздар арасындағы 16 команда арасынан Ақтөбе облысының командасы жүлделі І орынды жеңіп алды. Чемпионатқа еліміз бойынша 200-ден астам спортшылар қатысты.
Аталған команда сапында Алға балалар жасөспірімдер спорт мектебінің Бестамақ филиалының «Үстел теннисі» бөлімінің спортшысы, Бестамақ орта мектебінің 4 «ә» сынып оқушысы Құттыбаева Әсел Нұрхатқызы жақсы ойын көрсете біліп, үздіктер қатарынан табылды.
Жас спортшы үстел теннисіне 2024 жылдың қаңтар айынан бастап үзбей қатысып келеді. Жаттықтырушысы Қоспанова Айгүл Жәнібекқызының айтуы бойынша Әсел өте алғыр, шапшаң, үйренуге құштар спортшы. Үстел теннисіне қатысқанына көп уақыт өтпесе де ол көптеген жетістіктерге жетіп те үлгерген. Ол бірнеше облыстың турнирлердің жүлделі орындарын жеңіп алып, медаль, кубок, сыйлықтарға ие болған.
Баланың өз күшіне сенімділігін арттыратын, ми қызметін, зейінін, реакция жылдамдығын дамытатын бұл спорт түрін шебер меңгеріп келе жатқан Әселге сәттілік тілеп, жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз! Әлемдік деңгейдегі спорт сахнасын бағындыратын күш-жігер тілейміз!
Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ