Жуырда Тамды ауылдық округінің «Гүлдер-ай» би ансамблі Орал қаласында өткен Республикалық «Дала жұлдызы» дарынды балалар байқауында І  орын алып, Ташкент қаласына жеңілдікпен жолдамаға ие болды.  

Аталмыш конкурс Орал қаласындағы «Жас өрен» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен өткен болатын. Байқауға Ақтөбе, Атырау, Орал қалаларының өнерпаздары қатысып, өнерлерін жоғары деңгейде көрсеткен. «Гүлдер-ай» би ансамблінің кішкентай бишілері байқауда «Қамажай» және «Балалар» биін билеп, ерекшеліктерімен көзге түсті.

— «Гүлдер-ай» жеке би ансамблінің ашылғанына көп уақыт болмаса да, 3 байқауға қатысып жүлделі орындарға ие болып келеміз. Оқушылардың би өнеріне деген қызығушылықтары жоғары. Сабақтан қалмай, жауапкершілік танытып жүр. Бұған тікелей ата-аналарының да әсері бар деп ойлаймын. Осы орайда, жас бишілерміздің ата — аналарына әрдайым қолдау білдіргендері үшін алғысымды білдіремін, —деді жас бишілерді би өнерінің қыр-сырына баулып жүрген жетекшісі Қыдырбай Гүлайым Өтемісқызы.

24 жыл еңбек өтілі бар Гүлайым Өтемісқызы “Гүлдер-ай” би ансамбліне жетекшілік етуден бөлек «Жастық жігер» аула клубында да қызмет етеді. Бойындағы өнерін шәкірттеріне үйретуден жалықпайтын және олардың болашағынан зор үміт күтетін, уақытпен санаспайтын ұстазға биік белестер тілейміз! Жеңістеріңіз құтты болсын!

Марал САНДЫБАЙ