Жұмыссыздық және әлеуметтік бағдарламалар
Сұрақ: Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету үшін қайда жүгінуге болады?
Жауап: «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету» қызметі Мемлекеттік қызмет болып табылады. Ол қызмет көрсетуге бөлінеді: стационар, жартылай стационар, үйде күтім жасау және уақытша болу жағдайында. Мемлекеттік қызметті қызмет алушы әлеуметтік қызметтер порталында Aleumet.gov.kz ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) көмегімен дербес ала алады немесе тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар органдарына жүгіне алады.
Сұрақ: Жеке көмекші қызметтерін қалай алуға болады?
Жауап: Мүгедектігі бар адамға жеке көмекшінің қызметтерін алу жеке абилитация және оңалту бағдарламасының (бұдан әрі-АОЖБ) негізінде жүргізіледі. Мүгедектігі бар адам АОЖБ негізінде Халыққа қызмет көрсету орталықтарына (ХҚКО) өтініш береді. Өтініш ХҚКО-да тіркелгеннен кейін мүгедектігі бар адам әлеуметтік қызметтер порталы арқылы өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасы негізінде жеке көмекшінің қызмет көрсетушісін таңдайды (егер мүгедекте компьютер және басқа құралдар болмаса, онда ол осы мәселені шешуге көмектесетін консультанттары бар жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне жүгіне алады) Әлеуметтік қызметтер порталында жеке көмекшінің қызмет көрсетушісін таңдағаннан кейін мүгедек жеке көмекшінің қызметтерін ұсынуға шарт жасасады.
Сұрақ: Атаулы әлеуметтік көмекті қалай алуға болады?
Жауап: «Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау» мемлекеттік қызметті алу үшін :
1) тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына, ал ауылдық жерде – кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне өтінішпен және жеке басын куәландыратын құжатпен жүгінеді ;
2)»eGov.kz» порталына ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) көмегімен өтініш береді;
3) проактивті көрсетілетін қызмет арқылы (өтінішсіз, 1414 СМС -хабарлама алғаннан кейн учаскелік комиссия материалдық жағдайына тексеру жүргізуге келісім бергеннен кейін).
Сұрақ: Ақтөбе облысында тұрақты жұмысқа қалай орналасуға болады?
Жауап: Сіз www.enbek.kz сайты арқылы республикадағы барлық жарияланған бос жұмыс орындарын, сондай-ақ тұрғылықты жеріңіздегі Мансап орталығын көру мүмкіндігімен тұрақты жұмысқа орналаса аласыз.
Мансап орталығының қызметкері бос лауазымға үміткерлерді кандидаттың кәсібін (лауазымын), кәсіптік даярлығы мен біліктілік деңгейін, тәжірибесі мен жұмыс дағдыларын, жалақы деңгейін, жұмыс уақытын ескере отырып, сондай-ақ бос жұмыс орнын тіркеу кезінде жұмыс берушілер белгілеген кандидаттарға қойылатын өзге де талаптар мен шарттарға сәйкес іріктейді.
Жұмыс іздеуші, жұмыссыз немесе өтініш берген басқа тұлға Мансап орталығынан лайықты жұмыс туралы ұсыныстарды алған кезде бір жұмыс күні ішінде қолма-қол немесе ұялы телефон арқылы мансап орталығына ұсынылған қолайлы жұмысқа келісімі немесе бас тартуы туралы үш жұмыс күні ішінде хабарлайды.
Үміткерлер жарияланған бос жұмыс орнына жұмысқа орналасуға келісім берген жағдайда және кандидаттар үшін еңбек жағдайлары сақталған жағдайда, мансап орталығының маманы таңдалған кандидаттардың деректерін (резюмелерін) «Еңбек нарығы» ААЖ арқылы бір жұмыс күні ішінде жұмыс берушіге жібереді. Мансап орталығының маманы жұмыс берушіні қызықтырған кандидаттармен әңгімелесу уақыты мен орнын жұмыс берушімен келіседі.
Мансап орталығының маманы мобильді абоненттік құрылғы арқылы үміткерлерді жұмыс берушімен әңгімелесу уақыты мен орны туралы хабарлайды.
Жұмыссыз тұлға әңгімелесудің уақыты мен орны туралы мансап орталығы хабардар еткен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша жұмыс берушіге жүгінеді.
Жұмыс беруші кандидатты жұмысқа қабылдауға жіберген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде мансап орталығына жазбаша түрде немесе enbek.kz порталы арқылы «жеке кабинеті» арқылы жұмысқа қабылдау немесе жұмысқа қабылдаудан бас тарту туралы хабарлайды.