Жыр қаған
«Өлең деген тумайды жайшылықта, Өлең деген тулайды қайшылықта» — деп Мұқағали Мақатаев жырлағандай өлең жазатын ақынның әлемі өзгеше, сөздері өміршең, ойы терең. Ғайыппен астасып жатқан сезімі қылдан да нәзік, мөп-мөлдір.
Бақ бойында сұлу күздің сап-сары жапырақтарын кешіп, Алға ауданының Мәдениет үйіне тарттық. Біз көптен елегізіп күткен шара болмақ. «Жыр қаған» — ақындар арасындағы поэтикалық дуэль сайысы. Тақырыбының өзі ерекше, сірә, ақындар да сондай болғандықтан шығар. Поэтикалық дуэль сайысында Ақтөбе қаласының ақындары Жанерке Жанкеева, Айбат Бекжанов, Нұрсерік Еділбайұлы мен Алға ауданының ақындары Рахметолла Атажан, Асхат Аймағанбетов, Нұраддин Нұрбек кездесіп, екі топ бақ сынасты. Ақындарға кештің арнайы қонағы ҚР Жазушылар одағының мүшесі, қазақ әдебиетінің кенже классигі атанған ақын — Дәурен Тілеухан, Ақтөбе облысы «Тілдерді оқыту орталығының» КММ директоры — Гүлсайран Төлегенова және С.Бәйішов атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың қызметкері — Аманжол Исламғали төрелік етті.
Сайыс үш кезеңнен тұрды: I кезең – «Тұғыры биік туған тіл», II кезең — «Алға – жырдың арқауы», III кезең – «Жыр қаған». Алдыңғы екі кезеңде тақырыбы бойынша өлең жазып келу керек болса, шешуші сәтте қатысушыларға бес түрлі сөз беріліп, бес шумақ өлең шығару тапсырылды. Ақындар бір-бірінен қалыс қалмады, шабыттары шарықтап, суырыпсалма қасиеттерімен әуелете өлең оқыды. «Алға — жырдың арқауы» тақырыбында Алғаның қызына ғашық болған Нұрсерік Еділбайұлының лирикалық өлеңі жүзімізге қуаныш ұялатты. Жанерке Жанкееваның бойына, қаламына дарыған нәзік үні барлығымызды таң-тамаша әсерге бөледі. Екі тарапты бағалауға үш кезеңнің шарттары азға соқты. Әділқазы алқалары қарсылас екі топтан жұптар тағайындап, өз өлеңдерін оқуды ұсынды. Өлең құрымының мазмұны мен мәні үйлескен Ақтөбе ақындарының шығармалары қазылар алқасының да, көрерменнің де көңілінен шықты. Ақтөбеден келген ақындар I орынға, Алғаның ақындары II орынға ие болып, қаржылай сертификаттар табысталды.
Өлеңмен өрілген әдемі кеште ақын Дәурен Тілеуханның жауһардай жырларын тыңдадық. Ақынның «Антиномия» өлеңі Алғаның күзгі кешін сап-сары сағынышқа бөлеп кетті.
Нұржауған ЖАҚСЫМБЕТ