Елімізде тіркелетін қылмыстардың ішінде соңғы жылдары алаяқтық көбейген. Алаяқ бүгінде алаңдатарлық деңгейге жетті. Бүгін Алға аудандық Мәдениет үйінде аудандық прокуратураның бастамасымен «Алаяқтық және оның түрлері» тақырыбында жиын өтті. Жиынға мекеме қызметкерлері мен әр санаттағы қала тұрғындары қатысты.
Кездесуге Алға ауданы прокурорының орынбасары Нұрлан Сандыбай, аудан әкімінің орынбасары Болатбек Кангужин, аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция майоры Темірхан Курманалин қатысып, бүгінгі таңда кеңінен таралған интернет алаяқтыққа қатысты ақпаратпен бөлісті.
Жиында Алға ауданы прокурорының орынбасары Нұрлан Сандыбай өңірде алаяқтық түрлерінің көбейіп кетуіне байланысты алаяқтардың айла-амалдарына түсіп қалмаудың жолдарына тоқтала кетті.
Сонымен қатар, құзырлы орган өкілдері тұрғындарға күмәнді сілтемелер бойынша интернет-сайттарға кіруден бас тартуға кеңес берді. Ғаламтор кеңістігіндегі өзін-өзі ұстау ережелерін әрдайым есте сақтау қажет екендігін, бұл сақтық шаралары қаскүнемдердің қармағына түсіп қалудан қорғайтынын алға тартты. Көбінесе алаяқтар өздерін банктердің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, прокуратураның және басқа да құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырады. Сондай-ақ, белгісіз тұлғалармен атыңызға несие рәсімделіп жатқандығын айтып, қаражаттарыңызды «арнайы шотқа» аудару қажеттігін айтады. Осылайша телефоныңызға арнайы қосымшаларды орнатқызып айласын жүзеге асырады.
Жиын барысында алаяқтардың алдап-арбау тәсілдерін жүзеге асыру үшін неше түрлі айла-шарғыға баратындары айтылып, қоғамда жиі ұшырасатын жағдайларға тоқталып өтті. Бүгінде алаяқтықтың жаңа түрлері пайда болуда. «Instagram» және «OLX» қосымшалары арқылы өте төмен бағада сатылымда өнім бар екеніне жарнама жасап, «What’s App» қосымшасы арқылы сілтемесін жіберіп банк картаңыздағы ақшаңызды жымқырады.
Өз кезегінде, аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция майоры Темірхан Курманалин жиналғандарға алаяқтардың кең тараған айла-тәсілдері мен құйтырқы іс-әрекеттері туралы ескертті. Сәйкесінше, қарапайым сақтық шараларына нақты тоқталып, бірқатар салмақты мысалдар келтірді. Сондай-ақ, «Алаяқтықтың алдын алу» аясында атқарылған жұмыстарға тоқталу барысында тұрғындар ашық микрафон арқылы құзырлы орган қызметкерлеріне сұрақтар қойып тиесілі жауаптарын алды. Бұл қылмыс санының артуына да интернет себеп екені ашып айтылды. Осы орайда жасөспірімдер арасында профилактикалық дәрістер мен кездесулерді жиі өткізіп отыруды ұсынды. Бір сағатқа жалғасқан шара соңында, қатысушылар тәртіп сақшыларына өздерін мазалаған сауалдарын қойып, толыққанды әрі мардымды жауап алды.
Мәншүк САПАРОВА