Отбасылық дәрігер – медицина ертеңі
Адам өміріне араша түсетін дәрігер мамандығын таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейтіні белгілі. Жалпы дәрігер болғысы келетін жандар көп екендігі айтпасада түсінікті. Жалпы медицина саласы бірнеше бағытқа бөлінеді, соның бірі – жалпы тәжірибелі дәрігер. Осы саланың ыстығы мен суығына шыдап жүрген ақ халатты абзал жанның бірі – Асем Қонысбаева.
Асем Қонысбаева 2014-2021 жылдар аралығында Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде білім алған. Еңбек жолын 2022 жылы Алға аудандық ауруханасында балалар дәрігері болып бастаған. Қазірде өзінің мамандығы бойынша жұмысын жалғастырып келеді. Ол дәрігер болуды бала кезінен армандаған. Бойында осы мамандыққа деген сүйіспеншілігі мен өзіне деген сенім болған.
- Дәрігер мамандығы – мамандық атаулы ішіндегі ең қасиеттісі әрі абыройлысы. Аса жауапкершілікті, шыдамдылықты, өз ісіне деген сүйіспеншілікті қажет ететін ұлы мамандықтың бірі. Мен Алға қаласының тумасымын. Оқуымды тәмәмдап, осы ауруханада тәжірибеден өтіп, отбасылық дәрігер болып жұмысқа тұрдым, – деді Әсем Қонысбаева.
Дәрігер деген кең ұғым. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да ауқымды. Дәрігердің еңбегін дәрігер ғана біледі, түсінеді.
- Дәрігер болудың салмағы қаншалықты ауыр болса, жауапкершілік жүгі де соншалықты ауыр. Дәрігерлік кеңес алуға келген пациенттеріме барынша көмек көрсетіп, жіті бақылауға алып отырамын. Бұл жұмыстың өзіндік бір қызықтары бар. Үлкен аға-апаларымыз, 6 жастан жоғары балалар келіп қаралады. Кейде ем алушы науқастармен түсініспеушілік болады. Бірақ, мүмкіндігінше мейірімділік танытып, қолдан келген көмегімді беруден аянбаймын, — деді дәрігер.
Бағалай білген кісілерге медицина қызметкерлерінің тұғыры таймас биік шың. Жалпы медицина қызметкері болу адамға денсаулық, тіпті кейде өмір сыйлау деген сөз іспетті. Әңгімелесу барысында Асем Қонысбаева қарапайым отбасыдан шыққанын жасырмады. Әкесі Тазабай Қонысбайұлы «Неохим» зауытында қызметкер болып жасайды. Анасы болса Құндыз Сапарбайқызы аудандық ауруханада терапия бөлімінде ас таратушы болып қызмет етеді.
Мәншүк САПАРОВА