ЖҮРЕКТІҢ ИШЕМИЯСЫ АУРУЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ
Жүректің ишемиясы ауруы (ЖИА) – жүректің бұлшық еттеріне (миокардқа) қан жеткізілуінің азаюына немесе толық тоқтауына байланысты жүректің жедел немесе созылмалы зақымдануы. Оның даму себебі туралы мәселе күні бүгінге дейін нақты шешілмеген.
Жүректің ишемиялық ауруының негізі — атеросклероз (бұл дегеніміз қан құрамындағы холестерин мөлшерінің өсіп кетуінен келіп туындайды). Және де жүректің коронарлық қан тамырлары қызметтерінің жетімсіздігі салдарынан жүрек ишемиясы мен миокард инфаркті дейтін аурулар пайда болады.
Жүрек ишемиясы ауруын тудыратын факторларды біліп, одан сақ болған жөн. ЖИА тудыратын бірнеше қауіпті негізгі факторларға және жалпы нұсқаулықтарға тоқталсақ.
- Белсенді өмір салты.
Бұл – спортпен айналысу, таза ауада ұзақ уақыт серуендеу, суға жүзу, туристік сапарлар, яғни адамға рахат сезімін сыйлайтын кез келген дене еңбегі. Дене шынықтырумен айналысуды әдетке айналдырғанымыз жөн. Бұл – ыстық су мен салқын суды алма-кезек қабылдау, суық сумен құйыну, моншаға бару. Таңдау көп. Және де әркім өзінің жанына жайлысын таңдап алуына болады. Сонымен бірге осы шаралардың барлығы да қан тамырларының қабырғаларын нығайтады. Осылайша көптеген аурулардың алдын алады. Демалыс та толыққанды болуы қажет. Ұйқының қалыпты ұзақтығы тәулігіне 8-9 сағатты құрайды. Сонымен қатар мүмкіндік болса күндізгі уақытта, әсіресе түс ауа, бір мезгіл дем алып алған жөн.
- Тамақтану.
Біздің дастарханымыздағы майлы, ащы, тұзды тағамдардың молдығы шектен тыс семіруге соқтырып қоймай, тамырларымыздың серпінді қызметіне де кері әсерін тигізеді. Сондықтан қан айналымы бұзылады. Әсіресе, гипертензия кезінде ас тұзының мәселесі өте күрделі, мұндай жағдайда ас тұзын дастарханымыздан алып тастау ең бірінші қажеттілік болып табылады. Бірақ басқа сау адамдар да жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу үшін осы қағиданы ұмытпағандары абзал. Адам ағзасындағы тұздың көп болуы бүйрек жұмысына кері әсерін тигізіп, ағзадағы сұйықтықтың сыртқа шығуына кедергі келтіреді, осылайша тамырларымыз бен жүрегімізге артық салмақ салады. Сонымен қатар, жүрек-қан тамырлары жүйесіне тікелей әсер ететін тағамдардан, атап айтсақ, қою шай, кофе, алкогольдік ішімдіктерден бас тарту керек.
- Темекінің әсері.
Жүрек-қан тамырлары жүйесіне кері әсерін тигізетін әдеттердің бірі темекі тарту екендігі баршамызға аян. Шылым шеккіштердің арасында жүрек-қан тамырлары аурулары кең тараған. Сондықтан да бұл әдеттен толық бас тартуды ұсынамыз. Никотинде (темекіде) у болатындықтан, ең алдымен жүректің жиырылуын жиілетіп, қантамырларын тарылтады. Жүректің бұлшықеттері тез шаршайды. Темекі мүшелерді қанмен жабдықтауды әлсіретеді.
- Еліктеткіш ішімдіктің (алкоголь) зияны темекіден де күшті. Арақтың уы қанға тез сіңіп, ағзаға тез таралады. Жүрек пен қантамырлар жұмысын бұзады. Қантамырлар қабырғасының серпінділігі азайып, осал болады. Адам ентігеді, жүрек қабы майланып, жүрек жұмысына кедергі жасайды.
Жүрек-қантамырлар ауруларының алдын алу үшін ең қажеттісі — көбірек қозғалу. Шыныққан адамның жүрегі қандай жұмыс істесе де көпке дейін шаршамайды. Денесі де ширак, көңілі көтеріңкі болады. Жүректің бұлшықеттері қалыңдап, ырғақты жиырылады. Шынықпаған адам әлсіз, тез шаршайтын болады.
Сонымен, жоғарыда айтылғандардың барлығын қорыта келе дене белсенділігі, өзіңе және өзіңді қоршаған ортаға ізгі ниет, дұрыс тамақтану, зиянды әдеттерден арылу және Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау Министрінің 30.10.2020 жылғы 174- бұйрығы бойынша «Артериалдық гипертензия ауруының алдын алу» үшін скринингтен және де кардиолог маманының тексеруінен өту – жүрек-қан тамырлары ауруы сізге жақын жүрмейтініне сенімді болуыңыздың кепілі болады.
P.S: ЖИА және артериальдық гипертензия ауруын емдеу және олардың асқынуының алдын алу үшін белсенді өмір салтынан және де тұзды мөлшерленген тағамдарды пайдаланудан басқа дәрілік емдерді де пайдалану керек. Ол үшін қазіргі таңда қан қысымын қалыпқа келтіруші жаңа дәрілік топтамалар, мәселен комбинацияланған дәрілер: Трипликсам, Престилол, Липертанс және де Арифам т.б. дәрілерді қабылдау керек (Міндетті түрде дәрігердің нұсқауымен!). Қорыта айтқанда, денсаулыққа зиянды көп аталған факторлардан сақтану әрбір адамның өз қолында. «Жаны саудың — тәні сау» деген қағиданы естен шығармайық!
Қ.Жаумытбаева,
Алға аудандық ауруханасының
жалпы тәжірибелі дәрігері