Жерге – тыныс, елге – ырыс
Ауылда халықтың жақсы өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Көшелерде шамдар жанып, кешкі ауылды жарқыратып тұр. «Ауыл аманаты» жобасы тұрғындарға көптеген мүмкіндік сыйлауда. Аталған жоба туралы газет беттерінде де, әлеуметтік желіде де жарияланып жатырғаны бәрімізге белгілі. Десек те, «Ауыл аманаты» жобасы ауданымызда жақсы жүріп жатыр. Соның ішінде Бесқоспа ауылдық округіне қарасты Есет батыр ауылындағы денешынықтыру залы туралы жазуды жөн көрдік.
Бесқоспа ауылдық округіне қарасты Есет батыр ауылында жаңадан ашылған денешынықтыру залы келушілерге есігін ашты. Мемлекет қолдауымен елге қажетті іспен айналысуды көздеген кәсіпкер Сержан Бирмагамбетов «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алып, өз ісін бастады. Мұнда бір мезгілде 15 адамның жаттығуына мүмкіндік бар.
- «Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясатының басты бағыттарының бірі – халықтың спортпен айналысуына барынша жағдай жасау. Олай болса, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ашылғалы отырған «Денешынықтыру залы» салауатты өмір салтын ұстануға оң ықпалын тигізеді деп сенеміз», – деді ауыл әкімі Жандарбек Бақытжанұлы халық игілігіне берілген нысанның жұмысына сәттілік тіледі.
Тренажер залы қазіргі заманғы спорттық құрылғылармен жабдықталған. Залда жаттығуға арналған заманауи үлгідегі түрлі құрал-жабдықтар, қолдың, аяқтың, іштің бұлшық еттерін шынықтыратын, бой сымбаттылығын реттейтін, жүгіруге арналған тренажерлар, велосипед және өзге де денешынықтыруға арналған шеңбер, доп, секірмек, гантель секілді қажетті құрылғылар қойылған. Жаттығудан кейін жуынатын душ кабинасы да қарастырылған.
- «Ауыл аманаты» жобасы кәсіп ашамын деген адамға берілген үлкен мүмкіндік. Неге бұл мүмкіндікті беріліп тұрғанда пайдаланбасқа. Көп ойланбай бір шешімге келіп, осы жобаға қатысуды шештім. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 7,1 млн несие алып, кәсібімізді аштық. Осы кәсіптің құжаттарын жинақтауға көмек берген ауыл әкімі мен ауылдық округ әкімшілігінің қызметкерлеріне алғысымды айтамын,- деді кәсіпкер.
Денсаулықты нығайтып, спортпен тұрақты шұғылданамын деген жандар үшін қажетті мүмкіндіктер қарастырылған зал да спорт сүйер қауым үшін өз жұмысын бастады.
- Жыл басталғалы жобаға бес адамның құжаттары жинақталды. Нәтижесінде, екі жобаның құжаты ӘКК тапсырылып, бір жоба мақұлданды. Бүгінде ол өз кәсібін ашты. Ал, екінші жоба бойынша қаражат жағы әлі де қарастырылуда. Қалған үш жобаның құжаттары жинақталып, дайындалу үстінде. Алдағы уақытта мүмкіндігінше жобаға қатысушылар санын көбейту басты жоспарларымыздың бірі, — деді ауыл әкімі Жандарбек Бақытжанұлы.
Қазірде өзгеге алақан жаймай, отбасылық кәсіптің көзін тауып, берекелі істің игілігін көру әрине құптарлық жайт. Уақыт көшіне ілесіп, кәсіпті дамытып, кәсіппен айналысуды көздеген тұрғындарымыз бүгінде ауылда жетерлік.
P.S: Ауылдың дамуы – ауданның гүлденуі. Қазақтың қастерлі қарашаңырағы атанған ауылдың әлеуметтік жағдайынығ жақсаруы «Ауыл аманаты» жобасы арқылы алға жылжуда. Сондықтан, бұл жобаның өзі жарқын болашаққа жетелейтіні сөзсіз. Біздің айтқымыз келгені, ебін таба білгенге кәсіп — табыстың көзі. Тек мұрат қойып, сол жолда еңбекті қару ету керек.
Мәншүк САПАРОВА