Жаңа саябақтар балаларға қуаныш сыйлауда

   Алғаның көрікті жерлері күн санап артып келеді. Оған дәлел, қаламыздың ажарын келтіретін орталық саябақтағы балалар үшін жасалған спорт алаңы мен балалар ойын алаңдардың көбеюі. Бүгінде атқарылып жатқан жұмыстар қаламыздың өсіп келе жатқан бүлдіршіндер мен жас ұрпаққа арналады. «Бар жақсылық – балаларға». Кеңес кезеңіндегі осы бір жақсы ұран бүгін қайта жаңғырды. Дұрысы – елдің ертеңін, жас ұрпақты ойлайтын атымтай азаматтар осы бір жақсы үрдісті жалғастырып келеді. Қазіргі таңда Алға қаласында балалар ойың алаңының екеуі бой көтеруде.

Жаңа нысанның халық игілігіне берілуі спорт сүйер қауым ғана емес, жалпы аудан жұртшылығы үшін қуанышты жаңалық болды. Құрылысын жүргізуге жауапты  — «Монолип 2023» мекемесі. Жалпы көлемі 460 шаршы метрді құрайтын спорт алаңында волейбол және баскетбол ойынын ойнауға орнатылған. Ашық аспан астындағы заманауи алаң алдағы уақытта деңгейі жоғары жарыстар ұйымдастыру үшін таптырмас орын боларына сеніміміз мол. Салауатты өмір салтын насихаттап, халықтың спортқа деген ынтасын арттыру мақсатында іске қосылған спорттық нысан ұзағынан қызмет етеріне сенеміз.

Заманауи үлгіде сапалы материалдардан жасалған «әткеншек», «айналмақ», «сырғанақ» кезек-кезек мініп, мәз-мәйрам болған балалардың қуанышында шек жоқ. Аталған 1 тұрғын үй алабында орналасқан ойын алабына жауапты мердігері «Самира» жеке кәсіпкері. Шағын балалар ойың алаңы 2023 жылы бой көтеріп, пайдалануға берілді. Және де Сарыжайлау көшесінде орналасқан воркаут пен балалар ойын алаңын салу жұмыстары 2023 жылы басталып, пайдалануға тапсырылды. Жауапты мердігер «Мир Игровых Комплектов» ЖШС.

  • «Осы маңға жақын тұрамын. Осы балалар ойын алаңының маған ұнайтын жері – алаңның төсеніші. Балалар ойнап жүріп құласа, жарақат алмайды. Төсеніш жұмсақ, жүгіруге, спортпен шұғылдануға қолайлы. Кешкілік осы жерге келсеңіз, балалар турникке тартылып, жаттығулар жасап жатады. Тағы бір айта кететіні, саябақ көше жолынан алыс, әрі қоршалған. Балалар көлік астына түсіп қала ма деп алаңдамайсың. Ендігі уақытта қала тұрғындарына айтарымыз – жасалған дүниені бүлдірмей, керісінше, оларды жақсылап күтіп ұстауға үлес қоссақ, қаламыздың сәнді, әдемі болуына бір ықпалымызды тигізетініміз сөзсіз», — дейді қала тұрғыны Зинақаш Қуандықова.

Бастысы, өзіміз демалған жерде қоқыс тастамай, табиғатты аялап, қорғап жүрсек дейміз. Жалпы ауданда болсын, қалада болсын атқарылып жатқан істерді әлеуметтік желіден біліп отырамыз.

Қандай да бір мәселелерді тұрғындар желі арқылы көтеріп, оны әлеуметтік желіге салып жатады. Түптеп келгенде бұның барлығы сіз бен біздің болашағымыз үшін жасалынып жатқан жұмыстар. Осы ретте аудан мен қала басшыларына алғысымызды айтамыз.

Мәншүк САПАРОВА