Алға ауданына қарасты Қарақұдық ауылында жыл өткен сайын халықтың әл-ауқаты жақсарып, түйіткілді мәселелер шешімін тауып келеді. Соның ішінде жол мәселесі де тұрақты назарда. Қарақұдық ауылдық округі орталығына және елді мекендерінде көшелерге асфальт жабындысын төсеу жұмысы басталды. Биыл да халық игілігі үшін істелініп жатқан дүниелер аз емес.
Бұрын халықтың жолға деген өкпесі «қара қазандай» еді. Әсіресе, жаңбырлы күні. Діттеген жеріне жете алмайтын. Бұл мәселе шешімін тапқандай. Аудан басшысы Нұрбол Бақытжанұлы Қарақұдық ауылдық округіне барып, ауылішілік көшелердің орташа жөндеу жұмыстарын қарады.
Ағымдағы жылы Қарақұдық ауылында 4 көшеге (Федорченко көшесі 1,6 шақырым, Степная көшесі 1,3 шақырым, Центральная көшесі 0,7 шақырым, мектепке апаратын жол 0,79 шақырым) асфальт жабындысы төселетін болады. Тапсырыс беруші «Қарақұдық ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ-сі болса, жұмысты жүзеге асыруға жауапты мердігер – «Бабэк-Құрылыс» ЖШС.
Қазіргі уақытта көшелерді тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Қалған жұмыстар өз кезегімен жүзеге асырылады. Аудан басшысы жасалып жатқан жұмыстарды қарау барысында мердігермен сөйлесіп, жұмысты жүзеге асырудағы жоспарын тыңдады. Әңгімелесу барысында келісім-шартта көрсетілген сапа мен уақытты назарға алуды тапсырып, істеріне сәттілік тіледі.
Мәншүк САПАРОВА