Бөтеннің мүлкін жымқыру — ұрлық
Адам бойында жаман да, жақсы да қасиеттер болады. Ата-анасы баласын өмірге әкелгенде жаман бала болсын деп тәрбиелемейді. Баланың қандай болуы отбасына да, жүрген ортасына да байланысты. Осы тұста қоғамдық тәртіпке баса назар аударған жөн. Өйткені, қоғамда тәртіп болмаса, ол құлдырайды, яғни келешегі болмайды.
Әлбетте, ешбір жан жаман адам боламын демейді. Кейбірі нашар ортаға тап болып, жаман қылықтарға әуестенсе, енді бірін бала кезінен солай тәрбиеленеді. Осылайша бала өскенде отбасынан алған тәрбиесін басқаға айырбастап, жаман жолға түсуі мүмкін. Соның бірі – ұрлық. Ұрлықтың қай заманда болсын қоғамға әлеуметтік әсерінен бөлек, саяси салқыны, мәдени зардабы да орасан. Ең жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың бірі – меншікке қарсы қылмыс. Ол тек қоғамда емес, мемлекетке де материалдық зиян келтіреді. Жеңіл пайданы көздеген ұрылардың торауылдайтын тағы бір басты нысаны – пәтерлер. Қазіргі таңда ұрлықтың едәуір бөлігі – пәтер ұрлығы болып табылады. Кейбір жағдайда бұл қылмыстың арты ауыр жағдайларға әкеліп соғып жатады. Мәселен, адам өлімі. Сондықтан да, бұл қылмысқа тосқауыл қою жолы – жаза.
Бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру дегеніміз – ұрлық. Бұған басқа анықтама жоқ. «Уақытша ала тұрдым», «Кейін қайтарып берімін» деудің бәрі қателік. Рұқсатсыз алудың өзі жымқырумен тең. Сондай-ақ, біреудің үйіне рұқсатсыз кіргеннің өзі қылмысты ауыралататын мән-жай болып табылады. «Ұрлық түбі қорлық» деп дана халқымыз бекерге айтпаған. Оның арты жақсылыққа апармасы анық. Егер ұрлық жасаса, сол ісі әшкереленіп өзі қорланады. Біреудің тапқан табысын, адал еңбегін қанау барып тұрған азғындық. Сондықтан, оны ауыр қылмысқа жатқызу дұрыс тұжырым деуге болады. Ұрлық – әдетке айналады. Ал, әдет әдепті бұзатыны айдан анық. Бұның бәрі ауыр күнәға апарады. Бүгін тегін олжаға кенелгенмен, оның да сұрауы бар екенін ұмытпайық.
Ұрлық жасау кезінде айыпты мүлікті заңсыз алғандығын ұғады. Бұл әрекетімен ол меншік иесіне залал келтіргендігін де алдын ала біледі. Ұрлық жасайтын тұлғаның міндетті нышаны – пайдакүнемдік мақсат. Осы тұста «Ұрлық — түбі қорлыққа» жеткізетінін ескеріп, жастардың арасында осы тақырыпты қозғау өте маңызды. Өйткені, көп жағдайда ұрлықты жастар жасап жатады. Отбасында дұрыс тәрбие көріп өскен бала болса да, кейін бірге жүретін ортасына еліктеп жаман әдетке әуестеніп алып жатады. Жастар бұл әрекетті алғашқы кезде оның салдарына мән бермей жасауы мүмкін. Сол себепті жағдай ушығып кетпей тұрып жас жеткіншектер арасында профилактикалық шараларды жиі өткізіп, ата-аналармен, мектеп ұжымымен бірігіп жұмыс жасау қажет.
Ж.Пірімжанов,
Алға аудандық құрылыс, сәулет және
қала құрылысы бөлімінің басшысы