Бір ауыл — бір өнім

 Алғалық кәсіпкерлермен кездесу өтті. Шараның ұйтқысы болған Ақтөбе облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы. Ұйымдастырушылар — Алға аудандық әкімдігі мен аудандық кәсіпкерлер палатасы. Кездесуге Ақтөбе облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева, Өңірлік кәсіпкерлер Кеңесінің төрағасы Асхат Айтжанов, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов, Ақтөбе облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқарма басшысының орынбасары Жадан Бисенбин, аудан прокуроры Нұрбек Тұрышов, аудан әкімі Нұрбол Ержанов қатысты.

Қонақтарды қарсы алған аудан әкімі Н.Ержанов Алға қаласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды көрсетті. Нақтырақ тоқталар болсақ…

Ақтөбеден ат басын тіреп келген қонақтар Алға қаласында жасалып жатқан жаяу жүргіншілер жолы, құрылысы басталған жолдар, суағарлар, «Ауыл аманаты» жобасы аясында кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлердің, сондай-ақ, «Белсенді өмір сүру орталығының» жұмысын қарады.

Белсенді өмір сүру орталығы екі жылға жуық уақыт ішінде аудан орталығындағы зейнеткерлердің басын біріктіріп үлкендердің екінші үйіне айналып орын. Орталық басшысы Бақыт Қарағұлқызы қонақтарға атқарылған жұмысты таныстыра отырып, екі жылда жеткен жетістіктерін көрсетті. Сонымен қатар, орталық атынан облыстық мәслихат төрағасы Г.Сүйінтаеваға қариялардың өз қолдарымен дайындаған қолөнер туындылары сыйға тартылды.

Семинардан бір сәт…

 

Алтын Орда мейрамханасында өткен семинарға облыстық микроқаржы мекемелерінің, ауылшаруашылық басқармасы, аудандық кірістер басқармасы, Аграрлық несие корпорациясы, «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы, «Даму» қорының мамандары қатысып, аудан кәсіпкерлерін мемлекеттік қолдау бағдарламаларының шарттарымен таныстырды.

Шарада «Бір ауыл — бір өнім» жобасы аясында өз ісін ашып отырған кәсіпкерлердің дайындаған көрмесі көрсетілді. Көрмеге ет, сүт, ұн, жылыжай өнімдері қойылды. Семинар барысында кәсіп ашуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар, сондай-ақ қолға алынған істі кеңейту жолдары түсіндірілді.

Қатысушылар тарапынан кәсіппен айналысудағы пайда болған кедергілер туралы сөз қозғалып, шешімі табылмай жүрген сұрақтар қойылды. Барлық сұрақтарға Заң аясында жауап қайтарылып, кәсіпке қатысты тың ақпараттар айтылды.

Семинардың екінші кезеңінде «Бизнесті басқарудағы тиімді ойлау әдістері» тақырыбында Ақтөбеден арнайы шақырылған кәсіпкер, бизнес-жаттықтырушы Әнуар Төлепбай жергілікті іскерлермен тренинг өткізді.

Мәншүк САПАРОВА