Адал кәсіп абыройға жеткізер
Бие сауып, қымыз дайындау жастардың да қолынан келеді. Алғалық Қуаныш Айғалқаның ашқан кәсібі — соған дәлел. Қуаныштың негізгі мамандығы — құрылысшы. Алайда жастайынан ат жалын тартып, кең жайлау дархан далада еркін өскен кейіпкеріміз төрт түліктен ешқашан қол үзгісі келмейтінін жасырмады.
- Қарапайым қазақтың баласымыз. Әкем бұрын такси жүргізушісі болып қызмет етті. Қазір күзетші болып жұмыс жасайды. Анам бұрын №3 Алға қазақ орта мектебінде мұғалім болып жұмыс жасады. Қазіргі таңда Алға ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде жұмыс жасайды. Әкем есін білгелі малдың арасында өскен. Жастайынан Қарабұтақтың Қайрақты ауылында малшыларға жәрдемші болып мал қыр-сырының барлығын үйренген. 1996 жылы ауылдан Алға қаласына көшіп келдік. Бүгінде Қазақ көшесінде тұрып жатырмыз. Қалаға келгесін қаланың тіршілігі өзгеше болды. Малдың барлығын сатып жібердік. Түскен қаражатқа әкем көлік алып такси жүргізуші, ал анам, мұғалім болып жұмыс жасады. Аллаға шүкір біздерді өсіріп жеткізді. Отбасында 4 ер баламыз. Мен үйдің үлкенімін. Бүгінде отбасым бар. Енді міне, осы отбасым үшін жұмыстанып жатырмын, — деді кәсіпкер Қуаныш.
Алғалықтарға «ALGA-SAUMAL» атымен жақсы таныс Қуаныш Талғатұлының кәсібі бүгінде дөңгеленіп кеткен. Ол 2023 жылы «Ауыл Аманаты» жобасы арқылы 3,850 млн несие алған. Қай қазақ болмасын жылқы десе делебесі қозады. Қылқұйрықты жануарға деген сүйіспеншілігі атакәсіпті игеруге себепші болғандай.
- Бұл кәсіппен айналысуға бірден бел бумадым. Бұған дейін бірнеше кәсіппен айналыстым. Алғашқы кәсібімді 15 жасымда бастадым. Той саласында қызмет еттім. Араға бірнеше жыл салып, 2020 жылы әкем екеуміз қайта мал жинай бастадық. Жалпы, малдың басы екі ешкіден басталды. Тапқан табысымызды жинап қой, қашар алып әрі қарай әрекеттендік. Мал шаруасымен айналысу бізге қиынға соққан жоқ. Бала күнімізден ауылда малдың жаныңда жүргесін бірден алып кеттік десемде болады,- деді жас кәсіпкер.
2023 жылдың қыркүйек айында кәсіпкер бие сауып, қымыз жасай бастаған.
Таб
иғи өнімге нарықта сұраныс көп. Саумал бар дегенді естігеннен тұтынушылар бірден жиналған. Ол кезде 3 бие сауатын. Сауған сүт саумалдан ауыспағанын жасырмады.
- Қымызға жылқы сауатын ауылдан сүт алып ағаш күбіде ыстап «ALGA-SAUMAL» брендімен өндіре бастадық. Қымыз жүрген жерде шұбат та жүреді деп Арал қаласынан түйе сүтін алдырып, оны ашытып, шұбат дайындап халыққа ұсынудамыз. Бүгінде сүт өнімдерінің 10 түрін сатамыз. Алла амандығын берсе биыл 10 бие саууға ниеттіміз. Әрине мал шаруашылығы оңай емес. Қиыншылықтары да көп. Биыл кішкене кеш бастағалы жатырмыз. Негізі саумал мамыр айының аяғына қарай басталады. Біздер жылқыларымызға қолайлы болсын деп күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, — деді кәсіп иесі.
Сұраныс саумал мен қымызға көбірек. Шұбат қосымша ретінде жүреді.
Алға қойған мақсаты нық, — әрі айқын. Тұрақты жұмысшыларының да әзірге жоқ екенін жасырмады. Алдағы уақытта жұмысшы қажет болады.
Халыққа сапалы қызмет көрсетіп табиғи сусынды қолжетімді қылуды мақсат етіп отыр. Келешек ұрпаққа табиғи өнімді бала-бақшаларда тегін берілетіндей деңгейге жеткізгісі келеді. Өйткені, саумалда адам ағзасына керекті дәруменнің барлығы бар.
Мәншүк САПАРОВА