Кәсібі жаңаша, шұжығы тамаша
«Әйел – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген жақсы сөз бар. Мұның астарында әйел адамның кез келген ауқымды істерге араласа алатынын, үлкен нәтижелерге қол жеткізе алатынын аңғартатын мағына жатыр. Өйткені, қоғамның түрлі салаларындағы жетістіктерде әйелдердің үлесі бар екені ақиқат.
Айтпағымыз, Ақай ауылының тұрғыны Сәуле Мурзагалиева сүт және ет өнімдерін өңдеуге «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, 5 млн несие алып, өз кәсібін бастады.
Бүгінде Сәуле апайымыз Ақай ауылына ғана емес, жалпы ақтөбеліктерге «Берекелі дастархан» шұжығымен танымал десек те қате емес. Ең алғаш шұжық жасап, кәсіп бастаған кейіпкеріміз бүгінде шұжықтың оңға жуық түрін жасап береді. Осылайша өз ісіне деген қызығушылығы артып, іздене түскенін жасырмады. Расында кәсіптің көзін тауып, көш ілгері жүретін адамдардың ойы үздіксіз дамып отырады. Кәсіпкерлердің креативті ойлай білгенінің арқасында айналасына пайдасы тиіп, оң бастамалар қолға алынады. Олардың үздіксіз еңбектенуінен елді мекендерде жаңа жұмыс көздері ашылып, бәсекелестік пайда болады. Соның арқасында тұрғындардың тұтынатын өнімінің сапасы артып, таңдау көбейе түседі.
– Жұмыстың жеңілі жоқ, әрине. Дегенмен шұжық шығарудың қызығы да, шыжығы да жетерлік. Мәселен, қазіргі таңда жылқы және сиыр етінен шұжық жасалынады. Құс етінен жасалған мәрмәр шұжығы да көптің көңілінен шығуда. Сондай-ақ, жылқы етінен жасалған шұжық сұранысқа ие. Мен өз өнімдеріме барынша қазақша атау беріп, жеген сәтте ауылдың иісі аңқып тұрғанын қалаймын, – дейді Сәуле апай.
Расында, ет жемесе түсіне кіретін қазақ халқы ет өнімдеріне келгенде тазалыққа, ұқыптылыққа, сапасы мен құрамына қатты мән береді. Ал кейіпкеріміз өз үйінің ас бөлмесін өндіріс орнына айналдырғанда шикізатты қайдан табамын деп қиналмады. Бұрын қалада тұрғанын да жасырмады. Кейін кәсіпкер Ақай ауылына көшіп келіп, осы ауылдан кәсіпті бастаған жөн екендігін айтты.
- Әр кәсіптің өз қиындығы болады. Әсіресе, өндіруші кәсіпкерлердің жұмысы ауыр. Өндірген өнімді тапсырыс беруші клиентке апарып береміз. Сондайда тыңдағысы келмейтін кісілер де көп кездеседі. Өнімімізді сатып алушы тұрғындар кейде бірнеше рет сатып алады. Бүгінде тұрақты сатып алушы клиеттерім бар, – дейді кәсіпкер.
Өнімді нарыққа емін-еркін шығару үшін талапқа сай барлық жұмыстар жасалуда. Арнайы сертификат алдық. Ендігі мақсат – өнімнің сапасын тұтынушыларға түсіндіру, сапаның жоғары екеніне көз жеткізу. Өйткені сырттан келетін шұжық өнімдері өте көп. Нарық болғасын бәсеке қызу. Сондықтан тұтынушылар қатарын арттыруымыз қажет екендігін жасырмады.
Қаладан ауылға көшіп келгенімізде үйде бос отырмайық деп, ауылда пицца, торт пісіріп заказ қабылдаған болатынмын. Осылай бірнеше уақыт тұрғындарға ұсынып жүргенімді көрген әкімшілік қызметкерлері келіп «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға түсіндірме жұмысын жүргізген. Көп ойланбай бірден осы кәсіппен айналысуды жөн көрдім. Ақай ауылдық округінің әкімі Баймұрат Жаналин мен бас маманы Тоқмұрат Мұналбайға алғысымды айтамын. Осы азаматтар бастан аяқ көмек беріп, құжаттар жинақтау жағынан көмектеске, — деді Сәуле Мурзагалиева.
Айта кетсек, аудан орталығында өткізілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне де тұрақты қатысады. Тұрақтылық, әрине, тұтынушы талғамынан табылу деп білеміз.
Мәншүк САПАРОВА