Еңбек – бәрін де жеңбек
Бүгінде іс бастаймын деген жанға еш кедергі жоқ деп толықтай айта аламыз. Кәсіппен айналысып, жетістікке жетем дегендерге мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілуде. Тек адамның өзінің бойында іс бастауға деген құлшыныс, қызығушылық бар болса болғаны. Газетіміздің бүгінгі санында біз «Қайтарымсыз грант» бағдарламасы бойынша кәсіптерін жүргізіп отырған ауданымыздағы тағы бір кәсіпкерлер туралы айтуды жөн көрдік.
Бөдене құсы жұмыртқасының пайдалы екендігін бірі білсе бірі білмейді. Бұл күтімді қажет ететін, ептілікті талап ететін құстардың бірі. Бестамақ ауылдық округінің тұрғыны Ахметов Бағдат Ерұзақұлы өз отбасындағы үлкен кісілер бөдене жұмыртқасын пайдаланып, емдік қасиетін көргеннен кейін барып осы кәсіпті қолға алуға шешім қабылдайды. «Қайтарымсыз грант» бойынша қажетті құжаттарды дайындап, ұтып алады. Бағдат Ерұзақұлы 1976 жылы Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Алтықарасу ауылында дүниеге келген. Оның денсаулығына байланысты ІІІ топ мүгедегі болса да ізденіп, грантқа қатысуды жөн көреді. Шыдамдылықты қажет ететін дәл осы кәсіпті жүргізіп, ауыл тұрғындарын бөдене жұмыртқасымен қамтамасыз етіп отыр. Кәсіпті жүргізуге жұбайы көмектесіп, үнемі қолдау білдіріп отырады.
Бағдат Ахметов өз кәсібі жөнінде:
«Бөдене өсіру кәсібімен айналысу үшін 2023 жылы «Қайтарымсыз грант» бойынша 1 млн 380 мың теңге алып, 200 бөдене сатып алған болатынбыз. Сол бөденелерді бір мезгіл (сезон) ұстап шығып, жұмыртқасын саттық. Өзімізде инкубатор бар содан тағы жаңартып шығарамыз деген жоспарымыз бар. Жалпы бөдене өсіру кәсібі көрші мемлекеттерде өте жақсы дамып кеткен. Қазақстанда осы кәсіппен айналысу бойынша Шымкент бірінші орында тұр. Олар 1000-2000 бөденеге дейін өсіріп ұстайды екен. Тіпті бөдене етінен тағамдар дайындап, шипажайларда дәмханалар ашып қойғандарын да естіп жүрміз. Айта кететінім, бөдене өзі сондай ерекше күтімді жақсы көреді. Жемі де қымбат. Өте қатты суықты да, ыстықты да ұнатпайды. Артық иісті де жақтырмайды. Бір сөзбен айтқанда, баланы бағып-қаққандай күтімді қажет ететін құс. Біздің өзіміздің Бестамақ ауылында тұрақты тұтынушыларымыз бар. Сұраныс өте көп. Олардың көбісі үлкен кісілер. Бөдене жұмыртқасы өте пайдалы, әсіресе оны шикі күйінде пайдаланса ағзаға сіңімді болады. Жұмыртқасының құрамында кальций өте көп мөлшерде болғандықтан аяғы ауырып, буыны қақсаған үлкен кісілерге таптырмас ем. Емдеу курсы 10 күн ішіп, 5 күн демалады. Дененің салмағына байланысты күн сайын аш қарынға таңғы астан 30 минут бұрын 1-2 жұмыртқадан ішіп отыру қажет. Алдағы уақытта бөдене етін пайдаға асыру жөнінде ізденіп жүрміз. Мемлекет тарапынан осындай қолдаулардың барына қуанамыз. Көп жағдайда мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс табу, іс бастау қиынға соғып жатады. Ал осы «Қайтарымсыз грант» адамдардың барлық дерлік категориясына арналған. Қандай істі бастасаң да ең бастысы адамда өзіне деген сенімділік болуы керек деп ойлаймын. Әрі қарай еңбегінің жемісін де көре алады.» — деді.
Бөдене жұмыртқасын, етін жергілікті халық тұтынып, денсаулықтарын реттеп жатса әрине қуантарлық жайт. Мүмкіндігі шектеулі болса да еңбек етуден жалықпай, тек алға қарай ұмтылған Бағдат Ерұзақұлының нық қадамдары биік жетістіктерге апарары сөзсіз. Бөдене өсіру кәсібіңіз алдағы уақытта кеңінен қанат жайып, өркендеуіне тілектеспіз.
Марал Жалғасқызы