Өнерлінің қолы алтын
Тоқу өнері – халқымыздың ежелден бері келе жатқан керемет өнер түрі. Бұл өнер арқылы адам жанына тыныштық, жайлылық орнай
ды. Бүгінгі күні тоқыма тоқу өнері жаңаша үлгіде дамып, түрленіп келеді. Ғалымдар тоқыма өнерімен шұғылданған
адамның денсаулығында оң өзгерістер болатынын дәлелдеген. Күнделікті қайталана беретін күйбең тірліктен шаршап кеткен кезде тоқыма тоқып бастаса, кез-келген адамның бойында ерекше серпіліс пайда болатыны да анықталған. Әсіресе, жүрек-қан тамырлары және жүйке жүйесі аурулары мазалайтын науқастарға дәрігерлер бос уақытында дәс осы өнер түрімен айналысуға кеңес беріп жататынын да естіп жатамыз. Осы орайда, газетіміздің бүгінгі санында тоқыма өнерін жанына серік ете отырып, кәсіп көзіне айналдырған Еділова Гүлмира Ағыбайқызы туралы айтпақпыз.
Еділова Гүлмира Ағыбайқызы 1965 жылы 8 қыркүйекте Алға қаласында дүниеге келген. Ол сонау мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінен-ақ тоқымаға қызығушылық танытқан. Кейінгі жылдары үлкен өмірге қадам басып, көршілес Ресей еліне мейірбеке ісіне оқуға түскеннен кейін нақты тоқымамен айналыса бастаған. Сол уақыттарда тапсырыспен түрлі жылы жемпірлер, балалар киімі, бас киімдерді тоқып, аз да болса табыс көзін тауып жүрген. 2023 жылы наурыз айында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша мемлекеттен грант ұтып, өз кәсібіне қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған.
Кейіпкеріміздің шебер қолдарынан шыққан бұйымдардың барлығы дерлік көздің жауын алатындай өте әдемі, жоғары талғаммен дайындалған. Сұранысқа да ие.
Гүлмира Ағыбайқызы:
«- Жалпы тоқыма тоқуды жаным сүйеді. Дәл осы іспен айналысқан кезде менің жан дүнием тыныштанады. Әрбір адамның өмірде өзіндік бір сара жолы болады. Біреулерде ол мамандығымен байланысса, ал біреуде менікі секілді өз хоббиіне байланысты болады. Қазіргі кезде мен түрлі оюлар бейнеленген шәлілер тоқумен айналысамын. Бұл қазіргі заманғы тренд десекте болады. Қолда бар дайын тоқылған шәлілерді әр адам өзі таңдап сатып алады. Ал, үлкен тойлар мен құдалыққа тапсырыс беретіндер өз қалауындағы түсті, жіптің түрін, қандай ою керектігін айтады. Олардың қалауымен тапсырысын орындап, бірнеше күнде дайын қылып жіберемін. Тапсырыс тек қана Ақтөбе қаласынан емес, сонымен қатар Ақтау, Алматы қалаларынан да түседі. Ол жақтың тұрғындары көбінесе үйлену тойларындағы құдалыққа алып жатады. Болашақта осы кәсібімді дамытып, тоқыма цехын ашу жоспарым да бар. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар үшін қуаныштымын. Сүйікті ісімен айналысып, оны кәсіпке айналдыратын жандар үшін бұл үлкен мүмкіндік деп білемін».
Гүлмира Ағыбайқызы тек шәлілер тоқумен тоқтап қалмады, сонымен қоса кардиган, береткалар, кішкентай қыздарға арналған тоқыма көйлектеріне дейін тапсырыс қабылдайды.
Ол өз жобасын ұсынып, мемлекеттен грант ұтып алғаннан кейін тоқыма машинасын және бұл іске керекті көптеген техникалар сатып алған. Кейіпкеріміздің айтуы бойынша тоқыма машинасының ең тиімді жері ол, уақытыңды үнемдейді. Кәсібінің бір ізге түсіп, дамып кетуі үшін Гүлмира Ағыбайқызы барлығын жасауда. «Армансыз адам-қанатсыз құспен тең» дегендей армандау ешқашан да кеш емес. Тек сол асқақ арманды жүзеге асырып орындау үшін адамның бойында күш-жігері болса жеткілікті. Кейіпкерімізге кәсібіңіздің нәсібін көріңіз демекпіз!
Марал Сандыбай