Поэзия падишасына тағзым
Қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғаларының бірі, поэзия падишасы атанған Фариза Оңғарсынованың 85 жылдық мерейтойына орай, Алға ауданында ерекше рухани шара өтті. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және дене шынықтыру бөлімінің ұйымдастыруымен «Поэзия падишасы – Фариза» атты байқау жыр сүйер жас буынды поэзия әлеміне жетеледі.
Фариза Оңғарсынова – жыр әлемінің жарқын жұлдызы, рухани байлықтың символы. Оның поэзиясы қазақ халқының ұлттық болмысын, асқақ рухын, адам жанының сұлулығын бейнелеп қана қоймай, оқырманды терең ойға жетелейді. Ақынның өлеңдерінде ерлік пен қайсарлық, сезімнің нәзіктігі мен тұңғиық тереңдігі үйлесім тапқан. Оның әрбір жыр жолы жанды тебірентіп, жүрекке жылу ұялатады.
Ақынның осындай айрықша мұрасына құрмет ретінде өткізілген байқау қазақ жастарының шығармашылық әлеуетін арттыруды, олардың әдебиетке деген қызығушылығын қолдауды мақсат етті.
Байқаудың басты талабы – қатысушылардың ақынның екі өлеңін жатқа оқуы болды. Бұл талап жас оқырмандардың тек жаттау шеберлігін ғана емес, өлеңді түсіну, оны жүрекпен сезіну қабілетін де сынға салды.
Сайысқа 13-15 жас аралығындағы жыр сүйер жас өрендер қатысып, өнерлерін көрсетті. Жастардың өнеріне әділқазылар алқасы жоғары баға беріп, әрбір қатысушының өлең оқудағы шеберлігін ерекше атап өтті.
Байқау барысында қатысушыларға шығармашылық шабыт сыйлау үшін «Фариза — поэзия әлемінің жарық жұлдызы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмені таныстырған кітапханашы Гүлназ Кубатаева ақынның шығармаларына шолу жасап, тыңдарманды Фариза Оңғарсынованың поэзия әлеміне терең бойлатты.
Жүлдегерлер мен марапаттар
Шара соңында қазылар алқасының шешімімен үздіктер анықталып, байқау жүлдегерлері марапатталды:
- І орын – Еркінбаева Ақжарқын, В. И. Пацаев атындағы №2 Алға орта мектебінің оқушысы.
- ІІ орын – Сағадатова Айым, №3 Алға орта мектебі.
- ІІІ орын – Қаңтаров Мирас, №4 Алға орта мектебі.
- ІІІ орын – Данаева Айым, №3 Алға қазақ орта мектебі.
Қалған қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары мен алғыс хаттар табысталды. Байқау жас таланттардың өз қабілеттерін көрсетуге, әдебиетке деген сүйіспеншіліктерін нығайтуға мүмкіндік берді.
Фариза поэзиясы – рухтың, ерліктің, махаббаттың гимні. Ақынның жырларына деген сүйіспеншілік оның шығармалары арқылы жаңа толқын бойында өріс тауып келеді. Бұл байқау тек өлеңдер оқу ғана емес, ұлттық рухани мұраға терең бойлау, әдебиетке деген құрметтің жарқын көрінісі болды.
Фариза жырларының мәңгілік самалындай естілетін үні жас ұрпақтың жүрегінде әрқашан жаңғырып тұрмақ.
Гүлім КЕНЕШОВА