Ел қорғаған батырлардың ерлігін,

Құрметпенен еске алады ел бүгін.

Тәуелсіздік туы міне, желбіреп,

Гүлге оранды ауыл-аймақ, төр бүгін!

Ертай Сарман

 


 

 

 

 

 

 

 

Сұрапыл соғыста төрт жыл бойы Отан үшін отқа да, суға да түскен нағыз батырларымыздың ерен ерлігі мәңгілік айтыла берсе де жалықпай тыңдай бергіміз келеді. Биыл дархан далаға сүйінші, еш алаңсыз бейбітшілік заман сыйлаған Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Бұл мән-мағынасы өте тереңде жатқан ұлы мереке деп білеміз. Талай ана жүрегі езіліп перзентінен, бейкүнә балалар әкесінен, ағасынан, әйел азаматтар сүйікті жарларынан айырылған бұл соғыстың қайғы-қасіреті аз болмады. Осы тұста отты жылдарда туған жерінің азаттығы үшін аянбай тер төгіп, жауға қарсы тұра білген батыр, Ұлы отан соғысының ардагері, Алға ауданының тумасы Өмірзақ Жалғасбаев туралы оқырман назарына ұсынбақпыз.

Жалғасбаев Өмірзақ 1910 жылы 10 маусымда Алға ауданында (бұрынғы Ключевой ауданы, Жарып ауылында) дүниеге келген. 1933 жылдан бастап ауыл кеңесінің төрағасы болып қызмет етіп жүрген кезінде Ұлы Отан соғысына 1942 жылы 9 қыркүйекте аттанады. Елге 1945 жылдың 2 қарашасында аман-есен оралады.

Ол Ленинград майданында соғысқан, Ленинград блокадасының қатысушысы. Соғыс кезіндегі ерекше батылдығымен көзге түсіп, «Қызыл Жұлдыз», «I және II дәрежелі Отан соғысы» Ордендерімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Ерлігі үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін» медальдарымен марапатталған. Майданнан оралғаннан кейін 1946 жылы кеңес және партия органдарында абыроймен қызмет еткен. Ключевой ауданы (Алға ауданы) Нариманов атындағы колхоздың басқарма лауазымын атқарған кезінде, Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін 1956 жылы Ленин Орденімен марапатталды. Өмірзақ Жалғасбаев Ұлы Отан соғысы жылдарында ерен ерлігімен көзге түсіп, талай қанды шайқастарда Отаны үшін күрескен. Ол соғыста 382-ші атқыштар дивизиясының, 166-шы атқыштар полкінде, лейтенант шенінде Отан алдындағы борышын өтеген. Ұрыстарда взводты шебер басқарғаны және көрсеткен жеке батылдығы үшін Қызыл Жұлдыз орденімен наградталған. Батыр туралы деректер Ресей Федерациясы, Мәскеу облысы, Подольск қаласында Қорғаныс Министрлігінің Орталық архивінде сақталған. Сондай-ақ «pamyat-naroda.ru» сайтында соғыс жылдарында жасаған ерліктері туралы жазылған. Соғыстан кейінгі жылдары да өз елінде басшылық қызметтерді адал атқарып, отбасының тірегіне айнала білді. Бүгінде ұрпақтары тамырын кеңге жайып, өсіп-өнуде.

Батырларымыздың өшпес ерлігі мен бейнесі мәңгілікке кейінгі ұрпақ санасында қалары анық. Бейбіт заманымыз үшін мың алғыс, хас батырлар!

Марал САНДЫБАЙ