Қазақ поэзиясының жарық жұлдызы, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қадыр Мырза Әлидің шығармашылығы өте бай, айтары бар құнды дүние. Оның қай шығармасын алмасақ та, салмақты ой, философиялық толғамға толы. Газетіміздің осы санында біз оқырман назарына ақынның ұлы тұлғалардың сан-қилы өміріне, жалпы Адам атты  жұмбақ жан иесінің тағдырларына арнап жазған «Жазмыш» атты еңбегі туралы ұсынбақпыз.

Қадыр ақын бала кезінен оқу-білімге, қара сөзге өте құштар боп өседі. Өзінің туған жері Жымпитыдағы кітапхананы толық оқып тауысқан деген де естеліктерде айтылады. Сонымен қатар ол жас кезінен бастап өзін-өзі темірдей тәртіпке бағындырып өткен. Күнделікті жұмыстан кейін тамақтанып алған соң Қадыр ақын 1 сағаттай уақыт демалып алып, түн ортасына дейін кейде тіпті таңға дейін шығармашылықпен айналысқан. Той-думандарға көп бармаған, көп жағдайда қалып қоятын болған. Ойын-сауық, тойға кететін уақытты тек өзін-өзі дамытуға, кейінгі ұрпаққа мәңгі өлмес мұра қалдыруға жұмсаған.

Ақынның «Жазмыш» еңбегі 2004 жылы Алматы қаласындағы «Атамұра» баспасында жарық көреді. Жазмыш кітабы – эссе кітабы, өз айтуынша, «ақындар және ақындық қасірет туралы дара көзқарас». Үш бөлімнен тұратын естелік-эссе сан түрлі тақырыпты қозғап, сан түрлі болжамдар жасап оқырманын жан-жақты ойға жетелейді. Ақындықтың оңай жол еместігін, сол жолдағы қиыншылықтар нақтылы мысалдармен келтіріліп жазылғаны мол еңбек пен ізденістің нәтижесі екендігін аңғартады. Осы кітабы жарыққа шыққаннан кейін «Сіздің «Жазмышыңызда» ақындардың айрықша оғаш мінез-құлқы немесе діңкелеткен дерті туралы, оқыс іс-әрекеттері туралы мол және қызықты баяндалған. Сол өзіңіз суреттеген ауру-сырқау және мінез-құлықтардың әйгілі ақындардың шығармашылығымен тура байланысы бар ма, қалай деп ойлайсыз?» деген қаламгер Қали Сәрсенбаймен сырласуында Қадыр Мырза Әли былай деп жауап береді:

« — Бар болғанда қандай! Мысалы, әлемге әйгілі Достоевскийдің ауруын алайық. Ол өмір бойы ұстамалы аурудың темір құрсауынан босана алмаған адам. Адам үшін ол – сор, бақытсыздық, қасірет. Сөйте тұра жазушы үшін керемет сәт. Сол сәттерде ол өте өнімді және өте әдемі жазатын болған. Шығармашылық процесс – ауру түгілі, сау адамның өзі үшін түсініп болмайтын күрделі, аса күрделі құбылыс. Оны тек байқайсың, сезінесің, бірақ талдап бере алмайсың! Тіпті жас кезімде осындай бір тылсым қас қағымдар жайлы былай деп жазғанмын:

Жүрекпен жүйке егессін,

Жыр-көңіл сонда толғайды.

Жынды деп жынды емессің,

Жынды емес деуге болмайды.

Тебісіп ырғақ, миында,

Төгесің сырды отырып,

Адам деп айту қиын да,

Құдай деп айту өтірік!

Қайталап айтамын: бұл өзі ақыл аумағына сыя бермейтін құпия құбылыс.»

« Жазмыш» кітабын оқи отырып, оқырман ұлы адамдар туралы көпшілік біле бермейтін тұстары туралы мол мағлұмат ала алады. Кітапта тылсым дүинелер туралы да жиі жазылған. Кітаптың бірінші бөліміндегі «Көріпкелдік-әулиелік» деген тақырыпта жазылған оқиғаларға тоқтала кетсек. Кітапта белгілі ақын, қазақ ауыз әдебиетін жинауда зор еңбек еткен оқымысты, әдебиетші Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің көріпкелдігі сөз етіледі. Ұлы тұлғаны әсіресе, арқалық ағайындар әулие тұтады. Ол алдын болжап отыратын көріпкел болған деседі. Тірі кезінде туған-туыс, көрші-қолаңның барлығын жинап өзіне ас беретін кісі болған. Мәшһүр Жүсіп Көпеев 72 жасқа толған кезінде ас бергенде халыққа былай деген екен: « — Уа, халайық, мен бүгінде жетпістің екеуіндемін, қазір балталаса да өлмеймін. Ал келер жылы пайғамбардың өзі арнайы келіп қолқаласа да тірі қалмаймын! Бұл менің асым. Амандық болса, бір жыл өткен соң дүние саламын!». Сол кезде жиналған жұрт аң-таң болып, не дерін де білмей қалады. Дәл сол жылы ол кесенесін тұрғызып үлгереді. Яғни, өзінің дүине салғаннан кейін жерін арнайы салдырады. Екі қабатты етіп салдырған кесененің екінші қабатында көздің жауын алар әдемі жиһаз-мүлікке толы болады. Тіпті кітапханасын да сол жерге көшіріп әкеліп қойған.

Сөйтіп, бір жыл да зымырап өтеді де кетеді. Кешегі асына жиналған қауымға Мәшһүр Жүсіп дүниеден өтті деген хабар да келіп жетеді. Ел-жұрты жиналып, арулап көмеді. Көміп қана қоймай, өзінің айтып кеткен ақыл-кеңестері бойынша көркемдейді. Кейін бұл жер қасиетті мекенге айналады. Халық келіп тәу етіп, құран оқып, мінәжат қылады. Жаратқаннан перзент тілейтін болған. Әсіресе, ауру-сырқау, мүгедектер үлкен сеніммен баратын болған. Ал, кеңес өкіметі ондай оғаш әрекеттерді ұната қоймайтын. Шыдамы таусылған облыстық партия комитетінің бір хатшысы аудандық партия комитетінің бір басшысына телефон соғып, Мәшһүр Жүсіптің кесенесін құрту жөнінде нұсқау береді. Аудан басшысы бұл шаруаны милицияға тапсырады. Бірақ бұйрықты беру бар да орындату бар ғой. Ал орындау қашанда қиындау. Қарапайым халық әулие тұтқан аруағына қол көтеруші ме еді?! Көтермейді! Қазақ атаулы ат-тондарын ала қашады. Амалдары таусылған милиция жергілікті жұрттың тарихымен, әдет-ғұрпымен мүлдем таныс емес бір келімсек тракторшыға ақшасы мен арағын қоса беріп өтініш жасайды. Басы ауырғанда Мәскеуді өртеп жіберуге дайын жүретін ағайын бірден көне кетеді. Ағаштан қиып тұрғызған шағын кесене тарктордың тегеурінін қайдан көтерсін, қисайып барып құлайды. Жұрттың айтуы бойынша, содан кейін әлгі тәуекелшіл тракторшы жынданып ауырады. Оған тапсырыс берген милиция бастығының аузы қисайып кетеді. Бұл оқиға шын өмірде болған. Әулиелік – бұл тылсым күш, құдірет екендігіне басқа қандай дәлел керектігін жазушы жеткізе білген.

Қаламгер Қали Сәрсенбай  Қадыр Мырза Әлидің таланты туралы ашып айтып, басқа ақындардан ерекшеленетін тұстары туралы басып айтады. Оның айтуынша, қазіргі кездегі бәзбір ақындар аса талантты бола тұра, ұзаққа шаба алмайды. Ақырында өздерін жоғалтып жатады. Оның басты себебі – олар ізденбейді, көп оқымайды, арзан қолпаштауды жандары сүйеді. Содан да болар олардың өрісі тарылып қалады. Тәңірден адамға 60-70 пайыз талант берілсе, қалғаны адамның өз қолында. Яғни, айтпағымыз берілген талантты пайдаланып әрі қарай тереңірек үңілу, үздіксіз іздену. Өкінішке орай, көп жағдайда бұны көбісі пайдалана алмай жарты жолда қалып кетеді. Ал, Қадыр ақын мәселенің екнші жағын шебер пайталана білген биік тұлға. Ол ешқашан ізденуден, оқудан жалықпаған еңбекқор ақын. Оған осы «Жазмыш» еңбегі дәлел. Бұл кітапта Қадыр ақын өмір бойғы оқуының көп ұзаса 50 пайызын ғана халыққа ұсынып отыр. Оқырманның осынша өмірді, осынша қызықты, қиын, күрделі тағдырларды, құбылыстарды, жаңалықтарды, оқиғаларды өмір бақи білмей кетуі де әбден мүмкін еді. Себебі, көп оқырман өмір бойы іздегенін осы кітаптан тауып жатты.

Қадыр Мырза Әлидің «Жазмыш» кітабында тек ұлы адамдардың тағдылары жөнінде ғана сөз қозғалмаған, сонымен қатар экологияның өзекті мәселелері де айтылған. Мысалы, «Халің қалай, қайран орта – табиғат?» деген жазбасында көпшілік біле бермейтін болжамдармен бөліседі. Мысалы, ақынның мына бір дерегі шынымен де дәл айтылғандай: «Жердің температурасы бірте-бірте жылып барады. Бұған күннің ешқандай қатысы жоқ. Оның бәрі атмосфераға шамадан тыс газдың көтерілуінен. Оның ақыры ешбір жақсылыққа апармайды. Ғалымдардың болжамы дұрыс болса, өзіміз жиі айтып жүрген 2030 жылы ауаның температурасы 3 градустан 9 градусқа шейін жоғарыламақ. Сонда мұзды мұхит еріп, әлемдік мұхиттың деңгейі көтеріледі. Дүниені топан су басады. Ондай жағдайда алдымен Америка жағалауы, соның ішінде Чарлстон және Жаңа Орлеан қалалары бірден суға кетпек. Басқа басқа, таза ауа жұтатын жер қалмайтын тәрізді. Прогресс, өндіріс бар болсын, өндірістің қалдықтарын өртеудің салдарынан жыл сайын атмосфераға 570 тонна қорғасын, 31 тонна кадмий, 63 тонна сынап, бұлардан басқа да бірнеше тонна химиялық қосындылар ұшырады екенбіз. Сөйте тұра жер бетіндегі тіршіліктің жалп етіп өшіп қалмай, одан әрі жалғасып жатқанына таң қаласың.»

       Қарап отырсақ, бұл болжамдар орындалып та жатқандай. Әлем бойынша болып жатқан табиғат апаттары да бұған дәлел десек қателеспейміз. Соңғы жылдары байқасақ, қатерлі ісік ауруы жаңарып өте көбейіп кеткені жанды ауыртады. Дүние есігін кеше ғана ашқан баладан бастап орта жастағы және қарт адамдарымыздың көбісі аты жана аурудан күнделікті көз жұмуда.
Бір сөзбен айтқанда, аталмыш кітапты оқу керек. Оқи отырып, санаға ой түю керек. Қадыр ақынның мұрасы мәңгі өлмесі анық! Ол өзі өлсе де, артында талай ұрпақты тәрбиелейтін еңбектері қалды.

                                      Марал САНДЫБАЙ