Рухани байлық сыйлаған күн
Кітапхана – ғасырлар бойы адам баласына рухани байлық сыйлап келе жатқан, ғылым мен білімнің терең сырынан сусындатар мәдени орын. Сонымен бірге парасаттылық пен білімділіктің, байлық пен біліктіліктің киелі ордасы. Осындай киелі ошақтың бірі — Алға ауданының орталық кітапханасы. Оның тарихы 1938жылы бастау алады. Сондан бері Алға ауданының халқы үшін қызмет етіп келеді. 9 кітапханашысы бар киелі мекемеге 20 жылдан астам уақыт Гүлнар Жәкенқызы Бақытжанова басшылық етеді. Бүгінде кітапхана 5000 астам оқырманға қызмет көрсетеді, кітап қоры 286931 дана. Мұнда кітапхана қызметін жетілдіру, қызмет көрсету аясын кеңейту, оқырмандардың ақпараттық сұраныстарына сәйкес қорды қалыптастыру мақсатында жұмыстар жүргізіліп келеді.
Мұқағали – мәңгілік ғұмыр
Ғасырлар тоғысында «Ғасыр ақыны» аталған ақиық ақын, артына айрықша өшпейтін із қалдырған Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына шолу жасау, сондапй-ақ ақындық талантын насихаттау мақсатында Бестамақ ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен «Әр өлеңі -бір әлем» атты әдеби кеші өтті. Іс шараға поэзия тынысын өзінше кеңейткен, қазақы формалар мен бояуларды сақтай отырып, «шекпен жауып қайтарып», жаңа леп, жаңа үн қосқан, сонымен соны соқпақ салған, өзінше өрнек ойған Мұқағалидың шығармаларын сүйсіне оқитын жас оқырмандар қатысты. Олар Мұқағали Мақатаевтың: «Ғашықпын», «Жоқ, дәрігер», «Отан», «Туған өлке», «Өз-өзіңді жақсы көр» атты өлеңдері жатқа айтылды.
Сонымен қатар, шараға арнайы фото рама жасалып, ақынның өз дауысымен оқылған өлеңдері тыңдалып, кітап көрмесіне шолу жасалды. Кеш барысында халықтың Мұқағали жырларына деген махаббаты, ерекше көңілі айрықша байқалып тұрды. Осындай әдемі кештер арқылы алты алаштың ардақтысына айналған ақиық ақын Мұқағали мұрасы ұрпақ жадында жаңғыра түсері анық.
Ақын-жазушылар ұлықталды
№1 Алға мектеп бақшасының 10 сынып оқушыларына «Оқитын өлке» облыстық акциясы аясында Сағи Жиенбаев пен Сара Мыңжасарованың «Лирик ақын Сағидың нұрлы жырлары», «Қазықтың тұңғыш романист қызы Сара Мыңжасарова» атты әдеби кейс ұйымдастырылды. Шара барысында мектеп оқушыларына ақын, жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы мәлімет берілді.
Сағи Жиенбаев — оқитын жұртқа көптен бері танымал, көп қатарына ұқсамайтын, өз қолтаңбасы бар лирик. Оның шынайы шабытынан ширығып шыққан өлеңдері жалпақ жұрттың жүрегіне жол тауып жатады. «Өмір бар ол өлеңдерде» демекші Сағи лирикасын қадыр тұтатын қауым оның ыстығы мен суығы, кермегі мен тәттісі қым-қуыт араласып, астасып жатқан кәдімгі дүнияуи өміріне көз жүгірткендей болады.
Сонымен қатар, Сағи Жиенбаевтің жары Уәзипа Жиенбаеваның сұхбат берген бейнеролигі және ақынның өзі сөз сөйлеген бейнеролигі, Сара Мыңжасарова туралы пікір білдірген ақын жаузышылардың да бейнеролигі көрсетілді. Содан соң оқушылар ақының шығармашылығынан өлеңдер оқып, ақын, жазушы туралы біраз мәліметтерімен бөлісті. Шара барысында «Сырлы ақын – Сағидың нұрлы жырлары» атты кітап көрмесі таныстырылды. Оқушылар кітап көрмесінде сұрақтарына жауап алып шарада білгендерімен бөлісті.
Мерейтойдың ізашар көрмесі
Қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаған алғашқы кәсіби суретші Әбілхан Қастеевтің туғанына 120 жыл толуына орай табиғат пейжазы, өнер туындылары, портреттерінен «Мирас болған мол мұра» атты көрме ұйымдастырылды. Суретшінің табиғи сыйы оның бала кезінен бастап көріне бастаған. Оның ұзақ күндерін жайылымда табиғатпен жалғыз өткізгеннен болар, ол әктастан әртүрлі мүсіндерді ойып, саздан қолөнер бұйымдарын жасаған. Осылайша қылқалам шебері «сурет салуды кімнен үйрендіңіз?» деп сұрағанда, «Ешкінің мүйізінен, апамның киізінен, бұлақтың сылдырынан үйрендім» деп жауап берген екен.
Оқушылардың қазақтың саңлық суретшісі, саналы ғұмырында 4000 жуық туынды жазған әйгілі қылқалам шебері Әбілхан Қастеев туралы білімдерін толықтырып, суретшінің қылқаламынан туған шығармаларын таныстыруды, сондай-ақ танымдық ой қабілеттерін арыттыруды мақсат еткен шара барысында оқушыларға ұлттық өнерге деген сүйіспеншілік арқылы эстетикалық тәрбие берілді.
Шара барысында суретшінің өмірі мен шығармалары таныстырылып, танымал туындылары туралы әңгіме айтылды. Содан соң оқушылар өздерінің қалаған тақырыптағы суреттерін салды.
P.S: Кітапхана – бұл қай елде болмасын, адамға көңіл тыныштығын, жүрек тыныштығын, жан тыныштығын сыйлайтын мәдени ошақ. Бұл жерде адам рухани байып, демалып қалады. Демалыс дегеніміз не? Демалыс дегеніміз – нағыз тыныштық емес пе? Ендеше үйде отырып, теледидардың алдында бос уақыт өткізуге әуестенудің орнына кітап оқып, көкжиегіңізді кеңейтіңіз. Ауданымыздың кітапханаларына барып, балаларға үлгі көрсетіп, сол арқылы өзімізге рухани демалыс сыйласақ мұнан артық қандай рузани байлық керек.
Мадина БОЛАТБЕК