Әділетті Ата Заң – қуатты мемлекет

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде Конституциялық реформаның мазмұнын ғылыми-құқықтық тұрғыдан зерделеу, институционалдық өзгерістердің мәнін түсіндіру және академиялық қауымдастық пен қоғам өкілдері арасында кәсіби пікір алмасу мақсатында сарапшылар отырысы өтті.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, Басқарма төрағасы – ректор, Конституциялық реформа жөніндегі Конституциялық комиссияның мүшесі Лаура Қарабасова, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Тәттігүл Талаева, Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Үмбетхан Сарсембин, сондай-ақ «Құқықтану» кафедрасының меңгерушісі, PhD, доцент Айнұр Нурутдинова жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары бойынша баяндама жасады.

Кездесу барысында жаңа Конституция жобасының құқықтық тетіктері мен қоғамдық-саяси маңызы кеңінен талқыланды. Сарапшылар жаңа Ата Заң жобасы әділеттілік, заң үстемдігі және әлеуметтік жауапкершілік құндылықтарын орнықтыруға бағытталғанын атап өтті.

Сондай-ақ, адами капиталды дамыту, зайырлы және сапалы білім беру жүйесін нығайту, ғылым мен инновацияны стратегиялық басымдық ретінде айқындау мәселелері ерекше аталды. Сарапшылардың пайымдауынша, білім мен ғылымға негізделген экономикалық модель қалыптастыру – конституциялық реформаның ұзақмерзімді әлеуметтік-экономикалық нәтижелерінің басты алғышарты.

Ашық диалог форматында өткен жиынға ғылыми қауымдастық және құқықтық сала өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен құрылымдық бөлім басшылары қатысты.

Университет алаңында өткен бұл кездесу академиялық орта мен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды күшейтіп, конституциялық реформаның мазмұнын терең ұғынуға мүмкіндік берді.