Әкеге қарап ұл өсер
Өрт сөндіруші болу – бұл нағыз ер азаматтың мамандығы. Өз өміріне қаншалықты қауіп төніп тұрса да, бойында ештеңеден тайсалмайтын қайсар мінезі бар адам ғана бұл қызметті мүлтіксіз орындайды. Сондай кейіпкеріміздің бірі — Қанатбаев Асылхан Дарханұлы.
Ол 1990 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. 1996 жылы Бестамақ орта мектебінің табалдырығын алғаш аттап, 2007 жылы тәмамдайды. 2008-2009 жылы Атырау қаласында Отан алдындағы борышын өтейді. Бала күнгі арманын жүзеге асыру үшін 2010 жылы Алға ауданындағы №6 өрт сөндіру бөліміне құтқарушы болып жұмысқа орналасады. Отбасында әкесі мен анасы, ағасы және інісі бар. Ағасы отбасылы, інісі студент. Асылхан болса жұбайы екеуі үш қыз тәрбиелеп отыр. Жұбайы Қанатбаева Анаргүл Қамбарқызы, Алға қаласындағы В.И.Пацаев атындағы №2 орта мектебінде педагог психолог қызметін атқарады. Әкесі өрт сөндіру бөлімінде 20 жыл бойы адал еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. Анасы Бестамақ орта мектебінде 40 жыл тәжірибесі бар математика пәнінің мұғалімі.
Қызмет ете жүріп бойындағы спортқа деген қабілетін шебер көрсетіп, көптеген марапаттарға ие болған Асылханның жетістіктерін айта кетсек:
- Ақтөбе облысы ТЖД бөлімшелері арасында ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған ашық облыстық Чемпионатының «Өрт сөндіру және құтқару» спорты бойынша жауынгерлік қанат жаюдан ІІІ орын (2011ж);
- Ерлігі мен жауапкершілігі үшін Алға ауданы әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды (2011ж);
- Ақтөбе облысы ТЖД «ӨС және АҚЖҚ» ММ бөлімшелері арасындағы волейболдан өткізілген жарыста І орын (2013ж);
- Ақтөбе облысы ТЖД «ӨС және АҚЖҚ» ММ бөлімшелері арасындағы волейболдан өткізілген жарыста «Үздік ойыншы» атағын иеленгені үшін;
- Ақтөбе облысының өрт сөндіру бөлімдері арасында құтқарушы күніне арналған «Өрт сөндіру және құтқару» спортынан ІІІ орын (2013ж);
- ҚР Тәуелсіздігіне арналған Алға ауданы әкімі жүлдесі үшін ауданның мекемелері арасында өткізілген спартакиадасында «Шағын футбол» жарысынан жүлделі ІІ орын (2014ж).
P.S: Сайып келгенде айтарымыз, өз ісін сүйетін, Отанына адал Асылхан секілді бүгінгі күннің нағыз батырлары кейінгі жас буынға үлгі бола алады. Міне, Асылхандай ер жүректі азаматтарды үлгі ретінде газет бетіне жазып отырмыз. Мақсат бір. Өскелең ұрпаққа үлгі болар жандарды жариялап, ұл-қыздарымыздың арасында салауатты ұғым қалыптастыру.
Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ