Осы күнге дейін адамзат әлі ағаштан артық ауаны тазартатын бірде-бір қондырғы ойлап таба қойған жоқ. Ағаш ауаны тазартумен қатар оны реттеп, шудың азаюына ерекше пайдасын тигізеді. Табиғаттағы тепе-теңдікті сақтап тұрған да ағаш. Ыстықты, аязды басып, ылғалдылықты сақтап, жаңбырдың уақытында және табиғи тәртіппен жаууын реттейтін де, топырақтың құнарлығын сақтайтын да, дауылдың екпінін азайтатын да ағаш. Қысқасы, бесік, табыт, яғни адам өмірге келгеннен кеткенге дейін игілікке жарайтын бағалы дүние. Сондықтан, ағаш отырғызу ұрпаққа мұра қалдырғанмен пара-пар.
Міне, биыл да ауданымыз бойынша ата салтты қолға алып, ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Демеушілік көрсетіп ауылдарға көшеттер отырғызып жатқан ауыл азаматтары, кәсіпкерлер мен мектеп түлектерінің бұл игі істері көз қуантты. Ауданымызға қарасты барлық ауылдық округтерде демеушілік тарапынан ағаштар отырғызылды.
Айта кетсек, Үшқұдық ауылдық округінде Жерұйық ауылының кәсіпкері Нұрбол Бидағұл 200 тал жеткізді. Бүгінде әр ауланың берекесін арттырған «Ауыл аманаты» жобасына қатысып кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкердің көрсеткен демеушілігіне ауыл тұрғындары дән риза.
Тамды ауылдық округінде де демеушілік тарапынан жасыл желек отырғызылған болатын. М.Салимовтың басшылығымен «АССАНА-ДорСтрой» ЖШС тарапынан 100 түп желек ауыл тұрғындарына берілді.
Ақтөбе-Астрахань автомобиль тас жолы құрылысы кезінде жойылған жасыл желек орнына «СинеМидасСтрой» ЖШС Бестамақ ауылы маңына 500 түп тал егу жұмыстарын бастады. Ізінен Бестамақ орта мектебінің биылғы түлектері жалпы республикалық ағаш отырғызу челленджіне қатысып, жерлес батыр Тама Есет Көкіұлы кесенесінің ауласына 20 дана жас шыбық отырғызды.
P.S: «Бір тал кессең-он тал ек» деген қазақ халқының даналық сөзін жас ұрпақ санасында сақтап, табиғатты аялау, таза ұстау, жер бетінің гүлденуі, көркеюі ендігі кезекте келер ұрпақтың үлесінде екенін ұмытпағайсыз.
Гүлім КЕНЕШОВА