Жыл қорытындысы – 2024
Алға ауданының табысты жетістіктері
26 желтоқсан 2024 жылы Алға аудандық мәдениет үйінде дәстүрлі «Жыл қорытындысы – 2024» атты салтанатты жиын өтті. Іс-шара аудан халқының, құрметті қонақтар мен жергілікті белсенділердің қатысуымен ерекше сән-салтанатпен ұйымдастырылды. Жаңа жыл қарсаңындағы бұл кеш – Алға өңірінің биылғы жетістіктерін саралап, үздік азаматтарды марапаттау, болашаққа деген сенім мен үмітті нығайту мақсатында өткізілді.
Кештің шымылдығы Сағынғанова Гүлназия орындаған «Алға вальсі» әнімен ашылды. Одан кейін жүргізушілер аудан халқын мерекемен құттықтап, Алға жерінің тарихи, мәдени және әлеуметтік даму жолын ерекше мақтанышпен атап өтті.
Алға – ұлылардың мекені, қасиетті тарихымен ерекшеленген, бүгінде дамуы қарқын алған аймақ. Биылғы жыл аудан үшін жемісті жылдардың бірі болды.
Құрметті азаматтарды марапаттау
Жиынның салтанатты бөлігінде Алға ауданының әкімі Асланбек Серікұлы Шүйіншәлиев сөз сөйлеп, жыл бойы ауданның дамуына үлес қосқан үздік қызметкерлерді марапаттады.
Облыс әкімі Асхат Берлешұлы Шахаровтың Алғыс хатымен марапатталған азаматтар:
- Алға ауданы әкімінің ұйымдастыру, құжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің басшысы Салтанат Рзағалиқызы Жылқайдарова;
- №2 Маржанбұлақ орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Айгүл Аскарқызы Тотаева.
Аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталған азаматтар:
- Жаттықтырушы Иван Александрович Лыпенко – спорт саласындағы үздік жетістіктері үшін;
- Өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Елтай Имантайұлы Биманов – төтенше жағдайлардағы кәсібилігі үшін;
- Анестезиолог-реаниматолог Темірбулат Сұлтанбекұлы Оралов – ауыр науқастарды ажалдан аман алып қалғаны үшін;
- Қала тазалығын қамтамасыз еткен белсенді жұмысшы Аманқос Айдарқанұлы Балдзаков;
- Қарақобда ауылдық округінде қылмыстың алдын алуда үздік нәтиже көрсеткен полиция капитаны Айбек Ғалымбекұлы Назибеков;
- «Алға-Жылу» мекемесінің су цехының тоқ газ дәнекерлеушісі Бердіхан Қубаниязұлы Ерғалиев.
«Ел іші – өнер кеніші» жобасының қорытындысы
2024 жылы аудан көлемінде өткізілген маңызды іс-шаралардың бірі – «Ел іші – өнер кеніші» атты ауыл күндері. Бұл жоба арқылы аудан тұрғындары ауыл шаруашылығы, мәдениет және кәсіпкерлік салаларындағы жетістіктерін паш етті. Ауыл күндері аясында көрмелер, концерттік бағдарламалар, қайырымдылық шаралары және ауыл өнімдерінің жәрмеңкелері ұйымдастырылды.
«Ел іші – өнер кеніші» жобасына белсенді қатысқаны үшін Бестамақ, Бесқоспа, Үшқұдық, Қарағаш, Қарақұдық, Қарақобда ауылдық округтері
«Алғыс хатпен» марапатталды. Бұл округтер өздерінің белсенділігімен және ұйымшылдығымен ерекшеленіп, аудан халқының ыстық ықыласына бөленді.
Байқау барысында үздік өнер көрсеткен және ауылшаруашылығы саласында жоғары нәтижеге қол жеткізген ауылдық округтер бағалы сыйлық сертификаттарымен марапатталды:
III орын:
Тоқмансай ауылдық округі
Сарыхобда ауылдық округі
II орын:
Тамды ауылдық округі
Қарабұлақ ауылдық округі
I орын:
Маржанбұлақ ауылдық округі
Бас жүлде:
Ақай ауылдық округі
Бұл жоба ауылдар арасында мәдениетті, бірлікті және кәсіпкерлікті дамытуға ықпал етті. «Ел іші – өнер кеніші» жобасының алдағы уақытта жалғасын табатыны және ауылдық округтердің жаңа табыстарға жетуіне мүмкіндік беретіні, сонымен қатар, 12 ауылдық округ қатысқан бұл байқау ауыл тұрғындарының бірлігін нығайтып, патриоттық рухын арттырғаны сөзсіз.
P.S: Салтанатты жиын аудан халқын ынтымақтастыққа шақырып, бір жыл бойы тынбай еңбек еткен азаматтарға құрмет көрсетумен есте қалды. Алға ауданының 2024 жылдағы жетістіктері өңірдің тұрақты даму мен өркендеу жолындағы табыстарын айқын көрсетті. Жаңа жыл аудан халқының жаңа бастамалары мен табысты істерінің жылы боларына сенім мол.
Гүлім КЕНЕШОВА