Ақтөбе облысының студент жастары жаңа Конституция жобасын талқылауға белсенді атсалысты
Жалпыұлттық коалиция мүшелері Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті алаңында жаңа Конституция жобасын талқылау және оның негізгі ережелерін түсіндіру мақсатында кездесу өткізді.
Университеттің жоғары курс студенттерімен және профессор-оқытушылар құрамымен Ерлан Қарин кездесті. Іс-шара барысында Мемлекеттік кеңесші Жаңа Конституция жобасын әзірлеу үдерісі, оның ел болашағы үшін маңызы туралы жан-жақты баяндады.
Өз сөзінде ол Қазақстанның тағылымды тарихы мен маңызды белестер арқылы қалыптасқан көпқырлы даму жолын атап өтті. Бүгінде мемлекет өзінің жаңа қалыптасу кезеңіне қадам басып отыр. Осы тұрғыда Жаңа Конституция – ел дамуының стратегиялық бағытын айқындайтын маңызды қадам. Жаңа Конституцияны қабылдау арқылы мемлекеттің заманауи моделі қалыптасып, ел болашағының іргетасы қаланатыны атап өтілді.
Конституция жобасында адам капиталын дамыту, білім, ғылым және инновация саласындағы стратегиялық басымдықтарды бекітуге ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ волонтерлер қозғалысы жастардың белсенді азаматтық қатысуының маңызды формасы ретіндегі рөлі ерекше атап өтілді. Жоғары курс студенттері кәсіби құзыреттілік пен көшбасшылық әлеуетке ие бола отырып, әділеттілік, ынтымақтастық және қоғамға қызмет ету құндылықтарын ілгерілете алатыны айтылды.
Ашық диалог барысында кездесуге қатысушылар конституциялық нормалардың іс жүзінде жүзеге асырылуына қатысты өз сұрақтарын қойды. Сонымен қатар олар жаңа Конституция жобасына қолдау білдіріп, оның әділеттілік қағидаттарын нығайтуға, білім мен ғылымды дамытуға және жастардың кәсіби тұрғыда өзін-өзі жүзеге асыруына жағдай жасауға бағытталған стратегиялық маңызын атап өтті.