Ақтөбе облысының жұртшылығы Жаңа Конституция жобасын қолдады
«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері өңірлерге сапарын жалғастыруда.
Бүгін Ақтөбе облысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және Жалпыұлттық коалицияның өзге де мүшелері өңір жұртшылығымен кездесті.
Іс-шара Ақтөбе қаласындағы «Өнер орталығында» ұйымдастырылды. Кездесуге шамамен 1000-ға жуық адам қатысты. Олардың қатарында өңірдегі танымал қоғам қайраткерлері, еңбек ардагерлері, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңестердің, этномәдени бірлестіктердің, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, бизнес салаларының өкілдері, жастар қауымы және өзге де азаматтар бар.
Онда Жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері және аталған құжаттың мемлекеттің алдағы даму бағытына ықпалы талқыланды.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Жаңа Конституция жобасын әзірлеу барысы туралы жан-жақты баяндап, оның ел болашағы үшін маңызына тоқталды.
«Жаңа Конституция жобасында адам капиталын, білім беру ісін, ғылым мен инновацияларды дамыту мәселесі негізгі стратегиялық басымдықтар ретінде айқындалды. Осылайша, Жаңа Конституция мемлекет дамуына тың серпін береді. Жаңа Конституцияның мәні мен маңызы – оның еліміздегі барша азаматтың, барлық әлеуметтік және кәсіби топ өкілдерінің мүддесі мен сұранысын қамтуында», – деді Ерлан Қарин.
Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дания Еспаева Жаңа Конституциядағы меншік құқығы мен ұлттық экономика мүдделерін қорғау ісіне қатысты нормаларға назар аударды.
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Ата Заң жобасында азаматтардың құқығы мен бостандығы кепілін күшейту және тәуелсіз адвокатураның рөлін арттыру мәселелеріне ерекше мән берілгенін атап өтті.
Ақтөбе облысының тумасы, Еңбек Ері Аманғос Төлеуов Жаңа Конституция мазмұнының әлеуметтік бағыты мен адамға негізделген бағдарын ерекше атап өтті.
Театр және кино актері Асылхан Төлепов жаңа конституциялық нормалардың мәдениетті, шығармашылық еркіндікті және креативті индустрияны дамытуға қатысты маңызына мән берді.
Барша қатысушы Жаңа Конституция қабылдау қадамы мемлекет пен қоғам арасындағы кері байланыс тетіктерін күшейтіп, еліміздің одан әрі прогрессивті дамуына серпін беретінін ерекше атап өтті.
Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар Жаңа Конституция жобасы қоғамның әділдік пен институционалдық тұрақтылыққа деген сұранысына толық жауап беретінін, сондай-ақ мемлекетті одан әрі жаңғыртуға қажет берік құқықтық негіз қалыптастыратынын жеткізді.