Ақтөбенің креативті жастары Жаңа Конституцияны қолдады
«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясының мүшелері «AKTOBE IT HUB» алаңында жастардың, цифрлық және креативті қауымдастықтың өкілдерімен кездесу өткізді.

Кездесуге танымал актер Асылхан Төлепов, кәсіпкер әрі продюсер Алмас Жали, Uni-Q Group медиахолдингінің бас директоры Тауан Мұхамедқали, «Ұлттық рух» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Аят Сүгірбай, сондай-ақ IT мамандары, стартап негізін қалаушылар, инновация саласындағы кәсіпкерлер, мәдени орта, креативті индустрия және Ақтөбе облысындағы жастар өкілдері қатысты.
Өңірдің креативті жастары цифрлық сала мәселелеріне ерекше тоқталды. Қатысушылар жаңа Конституция жобасында азаматтардың онлайн кеңістіктегі құқықтарын қорғау, оның ішінде жеке өмірге қол сұқпаушылықты, дербес деректер мен цифрлық коммуникациялардың қорғалуын бекіту қарастырылғанын атап өтті. Сонымен қатар ақпаратты алу және тарату еркіндігінің кепілдіктері мен зияткерлік меншікті қорғау мәселелері талқыланды. Қатысушылардың пікірінше, бұл нормалар цифрлық дәуірдің талаптарын ескеріп, технологиялық кәсіпкерлік пен инновациялық жобаларды дамытуға құқықтық негіз қалайды.
Кездесуде мәдениет пен жастар саясаты мәселелеріне де айрықша назар аударылды. Қатысушылар зияткерлік меншікті Негізгі заң деңгейінде қорғау авторлар, продюсерлер, бағдарламалық жасақтаманы әзірлеуші және шығармашылық мамандық иелері үшін құқықтық кепілдіктерді күшейтетінін атап өтті. Мұндай нормалар жастардың өз қабілет-қарымын жүзеге асыруына, азаматтық бастамаларды қолдауға және заманауи мәдени жобаларды дамытуға қосымша мүмкіндіктер беретіндігі айтылды.
Кездесу соңында IT қауымдастығы, мәдениет, креативті индустрия және жастар өкілдері алдағы референдумға қатысуға және Конституция жобасын қолдауға дайын екендерін білдіріп, оның өзектілігі мен заманауи сын-қатерлерге сай келетінін атап өтті.