Қазақтың қара өлеңін өміріне серік етіп жүрекпен жазу бағы кез-келгеннің басына бұйырмайды. Бұл туа біткен талант, өнер деп білеміз. Бүгінгі мақаламызға арқау болғалы отырған кейіпкеріміз жергілікті жас ақын, ұстаз Жұбаналин Рахметулла Атажанұлы.
Рахметулла Атажанұлы 1996 жылы 30 қазанда Байғанин ауданы, Жаңатаң ауылында дүниеге келген. Туған ауылында орта мектепті тәмамдап, жоғары оқу орнына түседі. Өлең жазуға деген қызығушылығы үшінші сыныптан басталады. Ең алғашқы ана туралы өлеңі мектепішілік газетте жарияланады. Мектеп қабырғасында жүрген кезінде көптеген байқауларға, жыр мүшайраларына қатысып жүлделі орындарды да иеленген. Кейіпкеріміздің айтуы бойынша ақындық дарын, қабілет оның халық арасында суырып салма ақындығы бар Үржар есімді әжесінен берілген. Ес білгелі өлең жазуға құмартып, студенттік шағынан бастап айтыс өнеріне де бет бұрады. Бірге оқыған айтыскер ақындармен айтысқа шығып, Алға ауданының намысын да қорғаған.
2014 жылдан бері Алға қаласында тұрады, қазіргі кезде Алға мектеп гимназиясында ұстаз, отбасылы екі баласы бар. Рахметулла көпбалалы отбасында өскен. 9 баланың кенжесі, алдында 4 ағасы мен 4 апасы бар. Әкесі Атажан 2013 жылы өмірден озып, бүгінде анасы татулығы жарасқан үлкен отбасында балаларының жанында аман-есен ғұмыр кешуде.
Жуырда жас ұстаз «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» республикалық байқауының аудандық кезеңінен 1 орын алып, облыстық кезеңнен 3 орынды иеленіп, республикалық кезеңнен мақтау қағазымен марапатталды. Бұл байқаудың шарты бойынша ұстаздар өздерінің шығармашылық жұмысында инновациялық педагигокалық тың идея, жоба ұсыну керек болатын.
2019 жылдан бері «Жас ақын» үйірмесін ашып, мектептегі ақындық өнерге бейім оқушыларды дайындауда. Аталмыш байқауда кейіпкеріміз осы үйірмесіндегі атқарып жатқан жұмысын жан-жақты көрсетіп, жоба ретінде ұсынады. Нақтырақ айтсақ, бұл жобада ұстаздың балаларды өлең жазуға үйретудің әдістері, шәкірттерінің жеткен жетістік
тері көрсетіледі. Жоба әділқазылар тарапынан жоғары бағаланады. Байқаудың республикалық кезеңіне еліміздің түкпір-түкпірінен барлығы 18 қатысушы қатысып, ең үздік деген 10 қатысушы мақтау қағазына ие болған. Сол үздік ондыққа жас ақын, әрі ұстаз Рахметулла да еніп, жүлдемен оралды.
«Бұл байқауға қатысудағы мақсатым – «Жас ақын» үйірмесінің жұмысын көрсету, дамыту және педагог ретінде тәжірибе алмасу, жаңашылдыққа ұмтылу» — деп кейіпкеріміз өз ойымен бөлісті. Сонымен қатар ол жобаны қорғау кезінде үйірмеде қолданып жүрген әдіс-тәсілдерді сабақ кезінде де қолданатындығы туралы айтқан. Үйірмеге келген оқушыларға ұстаз оңай деген ұйқастар беріп, өлең шығаруға деген қабілетін анықтайды. Дәл осындай әдістің көмегімен көптеген балалар іріктеліп, қабылданды. Олар түрлі жарыстарға қатысып, өздерінің бойындағы өлең шығару өнерлерін шыңдап жүр. Рахметулланың Рах Диас, Дәулет Гүлнұр, Жантөре Арман есімді ақын шәкірттерін ерекше атауға болады. Шәкірттерінің бойындағы дарындылықты көре білген жас ұстаздың әлі алда алар асулары көп болатыны анық. Өйткені өмірін өлеңмен өрнектеген жас ақын өзінің бойындағы бар жиған білімін, өнерін өзінен кейінгі жас толқынға үйретуден жалықпай келеді. Мамандығына деген адалдығы, қызығушылығы көптеген жеңістер мен жетістіктерге жетеледі. Айта кететін болсақ, 2021 жылы облыстық ақындар айтысынан «Арнайы жүлде», 2022 жылы облыстық ұстаз ақындар мүшайрасында «Бас жүлдені» иеленгені соның дәлелі. Қазақы тәрбиені бойына сіңіріп өскен, рухы биік кейіпкерімізге бағындырар биіктері көп болсын демекпіз!
Марал Жалғасқызы